Қызыл сызық
Осыдан тура елу жыл бұрын қазақ халқыныңтарихында елеулі із қалдырған бір ұлы оқиғаболды. 1962 жылы сәуір айында ҚытайдыңШыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағынанқопарыла қозғалған қазақ көші екіимперияның шекарасын қақырата бұзып, 10сәуірден 1 мамырға дейінгі 20 күннің ішінде 200 мыңдай қандасымыз Қазақстанға қауырт өтті. Осы көштің бұйдасынұстаған серкелердің бірі емес, бірегейіқазіргі халық жазушысы, Мемлекеттіксыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовболатын. Сол көш қарсаңында «Аралапкөрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар.Бақыт пен сордың арасын Бөледі қызылсызықтар» деп жырлаған жалынды жас жігіткейін үлкен суреткерге айналып, «Соңғы көш» дилогиясы мен «Тағдыр»романында осынау көш тарихын, бақ пен сордың сызығындайорыс-қытай шекарасы тартылғанда бір халықтың қалай екіге бөлініпқалуының жайын көркем шежіремен кестелегені белгілі. Олай болса,жарты ғасыр бұрынғы ұлы көш туралы Қабекеңнен артық кім айтпақ.
Осыдан тура елу жыл бұрын қазақ халқыныңтарихында елеулі із қалдырған бір ұлы оқиғаболды. 1962 жылы сәуір айында ҚытайдыңШыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағынанқопарыла қозғалған қазақ көші екіимперияның шекарасын қақырата бұзып, 10сәуірден 1 мамырға дейінгі 20 күннің ішінде 200 мыңдай қандасымыз Қазақстанға қауырт өтті. Осы көштің бұйдасынұстаған серкелердің бірі емес, бірегейіқазіргі халық жазушысы, Мемлекеттіксыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовболатын. Сол көш қарсаңында «Аралапкөрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар.Бақыт пен сордың арасын Бөледі қызылсызықтар» деп жырлаған жалынды жас жігіткейін үлкен суреткерге айналып, «Соңғы көш» дилогиясы мен «Тағдыр»романында осынау көш тарихын, бақ пен сордың сызығындайорыс-қытай шекарасы тартылғанда бір халықтың қалай екіге бөлініпқалуының жайын көркем шежіремен кестелегені белгілі. Олай болса,жарты ғасыр бұрынғы ұлы көш туралы Қабекеңнен артық кім айтпақ.
– Құрметті Қабдеш аға, шекараның ашылуы, арғы беттегі қазақтыңандыздап атамекенге ағылуы сол кездегі қырғи қабақ, тоңтерісмемлекеттер арасына тартылған темір перде жағдайында күтпегентосын оқиға, сіреу саналарға құйылған сәулелі шұғыла болған сияқты-ау?
– Ол кездегі екі елдің келісімі бойынша шекараны қытай жағы күзетпейтін, совет шекарашылары ғана күзететін. Тарбағатай мен Барлық тауы арасындағы 150 шақырым жерде 5 үлкен застава бар. Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Шағантоғай дейді, сол бесеуінің тұсынан бес жерден бір-бір километр жерді ашып, сымдарын жинап тастады. Содан күндіз-түні 20 күн бойы атты кісі, арбалы көш, жаяу, түйелі көш заулап өтті ғой. Келушілерді Кеңес Одағы бес жерде қабылдады.
Иә, бұның бәрі шынында да жайдан-жай емес-тін. Екі мемлекет арасындағы бұл тосын оқиға біздің талап-тілегіміздің, көшті күні бұрын дайындағанымыздың нәтижесі болатын. Сол көштің нәтижесінде осы шығыс тараптағы төрт облысқа келіп 200 мың қазақ жайласты. Бұл бір сол кездегі қазақтың арқауы сетіней бастаған ділін, тілін қайта бекемдеуде, сұйыла бастаған қанын қоюлатуда ерекше рөл атқарған көш болды.
– Ал енді осы шекара сыртындағы қазақтар қалай пайда болды деген мәселеге тоқталып, тарихқа сәл-пәл шегініс жасасақ қайтеді?
