Бегім
(Ләйла Мұхтарқызы Әуезова туралы толғаныс)
…Бәрі де әдеттегідей күтпеген жерден басталды. Он жылдан астам бойы баспалардың тартпасында жатқан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» сияқты Әуезов туралы әфсаналарым «Жұлдызда» жарияланып, «Бейуақ» кітабым баспа бетін көрген кезі. С.Қирабаев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты оқымысты ағаларым қолқа салып, ғылымға қақпайлап, ұсыныс жасағанына қарамастан, бойымды аулақ тартып жүргем.
(Ләйла Мұхтарқызы Әуезова туралы толғаныс)
…Бәрі де әдеттегідей күтпеген жерден басталды. Он жылдан астам бойы баспалардың тартпасында жатқан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» сияқты Әуезов туралы әфсаналарым «Жұлдызда» жарияланып, «Бейуақ» кітабым баспа бетін көрген кезі. С.Қирабаев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты оқымысты ағаларым қолқа салып, ғылымға қақпайлап, ұсыныс жасағанына қарамастан, бойымды аулақ тартып жүргем.
Күндер мен айлар өтіп жатты. Қарашаның аяғына қарай кешке жақын үйге сондай бір мәдениетті адам хабарласып: «Тұрсын Құдакелдіұлы! Кеш әрі үйіңізге хабарласқаныма және орысша сөйлегеніме ғафу етіңіз. Сізбен жолығып, сөйлесуге бола ма? Қызметіңізге барсам, қай уақытта қабылдай аласыз? Сіз мені білмейсіз. Менің аты-жөнім – Ләйла Мұхтарқызы Әуезова», – деді!
Емін-еркіндікке үйренген Жазушылар одағы үшін мұндай сөздер бір түрлі жат естіледі екен. Қайдағы қабылдау бөлмесі? Аты-жөнімен атауға қазір де пейілсізбін, сондықтан да бірден: «Ләйла апай! Мен сізді білемін. Осыдан 13 жыл бұрын маған мұражайдың архивіне рұқсат бермеген болатынсыз және сізді қабылдайтындай кабинетім де жоқ. Одан да мен сізге барайын, дедім». «Ой, кешіріңіз! Ол оқиға менің мүлде есімде жоқ. Бірақ сізбен қалайда әңгімелесуім керек. Ертең қызмет орныңызға барайын. Сіз әуре болмаңыз», – деді.
Кездейсоқ басталған әңгіменің соңы таңертеңгі сағат 10-да сол кісінің кабинетінде кездесу туралы уағдамен аяқталды. Не бұйымтайы болуы мүмкін? Қай пікірден бас тарт дейді? Қалай бас тартамын? Ал қызметке шақырса, әрине, бармаймын. Құдай сақтасын!
Сол шешіммен таңертең мұражайға барсам, Ләйла Мұхтарқызы менен де ерте келіп алыпты. Мекемтас ағамен бірге кіріп, сәлемдесе бергенімде столдың үстінде сол жылы жарық көрген «Бейуақ» атты кітабымның ашық жатқанын көрдім. Беттері сызылған. Демек, қазақша түсініп оқитын болғаны ғой, сірә, деген ой жылт етті. Орындыққа отырар отырмастан ол кісі бастырмалата:
– Тұрсын Құдакелдіұлы! Менің сізге бір өтінішім бар. Егер Әуезовтің рухын сыйласаңыз, өтінішімнен бас тартпаңыз! – дегенде орныма отыра кеттім.
