«Он үшімде ашық теңізге шықтым…» – дейді соғыс және еңбек ардагері Мұса Сарымбетов
Мамыр айы. Иә, жадыраған жаз, күлімдеген күн. Серуендеген халық. Көбі орталық алаңға жиналады. Бүгін-ертең Ұлы Жеңістің 65 жылдығы тойланбақ. Қанша ай, қанша жыл өтсе де бұл мейрам, бұл шаттық ұмытылмақ емес. Өйткені, оған мыңдаған, миллиондаған боздақтардың ел үшін, жер үшін жанпида деп, қан төгіп, ұрандаған ерлігінің арқасында қол жетті ғой.
Міне, «Тағзым» мемориалы жанындағы көпшілікке біз де араластық. Мұнда соғыстан оралмаған алты мың аралдықтың аты-жөні мәрмәр тасқа қашап жазылған. Көздеріне жас алып қамыққандар қаншама! Мәрмәр тастағы жазуды қолдарымен сипап тұрып егіледі-ай!..
Мамыр айы. Иә, жадыраған жаз, күлімдеген күн. Серуендеген халық. Көбі орталық алаңға жиналады. Бүгін-ертең Ұлы Жеңістің 65 жылдығы тойланбақ. Қанша ай, қанша жыл өтсе де бұл мейрам, бұл шаттық ұмытылмақ емес. Өйткені, оған мыңдаған, миллиондаған боздақтардың ел үшін, жер үшін жанпида деп, қан төгіп, ұрандаған ерлігінің арқасында қол жетті ғой.
Міне, «Тағзым» мемориалы жанындағы көпшілікке біз де араластық. Мұнда соғыстан оралмаған алты мың аралдықтың аты-жөні мәрмәр тасқа қашап жазылған. Көздеріне жас алып қамыққандар қаншама! Мәрмәр тастағы жазуды қолдарымен сипап тұрып егіледі-ай!.. Солардың қатарында жүрген төртпақ келген кең жауырынды кісіні бірден-ақ таныдық. Бұл 81 жасында да жүріс-тұрысы ширақ Мұса Сарымбетұлы еді. Қолында әлдекімнің суреті тұр. Жап-жас, қыршын. Соған бір, жазудағы тақтаға бір қарайды да:
– Бауырым-ау, боздағым-ау, – дейді.
– Бұл кіміңіз еді?
– Ағай ғой, ағай!.. Жәдігер Сарымбетов. 1942 жылдың 4 қаңтарында шағын ғана қыстақтан 12-нің бірі болып түйе шанаға мініп кеткен. Содан Орал қаласына жетіп, әскери дайындықта жүріп түскен суреті екен мынау. Одан әрі Қалмақ жерінде фашистермен шайқасқан. «Сталинград майданына аттанып барамыз», деген бір сәлемдеме жетті. Содан соң хабар-ошарсыз. Одан бері де, міне, тура 68 жыл өтіпті… Әскери комиссиарат арқылы іздеу салдық. Сонда да еш дерек болмады. Өзімен бірге кеткендердің үшеуі: Өміржан Ендібаев, Тәуірбай Дербісов, Молдағазым Жұмағалиев елге есен-сау оралды. Ал ол, Жәдігер ағай, сол жоқтан жоқ. Үйленіп те үлгермеді. Ұрпақсыз кетті-ай!..
Не дейік. «Интернет арқылы сұрау салыңыз», – дедік.
* * *
Ал Мұсаңыздың өзі ше? Иә, ол кім? Кім екенін білгіңіз келсе, кеудесіндегі тізілген медальдарға көз салыңыз. Жо-қ, сіз жүрдім-бардым қарамаңыз. Тоқтап, тіктеп көз жүгіртіңіз. Сонда сіз оның СССР Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1945 жылғы 6 маусымдағы Указымен «1941-1945. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалымен марапатталғанын біліп таң-тамаша қалар едіңіз. Себебі, ол со кезде әлі кәмелетке толмаған бала еді-ау! Сөйте тұрып мұндай наградаға қалай ие болып жүр?! Данышпан Абай атаңыз: «Керек іс бозбалаға – талаптылық», депті ғой. Сол айтқандай талап тұлпарын жастай-ақ еріттеп мінген болар?