– Оның рас. Біреулер түсінеді, біреулер түсінбейді. Біреулер Шыңжаңдағы қандастарды мына 30-шы жылдар зобалаңында колхоздан қашып барған қазақтар шығар деп ойлайды. Бергі көшті ғана біледі. Бірақ оның шынайы тарихы арыда жатыр. Қазақ көші Шыңжаңға Абылай заманында барған. Сол жерде найман хандығы болған, керей хандығы болған Алтайда. Шыңғыс хан тұсынан бері ол қазақ жайлаған жер болатын. Еренқабырға, Іленің бойы. Үйсін хандығы болды сол жерде. Қазақтың байырғы атамекені. Кейін дүние алай-бұлай төңкерілген кезде қазақ батысқа қарай ысырылып, ана Шыңжаң жерінде, Тарбағатай өлкесінде жоңғар хандығы құрылды. 1640 жылдары. Қазақпен дүркін-дүркін соғысып отырды. Бізге ең үлкен зиян келтіргені 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды…». Бірақ «Мың асқанға бір тосқан» дейді, сол жоңғарға да зауал келді. ХVІІІ ғасырдың 30-40-шы жылдары, одан 50-ші жылдарға келген уақытта Абылай басшылық еткен үлкен соғыс басталды. Қазақ батырларын маңайына топтап, Абылайдың тарих сахнасына шыққан кезі. Жоңғарларды жеңіп, 1754 жылы қазақ жерін азат етті. Абылай ұстанған екінші үлкен саясат, ол қанша жауласқанмен, жоңғардың жойылып кетуін тілеген жоқ. Өйткені, ар жағындағы қағанатқа қарсы үлкен бір қалқан боп тұрса деп ойлады. Бірақ жоңғардың жойылуына тағдырдың, тарихтың үкімі шығып қойған. Маңшынның қалың әскері келіп берекесі кеткен, тоз-тозы шыққан жоңғарды қырып салды. Бір жыл бойы қансоқпа қырғын болған. Өліктер шашылып жатты бүкіл жоңғар даласында деген тарихшылардың сөзі бар. Сол жер босап қалды.
– Сонда қалың қазақ Шыңжаңға қашан барды?
– Иә, Шыңжаң иен қалды. Абылай алғашқы елшілер арқылы бірден мәселе қояды. Жоңғардан босаған жерлер үшін біз де соғысқанбыз. Жоңғар ортақ жауымыз болды. Бірақ Тарбағатай, Алтай деген жерлер қазақтың ежелгі атамекені еді. Енді сіздің арқаңызда жоңғар жойылды, соның орнына, атамекеніне біздің халқымыз барғысы келеді. Мал көбейді, өріс керек дейді. Басында жолатпайды. Сөйтіп 4-5 жыл ары тарт, бері тартпен, талас-тартыспен өтеді, бірден қоныстандырмайды. Алайда, кейін келісуге, жер беруге мәжбүр болады. Оның мынадай себебі бар. Бұл да Абылайдың саясаты. Қытаймен жақындасып жүргені, «Сіздерге де қараймыз, бағынышты боламыз» деген сөзді айтқандағысы Абылайдың Шыңжаңдағы жерді алуды көксегені. Ақыры осы сөз императордың буынына түсіп кетеді ғой. 1767 жылы Сяньлун императордың Абылайға жазған хатынан мынадай үзінді келтірейін: «Оның үстіне бірнеше жылдан бері сіздер бергі бетке көшіп кеп, мал бағасыздар. Генерал амбандарымыз сол малдардың иелеріне қарсы жорық жасау туралы өтініш айтуда. Сіздерге рақымым түсіп, кеңшілік жасадым. Тіпті қарауылдардың ішкі бетіндегі жайылымдарды сіздердің малшыларыңызға өріс ретінде пайдалануға рұқсат етуге жарлық бердім, сіздерді мойынсұнған бағынышты елім ғой деп арқалары кең болсын дедім» деп жазады. Абылай саясаты осы хаттан да көрініп тұр.
– Мына хаттың өзі ол жерлерді қазақтың емін-еркін жайлауына жол ашып тұр емес пе?
– Іс жүзінде солай болған. Басында Тарбағатай, Барлық, Жоңғар Алатауынан асып көшіп, одан саулап ары қарай өтіп кетеді. Қытайларға да пайда керек. Салық төлейсің дейді. Оны жылқы түрінде алады. «Сары ноқта» дейтін салық болған алғаш көшіп барғанда. Үкімет әскерлері келіп жылқыны сары ноқтамен әкетеді. Қазақ соны «сары ноқта» салығы деп атап кетеді.
Біздің аталарымыз сол ХVІІІ ғасырдың 60-шы жылдарында барған. Менің өз атам, жеті атамның сүйегі сол Шәуешек маңында, Шыңжаңда жатыр. Найман ішінде Төртуыл. Тоғыз таңбалы найман дейді, соның бір таңбасын алған үлкен тайпа ғой. Біздің ұранымыз – Баймұрат батыр, Қабанбайдың үзеңгі жолдасы, мыңды басқарған батыр. Сол Баймұраттың зираты Шәуешектің ар жағында 50 шақырым Күзібай деген жерде жатыр. О жаққа ХVІІІ ғасырдың 60-70-ші жылдары ер Жәнібек бастап барған керейлер де өздерінің ата қонысы Алтайға орнықты. Демек, керей мен найман бұрынғы ата қонысына түгел көшіп барып алған ғой. «Дарабоз» деген романымда Абылай мен Қабанбайдың әрбір руға қалай қоныс бөлгені, жер бөлгені көрсетіледі. Жоңғарға қарсы соғыс кезінде қай ру қанша қайрат қылды, қандай батыры шейіт болды, бәрі ескерілген.