Кім Әуезовтің рухын аттап кете алады?! Түні бойғы сылтауым желге кетті:
– Сіз менің ойымды түсіндіңіз ғой деймін, – дегенде басымды үнсіз изеуден басқа амалым қалмады:
– Ой, мен сіз келіспейді ғой деп қатты уайымдап едім. Жақсы болды! Мен алпыс төртке келгенде мүлдем қызметтен кетемін. Ал екі жылдан кейін орнымды сізге беремін. Өйткені сіз Әуезовті сүйесіз. Мен сіздің бар жазғаныңызды оқып шықтым. Еш пікіріңізге қарсы болмаймын. Лайықты адамды іздеп жүр едім. Бәрі өзіңізді айтады. Рахманқұл Бердібайұлы, Серік Смайылұлы, мына Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсынхан Әбдірахманқызы, бәрі де. Өзге де сыйлы адамдармен ақылдастым. Ал енді бұл музейде ғылыми дәрежесіз жұмыс істеуге болмайды. Мен мына «Бейуағыңыз» үшін диссертация жазбай кандидаттық дәреже берудің амалын қарастырып қойдым. Жо-жоқ, сізді әбігерге салмаймын. Ал авторефератты сіз бір аптада жазасыз. Ең қиыны философиядан тапсыру. Ол адаммен өзім келісем. Қызметкерлерді іріктеп алыңыз. Ал, осыдан 10 жыл бұрын сізге архивке рұқсат бермегенімді түнімен есіме түсіре алмадым. Оған шын ниетіммен өкініп, кешірім сұраймын. Қазір сағат он бірде институтта кеңес. Соған қатысыңыз. Ал құтты болсын, орныңызды көрсетейін, – деп бар жұмысты мен үшін өзі екі-үш минуттың ішінде шешіп тастады.
Рух туралы айтқан соң басым иіліп, үнсіз көніп қалғаным рас еді. Мына сөздердің арасында демімді ішіме тартып алған мен түндегі ойларымды зуылдата жөнелдім. Райынан қайтар деген дәме де бар. Мекемтас ағам санымды шымшылап, көгертуге айналды. Оған да қарамадым. Соңғы сөзді айтқанда Ләйла апай сәл жымиып:
– Мен осы сөздерді күткем және өзің туралы толық білемін. Ешкім де бетіңе келмейді. Ал енді диссертация жайын маған жібер. Мен де бір шарт қоюым керек емес пе. Сөйтіп, баяғыда сені ренжіткенімнің есесін қайырайын. Шын айтамын, соны еш есіме түсіре алмай қойдым. Жүр, қызметкерлермен жеделдете таныстырайын. Содан соң институттың ғылыми кеңесіне барайық, – деді де өзімсіне орнынан жымия тұрып қолымды алды.
Бүкіл ғұмырымды өзгертіп жіберген осынау он минуттың ішінде алдағы күндердің сыбағасынан мүлдем мақұрым едім. Қалайын, қаламайын, әйтеуір еркімнен тыс қас-қағымда Ләйла апай қалған ғұмырымның арнасын өзгертті де жіберді. Абай айтқандай, шығысым – батыс, батысым – шығыс болып шыға келді.
Көп кешікпей Әдебиет және өнер институтына келіп кірдік.
Мен әркіммен сәлемдесіп жүргенімде, кеңес басталып кетіпті. Кіріп барғанымда Серік Қирабаев аға: «Мына Тұрсын қашқақтап жүр еді. Бізге көнбей, ақыры Ләйла апайының тілін алыпты ғой. Академиктерді сауатсыз дейтін пікірі бар. Енді солардың қатарына өзі де қосылды. Құттықтаймыз. Әзілдеп айтам, орныңды енді таптың, жазушылық еркіндігіңе мін тақпаймыз», – деді. Содан кейін Евгения Васильевна Лизунова орнынан тұрып: «Ләйланың бауыры сенбісің», – деп құттықтап, қасына отырғызды. Терезенің алдындағы сол орын әлі де маған ыстық көрінеді.
Міне, менің мойныма Мұхтар Әуезовтің қара шаңырағының ұлы салмағы осылай түсіп еді.