– Е-е, – деді Мұсекең сәл тізе бүгіп, – ондай сауалдың боларын күтіп-ақ отырғам. Осының мән-жайын білуге құмарлар көп-ақ. Неге десеңіз, бұл медальға ие болғандар тым сирек. Мұны маған аупарткомның сол кездегі бірінші хатшысы Ғ.Ешкеновтің өзі ауылға келіп тапсырды.
– Өзі ме?!
– Иә, өзі. Және «Еңбек қызыл ту» орденіне ұсындық деген. Бірақ ол қолыма тиген жоқ. Ал мен он үш жасымда-ақ ашық теңізге шыққан кәделі балықшы едім.
– Ым-м… он үші те, ә?! Ашық теңізге!.. Көз алдымызға толқыны таудай болып төңкерілген, ақ көбік шашқан, арсыл-гүрсіл теңіз шуылы елестейді…
– Е-е, күмән келтіресіз, ә? Өз басынан кешпегендер сөйтеді. Әкем Сарымбет 1931 жылы дүние салды. Медреседе оқыған, аз да болса діни сауаты бар-ды. Қазіргі Бөген ауылдық округінің көлеміндегі «Қарашалаң» колхозында еңбек етті. Сол жылдарда Дәулетбай Қожасов, Шамша Кеулімжаев, Өтеп Өтеғұлов, Сереке Бекішов, Сүйеубай Өксікбаев, тағы басқа азаматтармен тізе қосып, жаңа ұжымның іргесін қаласты. Теңіз жағасында «Қызыл қайыр» деген балық қабылдау пункті болатын. Балық тұздауға да, ас-ауқатқа да тұз керек. Сонда олар «Жамантұз» деген сордан түйемен тұз тасыды. Кесек тұзды диірменге тартып ұсатты. Соның куәсі болдым.
Сол әкеден Жәдігер, Әзима және мен үшеуіміз жастай жетім қалдық. Күміс анамыз 28 жасында жесір атанды. Жалғыз сиырдың сүтін ішіп күн көрдік. Жәдігер буыны қатпай-ақ қара жұмысқа жегілді. 1941 жылы соғыс басталды. Ауру-сырқау көп. Тырысқақтан, сүзектен күніге 2-3 бала шетінеп жатты. Жәдігер 1942 жылы әскер жасына ілінді. Бар малды соғыс заемының өтеуіне деп сыпырып алды. Енді не тұрыс бар? Аман Жолымбетов есімді ағаймыз да соғысқа аттанды. Үйдің бас көтерері мен болып қалдым. 1942 жылдың көктемінде, 13 жасымда колхозға мүше болдым. Әкемнің көзін көрген, сыйлас болған Баймағамбет Сатаев, Әлмахан Әлімбетов, Сержан Базарбаев, Жамал Ізмағамбетов ағалар әркез көмек қолын созды. Сондағы ауызбірлік пен татулықтарына, әркімнің еңбегіне қарай үлестерін қылдай тең бөлетіндеріне қайран қалатынмын. Сол үлкендердің бірі Әлмахан Әйімбетовтің ескекшісі болғаным бар-ды.
– Балам, – деді ол бірде. – Біздер Николай патшаның құлағанын, ақ пен қызыл боп қырылысқанын, аштық пен жалаңаштықты, репрессияны, енді, міне, соғыс азабын бастан кешіп отырмыз. Бір мысал айтайын. Төркінбайдың Өтегені екеуіміз ау серік едік. Ол аға мен іні. Бірде ауға жалғыз тыран түсіпті.
– Жалғыз-ақ па?
– Иә, жалғыз. Қайықтан түстім де жүре бердім. Үйде үнем жоқ. Жалғыз тыранды Өтеген аға алсын дедім. Жо-қ, соңымнан айқай шықты.