Сонан кейін 1916 жылғы толқуда, жазалаушы әскерден қашқан мыңдаған отбасы тағы барды. Одан соң қауырт бір барғаны – отыз екінің ашаршылығы мен кәмпескеге қарсы көтеріліс кезі. Ауа көшіп, босып барып Шыңжаңнан пана тапты. Ол жақта ағайын бар екенін, ел бар екенін біліп, соны ес көріп барып отыр. Шынында да қазақ бір-біріне пана болды. Бұл жерден арып-ашып барған адамдарды о жақта бай тұратын ел көтеріп кетті. Қыз алысып, қыз берісіп сіңіп кетті.
– ХІХ ғасырдың соңына қарай орыс-қытай мемлекеттері өзара келісімге келіп, шекара белгілеген жағдайына тоқталып өтсеңіз қайтеді?
– Бұрындары орыс-қытай арасындағы шекара анық болған жоқ, қазақтар екі жақта еркін көсіліп жүре берді. Екі елде тұрып жатырмыз-ау деген ұғым жоқ онда. Ар жақта Барлық тауына жайлауға шығады да, бері келіп Алакөл бойын қыстайды. Тарбағатайдың теріскейіне қыстайды, күнгейін жайлайды.
Шекара мәселесі жөнінде 1860 және 1881 жылдары Петербор келісімі және Бейжің келісімі деген келісімдер болған. Ақыры бір тоқтамға келіп, іс жүзінде шекара бөлісуге кіріседі. Бұл 1884 жылғы Шәуешек протоколы деп аталады. Сонда екі жақтың географтары, топографтары, орыс пен қытайдың жер жыртығын жамаған өңкей мамандары келіп, ту Алтайдан бастап Шыңжаңның тұсында 400 километр жерге созылатын Тарбағатайдың жалын қақ жарып, содан мынау Шәуешектің бергі тұсына келген уақытта Алакөлдің шығыс жағынан тік тартып, Барлықтың бергі батыс тұмсығын кесіп өтіп, Жоңғар қақпасы арқылы Алатау жотасын қақ айыра аңырап өтіп кетеді. Бұл бөліс 1884 жылы басталып, 1892 жылға дейін созылады. Көп қиыншылықпен, өте тауқыметті жағдайда өтеді. Сол ел айырылған кезде шыққан көп халық өлеңдері бар. Қай жағына қарайсың, өзің біл деп бір ай срок беріпті. Бұл, енді, кеңшіліктің түрі. Ол оңай ма екен бірақ. Біреудің бауыры о жақта, біреудің құдасы бұ жақта, біреудің жайлауы о жақта, біреудің қыстауы бұ жақта. Өзінен гөрі малын көбірек күйттейтін қазақ қайда барып күн көреді. Сонымен әрең-пәрең дегенде 1892 жылдың жазында шекара белгіленіп болады, сол атыраптағы қазақ қақ бөлінеді. Өте қиын болған соң орыстар мына Барлық тауын он жылға жалға алыпты қытайдан. Кейін көшіп-қонып жүрген халықтың бәрі сол жақта қалып қойды.
– Шекара бөлу кезінде қазақтар тарапынан қарсылық білдіру нышандары да болған ғой?
– Былай атқа мініп бой көрсету, сойыл, шоқпар сілтеу болды. Бірақ кесек қимыл болмаған. Өйткені қазаққа қазақтың өзін салды. Шәуешектегі орыс консулы Николай Балкашиннің Әріп Тәңірбергенов деген атақты тілмашы болды. Әрі көмекшісі. Бұл кәдімгі Әріп ақын ғой. Сондайларды салып жүріп бунт көтерген қазақтарды райынан қайтарғаны менің «Тағдыр» романымда айтылады. Шекара Сарышоқының үстінен Диқанбай дегеннің ауылын қақ жарып өтеді. Диқанбай ана жерді тастап кеткісі келмейді. Сол кісінің «Мемлекетсіз қалдық демейік, айналайын, біздің ауылды айналып өтсеңдер қайтеді. Өкпелемей-ақ қояйын. Керегі жоқ, осы ауылға тиіспеңдерші» дейтіні бар. Сонымен, 1884 жылы бөлініп осылай қала берген дүние ғой. Халықтың тұтастығына не жетсін. Бір халық екіге жарылып, дамудың екі түрлі жолына түсті. Қытайдың өз саясаты, өзінің мемлекеттік жолы бар. Шыңжаң қазағы соған бағынды. Мына жақта Қазақстан Ресейдің еркіне қарады.