Ол тұс – тәуелсіздіктің таңы жақындап келе жатқан, бұрынғы түсініктердің көбесі сөгіліп, зиялылардың ақыл-ойы еркін тыныс ала бастаған кез-тін. Сонымен қатар пенделік анайылықтың да бас көтеріп, құндылықтардың бағамы өзгерген өтпелі тұстың қарсаңы еді. Адамдардың мінезі, көзқарасы, жүріс-тұрысы, киім киісі, қарым-қатынасы, пейілі мен пиғылы, сыйласымы мен сыры сәт сайын құбылып, санаң сандалысқа түскен, өліара шақ болатын. Соның барлығы күнкөріске келіп тірелгендіктен де ғылымның да желіні суала бастады. Империяның күйреуімен бірге қатыгездік пен ізгіліктің өлшемі араласып кетті.
Мұның барлығы Алматыдағы үлкен үйдің бірінің құт ұясын ұстап отырған Ләйла апайға қатты батты. Бірақ сырын ашып, сынын білдірмеді. Қандай күйзелістің үстінде жүрсе де, тіпті ғылыми кеңесте отырса да тура сағат 12-де орнынан тұрып, жайлап басып Төлебаев көшесімен құлдилап кетіп бара жататын. Өйткені, өйткені… тура сағат 13-те қайнағасы Димаш ағамыз, Димекең, дегдар түстікке отыратын. Осынау киелі екі адам ата мен келін арасындағы жіпсіз сыйласым әкесі мен қызының арасындағы сыйласым сияқты қасиетті әрі жан сүйсінетіндей терең еді. Димекең үйде көңілді отырса, келіні Ләйла апай түзде жарқын жүретін. Димекеңнің қабағына күннің де көлеңке түсіргенін қаламайтын.
Бірде Әуезов қорын құру туралы ұсыныс айтқанымда: «Бір топ адамдар Димаш Ахметұлының да қорын құруды ұсынып жүр. Ол кісі әзірше қарсы. Алдын кесіп өтпейік. Әдеп сақтайық», деді. Күндер өтіп жатты. Телефон шалынды. Тұтқаны көтергенімде ар жағынан қарлығыңқы дауыс: «Ләйла апайыңыз бар ма екен?» – деді. Тұла бойым шымырлап кетті. Сасып қалып: «Ассалаумағалейкум!», – дедім – «Ә, сен әлгі Ләйланың бауыры Тұрсынсың ба? Ләйланы қуандырып жүргеніңе рахмет. Екеуміз кәрі құдамыз ғой. Жақсылап бір әңгімелесерміз. Сендер Мұхаңның қорын құрмақшы екенсіңдер. Соны маған қаратып, кешіктірмесін деп, жаңа ғана келісім бердім. Құрылтайын Мұхаңның мұражайында өткізіңдер дедім. Соны Ләйлаға дер кезінде айту керек болып тұр. Сөйтіп, сендердің де жолдарыңды ашып берейін дедім. Қарсы емессің бе?», – деп жұмсақ күліп қоштасты.
Бұл неткен мәдениет, бұл неткен сыйласым! Димекең мен келіні Ләйла апайдың арасындағы киелі құрмет осындай еді.
Сөйтіп, Ләйла апай екеуміздің аралығымыздағы ең басты «өткел» алынды. Димекең мені жатсынбады, бауырына тартты. Тіпті «кәрі құда» – сарсүйек боп шыға келдім. Бұл дегенің үлкен сенім еді. Бір күні: «Ләйланың бауыры сенсің бе? Мен сенің жездең боламын», – деп жайдары күліп Асқар Меңліахметұлы мұражайға келген соң, оған: «Мен де сенің жездеңмін», – деп Асанбай Асқаров қосылды да элитаның есігі жайлап ашыла берді. Димекеңнің өзге де туыстары, достары, жиендері өзімсіне бауырына тартты. Бұл, әрине, мен істеуге тиісті жұмыстың ең өзекті дәнекері еді. Ол ортаның сеніміне кірмесең мұндағы қызметкерлер Мұхтар Әуезовтің мұражайына кездейсоқ келіп қалған біреу ретінде қабылдайтын. Ал олай көріну маған қорлық еді.