– Әй, Әлмахан, бері кел, – деді. Барсам жалғыз тыранды қақ бөліпті: «Сыбағаңды ал, сорпалыққа жарар», – деді. – Әне, сондай да күндер өткен. Бұл сұрапыл соғысың да өтер әлі-ақ. Жеңіс туын көтерерміз.
Сәуір, мамыр айларында өзеннің теңізге құяр аяғындағы айдындардан балық аулауға рұқсат етілмейді. Себебі, балық жағаға жақындап, уылдырық шашады. Ал біз ашық теңізді шарлаймыз. 35 аттың күші бар мазутпен жүретін «Карачаленең» кемесіне 15-20 қайықты тіркеп, теңіз қолтығындағы Көзжетпес, Айжарымтасты, Қурайлы, Үшмырза, Көкарал, Ақбасты, Изенді, Қазалы, Құланды, Возрождение аумақтарына ау құрамыз. Несін айтасыз, онда теңізіңіз толқып, тасып жататын.
– «Возрождение» дедіңіз бе?
– Иә, қазіргі «Возрождение» жабық аралы. 1942 мен 1943-тің маусым, шілде айларында осында чемая балығын аулауға одақтық Қорғаныс министрінен рұқсат болған. Чемая дегенің тортаға тұқымдас семіз балық. Әрі отанға балық керек. Сонда бара жатқанда мынандай оқиға болды. Кеме капитаны Садық Тұрғанбаев та, ал механигі Әбсақи Ермағамбетов еді. Менің ептеп техникаға ыңғайым бар-тұғын. Сондықтан да кеме үстінде жүргенде көбіне-көп механика бөлімінде боламын. Май құямын. Механикке көмектесем. Кеме үстінде айқай шықты. Дауысты естіп палубаға көтерілсек, су астынан сумаң етіп сүңгуір қайық шыға келгені. Капитанда зәре жоқ. Арал теңізінде сүңгуір қайық бар дегенді бұрын-соңды есітпеген едік.
– Рұқсат қайда, рұқсат? – дейді мундирлі біреуі қоқиып. Колхоз берген қағазды көрсетіп әрең құтылдық. Бақсақ, «Возрождение» аралыңыз күндіз-түні теңіз үстінен де, теңіз астынан да қатаң бақылауда болады екен. Ал чемая балығыңыз суға сыймайды. Тек ауды жазып ала біл. Қабылдаушы кемелер Аралдан тәулік бойы келіп тұр. Кейін «Аралбалық тресінің» оқу комбинатының қысқа мерзімді курсында оқып, мотористік куәлік алдым ғой.
– Иә, №2-мотофеюга мен 60 аттың күші бар «Трескада» моторист болыпсыз?
– Солайы солай. Мотофеюга – 20 аттың күші бар жеңіл, жүрдек қайық. Сонымен обкомның бірінші хатшысы Мұхамедғали Әленұлы Сужиков жолдасты алып жүргенім бар…
– Қалай, қашан?!
– Сірә, 1955 жылдың маусым айы-ау деймін. Моторлы қайықтар «Бөген» моторлы балық аулау стансасына қарайды. Сол мекеме мені «Қарашалаң» колхозына бекіткен. Басқарма қайда жұмсайды, сонда барамын. Жұмыс көп. Кадр тапшы. Басқарма Ұлбибі апай: «Дереу МРС директоры Жаппасбаевқа жетсін», депті. Келсем, обком хатшысын алып, Сапуанға жүресің деді. Сапуан – балық базары іспетті теңіз жағалауындағы аралшық. Мұнда «Қаратүп», «Қарашалаң», «Бөген», колхозының балықшылары шоғырланған. Сужиков 45-тер шамасындағы етжеңді, ажарлы кісі екен. Мұхаңмен бірге мотофеюгаға Т.Жаппасбаев, ауылдық кеңес ағасы Б.Рысқалов және тағы басқалары мінді. 26 жастағы кезім, лыпып-ақ тұрмын. Және мотористік пен капитандықты да игеріп алғанмын. Сужиков Сапуандағы балықшы қауымымен ашық-жарқын сөйлесті. Көбіне-көп лепро (алапес) ауруы жайы сөз болды. Сол жылдары бұл сырқат Арал, Қазалы аудандарында жиі кездесуші еді. Кейін білдік қой, Мұхамедғали аға осы проблеманы ұлттық, өмірлік мәселе ретінде одақтық деңгейге дейін көтергенін… Сол жылдары күріштің сату бағасы да 10 есеге артты-ау!..