– Қабеке, енді 62-ші жылғы көшке қозғау салған жайттарды бір баяндап өтсеңіз?
– Көш қайдан пайда болды дейміз ғой. Ол енді менің тағдырым мен өмірбаяныма тікелей байланысты. Мен 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірдім. Сол жылы құдай маған бір бақ жұлдызын жандырды. Шыңжаңнан елу бала Ташкент пен Алматы қалаларына оқуға барады екен. Сол елудің ішіне іліндім. Біз екі бала, Мырзахан Құрманбаев деген жігіт екеуміз КазГУ-ге келіп түстік, филология факультетіне. Алматыны көрсек, құдай-ау, «Абай жолы» романын оқып алған кезіміз, Әуезовті көрсек деген арманымыз орындалып, керемет бақытты жылдар болды ол. Әуезовтен сабақ алдық. Сол кездегі профессорлар қандай, құдай-ау. Кеңесбаев, Балақаев, Маманов, Кенжебаев. Түгел алғашқы оқулық жазған ғұламалардан тікелей тәлім алдық. 57-ші жылы Мәскеуде жастар мен студенттердің дүниежүзілік 6-шы фестивалі болды. Оған осы жерде оқитын қытай студенттерінің атынан қатыстым. 3-ші курсты бастап оқимыз деп жатқан кезде қытай мен советтің арасы бұзылды. Содан мынадай хабар келді: «Сендер шілде айының басында елге қайтасыңдар. Бір айлық курс бар. Елдің жағдайымен танысасыңдар, сонан соң үйлеріңе барып, күзде сабаққа келесіңдер» деді. Қуанып кеттік. Мәскеуден келген елшілік адамы Алматының аэропортынан бізді отырғызып, Үрімжіге жолға салды. Сөйтсек, лапылдап жанған оттың үстінен барып бір-ақ түсіппіз. Бір айлық курс дегені де, басқасы да бекер. Зиялы қауымның біразының аяғына тұсау, басына ноқта түсіп қалған екен. Алды айдалып, түрмеленіп жатыр, арты күресте.
– Күрес дегеніңізді қалай түсінеміз?
– Күрес жиналысы сенің үстіңнен шуылдап бүкіл ел шағым айтып, сені жауапқа тарту ғой. Яғни, таланттарды тобырға талату. Бұрыннан көзге көрініп, іс басында жүрген адамдар түгел соған іліккен. Жағда Бабалықтан бастап, жазушылардан Қажығұмар Шабданұлы оңшыл, ұлтшыл деген қалпақ киіп, айдар тағылып, айдалудың алдында жүрген кез екен. Соған бізді де қосып әкетті. Біздің өлеңдеріміз бар, біраз мақалалар жазғанбыз. Әліпби туралы полемика болғанда сол жақтың газетіне мақала жазғанмын. «Шыңжаң қазағы қай жазуды қабылдау керек?» дегенде «Қазақстан жазуын қабылдау керек, бір ұлт бір жазумен болу керек» деп айтқанмын. Сөйтсем, соның бәрі қызыл сиямен сызылып алдымда тұр. Ұзын сөздің қысқасы, бір-екі ай тергеп, елу баланың ішінен онын ұстап алып қалды. 7-8 ұйғыр, сосын Мырзахан Құрманбаев екеуміз. Біз оқудан қалдық, үлкен жаза сол болды. Шахтада көмір қаздық. Ауыр еңбекке салды. Еңбекпен түзеу, еңбекпен тәрбиелеу деген бар, қытайша лаугай, лаужау дейді. Екі жылдан кейін кішкене жеңілдік жасап, жазу құқы жоқ, бірақ мамандығы бойынша пайдалануға болады деген пәрмен алдым. «Шыңжаң» газетінде істедім, мақала өңдеймін, өзім жазбаймын. Біраз жеңілдік алған соң есіл-дертім Шәуешекке жету болды. Оған құмартып тұрғаным, шекараға жақын. Шәуешектен 20-ақ шақырым шекара. Бар ойым – Алматыға жету, үзіліп қалған оқуымды жалғастыру. 1961 жылдың көктемінде «Мына үлкен газетте істеуге менің шартым толмайды, төменге түсіп өзгеруім керек, мені Шәуешекке ауыстырыңдар» деп арыз жаздым. Содан олар төменге түссін деген қағаз жазып берді. Сөйтіп көкек айының аяғында мен Шәуешекке тартып кеттім.
– Сол кезде Шыңжаңдағы жалпы ел жағдайы қалай еді?