Сол алғашқы бой үйрету барысында, жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан ба, Ләйла апайдың өзі дастарқан жайып, қызметкерлердің басын қосып, ең жақын құрбы, достары Махфуза, Оразгүл апайларды шақырып, таныстыру рәсімін өткізді. Жалпы, Ләйла апай бұл жағына келгенде жомарт әрі мәрт еді. Әкесінен қалған үй-ішілік дәстүр бойынша шампанды ауладағы қарға жасыра көмдіріп, отырыстың аяғына таман бәріміз де соны іздеуге шықтық. Сол Мұхаң салған дәстүрмен далаға шығып, шампанды ашып, мәз бола жүріп дәм таттық. Сондай отырыстарда әкесін еске алатын.
Ол өзінің тіршілігінде ешқандай мұқтаждықты көрмей, бірақ орынсыз еркелікке бой алдырмай бұла өсті. Ал әкесінің еркелеткен не өзі еркелеген сәттерін сондай бір сағынышпен, жарасымды мақтанышпен жымия отырып әңгімелейтін. Бегімнің бегі, әрі ерке, әрі өте нәзік жанды мәдениет иесі, қайран Ләйла апай – Ләйла Мұхтарқызы сол жолы:
– Мұхтар Омарханұлы 1954 жылғы жаңа жылды Мәскеуде қарсы алатынын айтып: «Ләйлажан! Мен осы мерекені өзіңе тойлап беріп барып аттансам деймін. Мен де студент болғамын. Солар риза болатындай кеш ұйымдастыр. Достарыңның бәрін шақыр. Сергитін шағым енді туды. Дастарқаны жомарт, қызуы мен қызығы мол болсын. Ештеңеден қысылма. Бәрінің әкесі профессор емес шығар (өзінің профессор атағын ерекше масаттанып айтатын). Әлгі сугробты ұмытпа!», – деді. Ой, қуанғаным-ай! Ештеңеден аянғаным жоқ. Достарымның бәрін жидым! Мәскеу дүкендеріндегі керек заттан алмағаным жоқ. Сондай бір риза, салтанатты кеш болды. Студенттер: «Мұхтар Әуезовті көреміз,» – деп қуанады. Ал мен әкемнің қасымда болғанына қуанамын. Шампанды даладағы қарға тығып қойдым. Түн ортасынан ауа барлығымыз шығып, күртік қардың астынан суық шампанды алғанда, студенттер таң қалды. Мұхтар Омарханұлының үйде сондай әдеті болатын. Сол кеш есімнен кетпейді. Қазір де сонда болғандар ұмытпай айтып жүреді. Асқар Меңліахметұлымен де сол кеште жақын таныстым,– деген еді сондай бір рахаттанған сезіммен.
Бұл – әкелі-балалы екеуі масаттанса – масаттанатындай күн еді. Өйткені ол күн – Мәскеуге баспаналап барған Мұхтар Әуезовті университеттің профессорлығына бекіту туралы бұйрық беріліп, бес жылға созылған қуғыннан құтылып, еркін тыныстаған сәт болатын.
Көктем күндерінің бірінде Ләйла апай мұражайды өзі аралатып жүріп таныстырды. Мұхаңның көзі тірісінде қандай зат қай жерде тұрды, оның қандай тарихы бар, неге былай өзгертті, соның барлығын асықпай айтып берді:
– Ол кездегі идеологиялық-мұражайлық ұстаным бойынша мемуарлық көрмелерге онша маңыз берілмейтін. Бәрі де идеяға бағындырылатын. Екіншіден, Валентина Николаевна да: «Біздің тұтынған заттарымыз кімге керек, одан да жазушылығы ашық көрінсін», – деп өтініш етті. Сол уақытта Алматыда жазушылардың кезекті құрылтайы өтетін болып, бәрін де қарбалас істедік. Біраз заттарын Шолпан Атадағы саяжайға бердік, – деп түсіндірді.