– Дұрыс дұрыс. Мұхаңдай ірі тұлғаны алып жүріп, сөзін естуіңіз үлкен бір ғанибет қой. Есте жақсы сақтаған екенсіз.
Содан келе-келе «қызмет те» өсе түсіпті. 80 аттың күші бар «Смелый» кемесіне механик кезіңізде ту-у Ресейдің Астрахань портына жолдама алыпсыз?
– Дұрыс. Менің еңбек кітапшама көз жүгірткен екенсіз. Әрі жүрдек, әрі қуаты мол кемелерге оқыған, дипломды мамандар керек болды. Бұрынғы механиктердің бірсыпырасы бірінен бірі үйренгендер еді. Содан кадр іріктеді. Әне, ол тізімде мен де болдым. Астраханьда оқуы бар, практикасы бар, екі жыл болдым. Талай-талай сынақтан өттік. Әртүрлі қуаттағы корабльдердің машина бөліміндегі механизмдердің сан түрімен таныстық. Әуелі куәлік берді. Кейін диплом қорғадым…
Сөйтіп бұл Мұса Сарымбетұлыңыз КСРО-ның су айдындарында 200 аттың күші бар алып кемелерді де шыр айналдыратын дипломды кеме механигі-дизелист болып оралады. «Олег Кошевой», «Ревизор» кемелерін ұршықша үйіріп жүргенде, 150 аттың күші бар, балықты теңізде жүзіп жүріп қабылдайтын әрі өзінде тоңазытып қатыратын «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы ПТС-қа (өндірістік-транзиттік кеме) бас механиктілікке шақырылады…
Бірақ ақсұңқар ақын Зейнолла Шүкіров:
Кіндігім бірге Аралмен
Теңізден тыныс алам мен
Ақпейіл анам секілді
Алдымда жатыр далам кең, – деп жырлайтын шалқыған теңізіңіз өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап тартыла бастады. Жалпы аумағы 64 490 шаршы шақырымды құрайтын, ең ұзын тұсы – 428, ені 284 шақырымдық айдын жыл санап таяздана берді. Келе-келе теңіздің аумағы 4 есеге қысқарды, судың деңгейі 29 метрге төмендеді, тұздылығы артты.
Сөйте-сөйте теңіз өз суының 60 пайызынан айырылып, өндірістік маңызын жоғалтты, кемелер тоқтады, балықшы қауым ел асып, жер асып, өзге су айдындарын кезіп кетті. Ал дипломды Мұса механигіңіз аудандық ауруханада «техника және еңбек қауіпсіздігі инженері» болып жұмыс істеді. Осында ол табаны күректей 32 жыл еңбек етіпті. Демалысқа 2000 жылы, 71 жасында шығады. Сонда барлық еңбек өтілін есептесек, 58 жыл екен. 58 жыл!..
Бұл дегеніңіз – еңбектің шыңы. Өрмелеп жылан шығатын емес, қыранның қанаты талып, әзер шығатын шыңы. Сол шыңды бағындырған «альпинист» Мұсаңыздың омырауында «Еңбек үздігі» Ұлы Жеңістің 50, 60, 65 жылдық мерекелік медальдарымен және ондаған мақтау грамоталарымен қатар, «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері белгісі де бар. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшыларының 1999 жылғы 8 қазандағы Кеңесінің шешімімен берілген награда. Бұл да сирек марапат. Ал соғыс ардагерлеріне жеңілдік куәлігі 1992 жылдың 13 тамызында ғана қолына тиген. Демек, ол соғыс және еңбек ардагері екен.
Ш.Дәрмағамбетұлы,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Арал ауданының құрметті азаматы.
Қызылорда облысы,
Арал қаласы.
Суретте: М.Сарымбетовтің бозбала шағы мен қазіргі кезі.