– Үрімжіде кісі қызығатын ешнәрсе қалмаған, ашаршылық басталған. Екі жыл бұрын болат қорыту, шойын қорыту науқандарына елдің бәрін шығарып жіберіп, астық орылмай, егін жиналмай, содан бүкіл Қытай бойынша ашаршылық. Ішкерідегі аштар енді осылай қарай ағылып, тоқшылықта отыратын Шыңжаңның өзінде жағдай қиындап кеткен.
Шәуешектегі халық та ашаршылыққа ілініпті. Былтыр ғана коммуна құрылған. Жұртты ортақ қазанға иіріп қойған, сол жерде тақ-тұқ бірдеме тисе тиеді, тимесе қояды. Мына ошақсыз қалу, түтінсіз қалу психологиялық жағынан да, тұрмыстық жағынан да өте ауыр тиді халыққа. Содан, келсем, ел дағдарып отыр екен. Менің келуім олар үшін үлкен оқиға болды. Әсіресе, жастар жағына. Арт жақтан «идея қалта» дейтін делом келмей 3-4 ай бос жүрдім. Сол кезде маңайыма үйірілген халыққа қарай отырып маған мынадай ой келді. Жалғыз кетсем ғой, кез келген уақытта өте шығуыма болады. Шекарашыларға документімді көрсетсем болды, кетем ары қарай. Оған көзім жетіп тұр. Бірақ бұл жақта халық мені қаумалап алды. Алматыдан оқып келген, бұл жақты біліп тұрған кісімін. Мәскеуді көрген кісімін. Мен не айтсам соған ұйып тұр. Бүкіл басы қатып жүрген, ата жұртқа қалай өтеміз деп ұшарға қанаты болмай жүрген адамдар менің маңайыма үйіріліп алды. Шәуешекте қала бағы бар. Соған барамыз. Той-томалақ, анау-мынау жиын болса, онда да менің маңайымнан адам үзілмейді.
– Сөйтіп, тарихи Отанға қоныс аудару жөнінде үгіт-насихатқа кіріскен екенсіз ғой?
– Иә, мен осы қолайлы сәтті пайдаланып, ашық айта бастадым мәселені. Бұл жақ туралы сұрақ қояды. Ой-пой. Мен тіпті әсірелемей, асырмай Совет Одағының жетістігін жай айтып бергеннің өзінде ауыздарының суы құриды. Сонан соң о жақта тоқшылық екен, әсіресе, былтыр ғана миллиард пұт астық алған, нан деген үйіліп жатады десем, аштық жайлап отырған ел енді «Қазақстанға, Ата жұртқа жету керек» деген сөздің шетін шығарды. Осылайша халықтың өзі итермелеп, менің шекарадан жалғыз өзім өтем деген жеке басымның мақсаты енді ұлттық ортақ мүддеге айналды. Өмірдің өзі осыған әкеп салды. Өйткені, басқа амал жоқ. Осыдан бір жыл бұрын Алтайда көтеріліс болған коммунаға қарсы. Алтайдың елі жауынгер ел. Ондай қайрат біздің Шәуешектен шықпайды. Ендеше, ашаршылықтан, езгіден құтылудың бір-ақ жолы бар, ата жұртқа көшу. Баршамыз осы түйінге тоқтадық.
– Атажұртқа қоныс аударатын көшті қабыл алуға Кеңес Одағының үкіметін, ресми орындарын дайындау орайында да жұмыс жүргізілген болар?
– Биыл кеш қалдық, келесі көктемді құдай қолға бере ме, жоқ па деп жұрт алақанын ысқылап отырды. Бірақ, келіспей, құрдан-құр, ай-шай жоқ атойлап жетіп баруға болмайды. Халықты шұбыртып барғанда сені қарсы алса жақсы. Қарсы алмаса не болады? Содан мен күзден бастап Кремльге хат жаза бастадым. Жүздеген адамның қолын қойдырып, жеке-жеке, ондаған хат жібердік. Адрес белгілі: «Москва, Кремль. КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Никита Сергеевич Хрущев жолдасқа» дейміз. Немесе «Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа» дейміз. Кейде ол хаттардың көшірмесін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жолдап отырдық. Кереметі, хаттарыңды алдық деген таңба басылған түбіртегі қайтып отырды. Содан кейін тағы бір байланыстар болды. Құлжадан Кеңес Одағының вице-консулы келді. Совет азаматтары қоғамы дейтін қоғам бар. Сол жерде елді қабылдады. Тілмәштің керегі жоқ, орысша тілім жеткенше айттым, документтерімді көрсеттім. Менің жағдайымды өзі де біліп отыр екен. «Саған жол ашық қой, мына бетте сені ешкім ұстамайды, – деп күлді, – Кез келген уақытта кете беруіңе болады». «Ал халық ше?..» дедім. «Халық көшеміз дейді. Арыз жазып жатырмыз. Халық не болады? Бізге баспана бере ме?.. «Беріп қалар, өтініш-тілектеріңді жоғарыға жеткізем» деді. Кешеден бері талай шалдар кірген. Бұл жақтағы ахуалға ашынған адамдар атажұртқа қайтуға бекінгендерін айтты. «Солай айт» деп құлақтарына құйғанбыз. Консул: «Көш мәселесін халықтың өзі шешеді ғой түбінде. Совет Одағы барған кісіге, еңбекші халықтарға пана ғой қашанда. Бетін қайтармайтын шығар» деп тұжырды. «Ендеше, біз іске кірісіп жатырмыз. Осындай хат жазып, жұртты ұйытып, үгіт-насихат айттық. Халық дайын қазір» деп едім, «Іске сәт!» деп қолымды алды. Көштің жайы осылай айқындалды.