Мұрағаттарды таныстыра келіп, Ләйла Мұхтарқызы өзіне тән жұмсақ жымиыспен:
– Тұрсын! Сен Алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фойеде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!», – деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Әкемнің әлдебір бейтаныс әйелдің алдында елпектегеніне таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам еді. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ», – деді. Арада біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адамтын. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,– деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр, – деп Талатбек Әкімге мұрағаттарды алдырды.
Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1.Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы. 2.Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы. 3.Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы. 4.Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әртүрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІV.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар екен. Бернияздың өзіміз білетін, 1968 жылы шыққан «Айтшы, ақ қайың» атты жинағы қысқарып шыққан ғой. Ал мына толық нұсқасы басылым көрмеген. Оны талантты да ойлы сыншы Тұрсынжан Шапайға, ал Смағұлды Дихан Қамзабекке ұсындым. Смағұлдың мұрағаты Диханды докторлыққа жеткізді.
Содан бастап менің көкейімді: «қалайда мемуарлық мұражай жасау керек», – деген ой мазалай бастады. Сол үшін қырғыз ағайындарға барып, ондағы Аалы Тоқомбаевтың мұражайын көріп, Түгелбай Сыдықбековпен әңгімелесіп, ойымды сабақтағым келді. «Манас» эпосына қатысты көптеген деректер жинадым. Оның өзі дербес әңгіме. Бұдан кейін біздің үйдегі жамағатымыз жол апатына жолығып, алты ай төсек тартып қалды. Соған қапталдаса Жәнібек Кәрменов те жол апатынан қаза тауып, кірбіңді күндер көбейіп кетті…
Ләйла апайдың бір таң қаларлық мінезі ырымға сондай сенетін. Мені әлгіндей сәтсіздіктер айналдырып кеткенде кәдімгідей қиналып: ұшықтатып ал дегендей емеурін білдіргені де бар. Тіпті, егер жаңылмасам, менің сыртымнан сондай бір мінәжаттық рәсім жасады-мыс дегенді естіп қалған да сияқтымын. Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін, әйтеуір ақ тілеуін аямағаны анық. Шіркін, сондай мейірімнің алақанында жүрген күндер-ай десеңші. Көктемгі 8 наурыз мейрамындағы отырыста Ләйла апайдың былай дегені бар.
– Сондай үлкен, ақылды адам болғанына қарамастан, папам ырымға қатты сенетін. Бірде Шымкенттен қабағын шытып келді. Сөйтсе, Қажымұқанның тұрған үйіне барғанда есік алдындағы кішкене тасқа сүрініп кетіпті. Соны көңіліне қатты алып: «Япырмау, Қажекеңді ренжіткен жерім жоқ еді. Әруағы мені неге шалды екен, ә», – деп кәдімгідей алаңдап жүрді. Папамның ырымшылдығын мен кандидаттық диссертация қорғайтын кезде тағы да бір байқадым. Қатты толқыдым. Соның алдында папам мен диплом қорғарда маған Құнанбайдың шапанының бір түймесін сыйға тартып тұрып: «Елуінші жылдардағы қиын кездерде мен осы түймені қалтама салып алатынмын. Мінбеге шығып, сөйлер кезде осы түймені алақаныма салып аламын да, іштей Құнанбайдың әруағына бір сыйынып алып, сөйлей жөнелемін. Әйтеуір бәрі де сәтті аяқталатын. Енді сен ал. Атаңның әруағы сені қолдап жүрсін», – деген болатын. Қорғау сөзінде сол түймені қалтама салып алдым да, қолыма қатты қысып тұрып «так шпарил» дейсің. Қалай аяқтағанымды білмей қалдым. Кейін соны бақылап отырған Евгения Васильевна сондай қызық етіп әңгімелеп, жұрттың бәрін күлдіргені бар. Кейін сол түймеден алқа жасап, докторлық қорғағанда оны мойныма тағып алдым. Мамам: «Ал Құнанбайдың немересі енді тоқтамай сөйлейді», – дейтін өткенді еске алып: «Әрине, ол сенің атаң емес, менің атам. Сондықтан да мені қолдайды. Тек бұл жолы ешкімге айтып қойма», – деуші едім мамама. Сол түйме, міне, – деп мойнына асқан алқасын көрсетті.