– Бұдан соң өзіңіздің соңыңызға шырақ алып түскен шығар?
– Қалалық орталау мектепте мұғалім боп жүр едім, мені желтоқсан айында, жаңа жылға он күн қалғанда қырдағы ауыл мектебіне жер аударды. Бірақ мені жастардан, халықтан бөліп тастағысы келгенмен, олар кеш қалды. Шаруаны оған дейін реттеп бітіріп қойғанбыз. Сол жерде үш айдай ғана болдым, он күн сайын сақшының адамы келіп тексеріп тұрады. Ешқайда шықпауым керек, кетпеуім керек. Салт атпен жан-жақтан келіп, мұғалімдер бәрібір хабар-қатынасын үзген жоқ.
– Содан, ақыры, көштің уағы пісіп жетілді ғой?
– Сол жылы құдай беріп қар ерте кетпесі бар ма, көкек туысымен жердің шаңы шығып, дала көгеріп, жұрт егін салуға кірісіп жатқан кез. Қашан басталар екен деп тықыршып отырған кезде жетті ғой жігіттер қос-қос атпен маған сүйіншіге. 10 сәуір күні басталыпты. Совет пенен қытайдың арасын бөлген Тарбағатай шекарасында бес жерде үлкен застава бар, сол бес жерден ашып тастаған. Алдымен қала жастары. Шапанын, қамзолын иығына аса салып өте шыққан сыбай-салтаң жастар. Олар балдай батып, судай сіңіп кетті. Одан соң шекарадан бір шақырым, екі шақырым отырған ауылдар бар ғой, солар өте шықты. Одан он шақырымы, одан 30-40 шақырымдық ауылдар өтті. Біздің қазекеңнің ана жерде ұзатылған қызы бар, ана жерде құдасы бар, ана жерде жекжаты бар. Бұлар бір-бірімен хабарласып, қоштасып, біріне-бірі айтып, қазақтың ұзынқұлағы телефоннан да шапшаң, бүкіл аймаққа таралып болды ғой екі күннің ішінде. Көш өтіп жатыр. Мен де ана ауылға бір соғып, мына ауылға бір соғып, қозғалмай тұрған ауылдарды қозғап, біресе қалаға кетіп, бірде қырға кетіп, жүрек дүрсілдеп, көңіл алағызған бір аласапыран күндер болды. 25-тегі жас кезіміз ғой. Шаршау дегенді білмейміз. Содан әбден бұрлығып, ұйқыдан ұшып кете жаздап Шәуешекке келдім. Өйткені, онда екі қарындасым оқиды орта мектепте, шешем бар. Жол бойы разы болатының, андыздаған көш. Үлкен ауылдар иен қапты. Иттер ұлып жүр.
– Қытай жағы көшті тоқтатпаққа шара қолданып, қарекет етті ме?
– Шәуешек әкімшілігі, сақшысы бар, басқасы бар, аймақтық комитет, партком жиналыс ашады. Басында көш бұлай ұлғайып кетеді деп ойламаған. Үгітке тоқтамаған елді Совет Одағы қабылдамайтын шығар, қайтарып тастайтын шығар деп үміт етеді. Үрімжіге хабарлайды, Үрімжі Бейжіңге хабарлайды. Содан нұсқау келгенше уақыт өтіп кетеді. Бірақ жергілікті өкімет қамсыз емес, осы көшті бастап жүрген бұзақылар бар. Соларды ұстап қалайық деп шешеді. Кейін бүлдірген осылар деп өздерін ақтау үшін жеті адамды ұстауға сақшыға нұсқау берген екен. Тізімнің басында мен тұрмын, әрине. Жұмаділов деген осы. Совет Одағында оқып келген. Халықты үгіттеген де сол, хат ұйымдастырған да сол Мәскеуге. Бірақ, құдай сақтағанда, анда-мында шапқылап жүргенде мені ұстай алмайды. Оның үстіне дүние аласапыран. Ұлты қазақ сақшылар қаруын лақтырып тастап, өздері көшпен бірге кетіп қалған. Ал қытай сақшылары жер бедерін білмейді. 22 сәуір күні шаршап-шалдығып Шәуешекке келсем, шешем де қамсыз болмай, бір көрші қақпадағы ұйғыр арбакешпен келісіп отыр екен. Таңертең ерте жүреміз дейді. Сөйтіп отырғанда, осы күнгі белгілі ақынымыз Қажытай Ілиясов кіріп келді. «Ойбай ағатай, аман екенсің ғой!»… «Не болды?..». «Сені ұстауға жарлық берілген, кешеден бері сақшы іздеп жүр. Жаңа да мен кіргенде қақпаның алдында екі адам тұр, қытай. Қайда барасың деп мені тексеріп кіргізді. Кетпесең болмайды». Мұны естіген шешемде дегбір қалмады: «Ойбай кетіңдер. Мен өзім ертең арбамен бірдеңе ғып жетермін, Жаманты заставасынан табарсыңдар» – деді. Сосын Қажытай ақырын қақпаға барып еді.
«Ойбай, әлгілер төртеу болыпты, қытайша сөйлесіп жатыр. Үйінде екен, қазір басып кіреміз дейді. Ұстап әкетпек қой. Бізде қару бар деп ойлайтын сияқты» деп қайтып оралды. Содан жан-дәрмен қораның сырт жағындағы биік дуалдың үстіне шығып, ары қарай секіріп түстік. Зымырап қашып келеміз. Көше қараңғы. Ел аяғы сирек. Шәуешек қаңырап бос қапты. Он күн болған ғой көш басталғалы.
– Елді атажұрттың жолына салып жүріп, өзіңіз қолға түсіп, қалып қояжаздаған екенсіз ғой?
– Айтпа деймін. Мен неше күннен бері ұйқы көрмей шаршадым. Қажытай менен гөрі сирақтылау, қолымнан алып дедектетіп, құстай ұшырып келе жатыр. Қаланың шетіне шыққанда түнеп жатқан көшке кезіктік. Мені танитын көш. Сусын ішіп, әйтіп-бүйтіп жан шақырып, мызғып алдық та, екеуміз таң ата тартып кеттік. Күн арқан бойы көтерілгенде шекараға да жеттік. 23 сәуір. Жайнап тұр дүние. Кеше тау жақта жаңбыр жауған ба, лайланып, шекарадағы шағын өзен сол күні өткел бермей жатыр екен. Кешіп өтейік деп едім, Қажытай айтты: Сен аяғыңды шешпей-ақ қой, мен арқалап өте шығайын. Бәтіңкесін лақтырып жіберді де, мені арқалап өтті. Аштық кезінде өзімізде салмақ та жоқ. Соны қазір Қажытай қалжыңға айналдырып: «Сол кезде зілдей ауыр еді, сөйтсем, бір қап роман арқалап өтіппін ғой» деп айтып жүр.
Әншейінде құстан басқа ештеңені басынан асырмайтын шекара аяқасты жол боп қалыпты. Қазақтар біресе олай, біресе бұлай шауып өтеді. Біз де әрі-бері көшті тамашалап араладық. Сөйтсек, Ақшоқының жоталары, бер жағындағы Бақтының үсті жыртылып айырылғандай. Көктемдегі құс базары дерсің. Бүкіл Шәуешек қазағы осында. 100 мыңға жуық адам қауырт өткен. Жайрап жатқан жұрт, біреу киіз үй тігіп алған, біреулері ашық аспан астында жатыр. Көп мал айдап келген. Қой жүрмейді, көбі қалып қойған. Әр тұста ірі қара сойып жатыр. Бірнеше үй бірігіп ошақ көтеріп, қазан қайнатып жатыр. Аштықтан әбден тырнағы қурап, өзегі талып келген ел. Неғыласың. Мейрам. Өлең айтып, ән салып жатқан жұрт. Ауыздағы қақпақ, тілдегі тиек алынған. Жаңа өмір басталғалы тұр. Келген адамдарға жүк машинасымен нан үлестіріп жатыр. Әрбір 40-50 адамға санап отырып бір қап қант. Ұсынған қолға бір-бір ақ бөлкеден беріп кетеді. Қандай бай елге, тоқ елге келгеніміз бірден белгілі болды. Айра-жайра. Содан екі қарындасымды алып шешем келді. Оның артынан іркес-тіркес өзіміздің елдің адамдары келді. Көңіл орнықты.
– Нақ сол сәттерде қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Ақшоқының бір кезеңіне шығып арт жаққа қарап тұрғаным есімде. Бүкіл Құлыстай даласы аңдыздаған көш. Шаң. Шұбырып, шұбап әлі келіп жатыр. Бұл енді бір кезде өзім қашып өтем бе деген шекарадан бүкіл ел көшіп өткеніне, сол елдің көшуіне себепші мұрындық болғаныма, сол көшті ұйымдастырғаныма, соның жоспарын құрып, алды Мәскеу, арты Алматыға хаттар жазып, бір-біріне түйістіргеніме марқайып ұшпаққа шыққан, өмірдегі ең бір бақытты шағым еді. Сол күн, сол сәттер өмірі ұмытылмайды. Шынында да солай. Міне, сол көшке елу жыл толып отыр ғой. Менің кітаптарым, шығармаларым өз алдына, әдеби еңбегім өз алдына. Ал жалпы ұлт алдында бітірген азаматтық еңбегімнің шыңы сол 62-ші жылғы көш. Оны осы күнге дейін ризалықпен еске аламын. Бүгінге дейін осы көш айтылмай келді, жазылмай келді. Қазақ тарихындағы үлкен бір белес қой. Осыны зерттеген адам жоқ. Жоқтан өзге ұсақ-түйек тақырыптарға тарихшылар диссертация қорғап жатады. Қазақтың көшінің шежіресіндегі айтулы белес – 62-ші жылғы көш зерттелмей қалды. Өйткені, Совет Одағы кезінде айтылмайтын құпияның бірі болып келді.
– Келген елді қарсы алу, жан-жаққа таратып орналастыру дегендей,бірталай қарбалас болған шығар?
– Мені шекарадан өте сала тағы қызметке жегіп қойды. Атқа мініп, жұртқа азық-түлік тарату керек. Ерулік жұрттың бәріне бірдей тисін дейді. Екінші, малды ысырап қылып соя бермеу керек, індет тарауы мүмкін. Неше он мыңдаған адам жатыр сай-салада, қырат-қолатта. Алматыдан шенеуніктер, бастықтар келген. Сұраймын ғой: «Біз неге жатырмыз?» деп. Мәскеуден рұқсат хабар күтіп отыр екенбіз. Бүкіл Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорғанның жүк машиналары дайын тұр. Команда болса, болды. 24-і күні жұрттың бәрін тізімдеді. Жаманты заставасында, беткейде жатырмыз.
Бір күні келді ғой, ақыры, сүйіншілеген жігіттер. Хабар келді, тартыңдар депті. Хрущев қол қойыпты. Сай-сала, бүкіл Ақшоқының, бүкіл Жамантының қойын-қонышына сыймай, бұлақ-бұлақтың басында апталап жатқан қалың елді 4 облысқа ал келіп тасыды дейсің. Алдымен Аягөзге апарады. Аягөз көпірінің астында, бергі кіре берісінде кең жазық бар. Соған апарып төгіп жатыр екен. Неше жүз машина, күндіз-түні тынымсыз жүргеннен Аягөз-Бақты тас жолы қазылып қалды. Соншама халықты үш-ақ күнде тасып бітірді. Бәрін сөйтіп тасыпты. Шәуешектің желкесінен, бас жақтан өткендерді Шығыс Қазақстан мен Семейге, ал Алакөл маңынан өткендерді Талдықорған мен Алматы облыстарына бөлген. Тасымал көлікке ыңғайлы болсын деп.
Керемет. Шекарадан өте бере кісі басы, балаға дейін 30 сомнан ақша берді. Жанқалта пұлдары десе керек. Ол да жақсы, әжептәуір ақшамен Аягөзден түстік. Сол жерден елді пойызға тиеп бөліп әкетіп жатыр екен. Семейдің бүкіл Абай, Шұбартау, Бесқарағай, Ақсуат, Көкпекті, мына жағы Зайсанға дейін тасып әкетуде. Біз көп елміз. Шәуешектің негізгі халқы Төртуыл дейтін ел. Жеті болыс, ол жақта жеті зеңгі дейді. Бүкіл Абай ауданындағы тобықтылар Абай тұсында бес болыс болған ғой. Жеті болыс деген кемінде 100 мыңдай халық. Солар осы жаққа келіп, быт-шыт. Не шара қыларсың әлгіндей апас-көпесте. Біздің Күдері бидің әулетінің өзі жартымыз Жармада қалдық та, жартымыз Ақсуатқа кетіппіз.
– Жергілікті жердің бейілі қалай болды?
– Бізді жақсы қарсы алды. Айта кететінім, сол кездегі Жарма ауданының райком хатшысы Тортаев, оқу бөлімінің бастығы Хадес Жақсыбаев, совхоз директоры Күнсіләм Мұсажанов бізге қараған ағайын-әулетті бытыратпай бар жағдайды жасады. 120 отбасы түгел екі совхозға орналасып алды. 6-7 мұғалім бар еді, түгел мектептен орын берді. Жарманың орталығы Георгьевкада (қазіргі Қалбатау) үлкен мектеп-интернаты бар екен. Балал