Жалпы, ұлы адамдардың тағдырын зерттеп, ұрпақтарымен араласу – аса шетін мәселе. Отбасылық құпиясы мен жеке өміріне қатысты уағда бере отырып сұрайтын шындықтар болады. Ондай сыртқа шықпайтын оқиғалар мен үй-ішілік қарым-қатынастар Абай мен Әуезовтің де өміріне молынан тиесілі. Мұражайдың ішкі-сыртқы жағдайымен әбден танысып, ғылыми жұмыстардың бағытын, қызметкерлердің мүмкіндігін біліп, тиісті тұжырым мен атқарылуға тиісті істердің жоспарын жасап, мамандармен ақылдасып болған соң, Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай мерекеге байланысты қаулының нұсқасын Ғалым Доскенов екеуміз дайындап алдық. Содан соң Ләйла апаймен оңаша ұзақ сөйлестім.
Әңгімені өте қинала отырып тыңдады, мұражайдың мүлдем қаусап тұрғанын естігенде сенбеді, аралатып көрсеткен соң, әдеттегідей қолын кеудесіне апарып тұрып: «Сақтай гөр! Мен дәл мұндай күйде екенін білмеппін. Бұрын неге ойға келмеген. Заман болса мынау, енді бізге кім қол үшін береді? Сақтай гөр!», – дегенде көзінен жасы ыршып кетті. Маған да оңай салмақ емес. Үнсіз қалдым. Бөлмесіне барып ұзақ отырып, бір уақытта мені шақырды да бірден өзінің байыпты мәнерімен, бірақ нақтылап былай деді:
– Маған қанша ауыр болғанымен шындықты айтқаның жақсы болды. Саған мұражайдың ұйымдастырылу тарихын айтайын. Мұхтар Омарханұлы дүниеден қайтқан кезде қазіргі Төлебаев – Фурманов, Абай – Құрманғазы көшелерінің арасы бос болатын. Бұл академияға қарасты жер еді. Тек Қаныш Имантайұлы мен біздің үй ғана бар-ды. Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы Мұхтар Омарханұлын үлкен бақшаның тура ортасына жерлеуді ұсынып, Министрлер Кеңесіне ұсыныс жасап, олар оған қолдау көрсетті. Алайда Валентина Николаевна қарсы болып: «Мұхтардың зиратының қасында қалай тұрамыз?», – деді. Бұл дұрыс қарсылық еді. Димаш Ахметұлының қолдауымен Әуезовті мәңгілік есте қалдыру жөніндегі қаулы оның қырқы берілгенше шығып үлгерді. Институттың, театрдың, көшенің аты берілді. Институттың жанынан Әуезов мұраларын зерттеу бөлімі ашылды. Кейін сол бөлімнің негізінде осы мұражай құрылды. Тікелей қалаға қарасты болса, мұражай ғана болып қалатын еді. Сондықтан да «Пушкин үйі» сияқты жазушының шығармашылық және ғылыми мұраларын зерттеп, жариялау мақсатында мұражайдың Ғылым академиясының қарамағында болуын қаладық. Қазір, сен айтқандай, мұражай ретінде оған тиісті орындар қаржы бөлмейді, тек зерттеу жұмыстары ғана жүргізіледі. Қалай болған күннің өзінде мұражай академияның құрамында болғаны дұрыс. Ал жеке ғылыми орталық ретінде оған жоғарғы орындар рұқсат бере ме, жоқ па? Бұл қалпымен мына үйдің күйі кететіні анық.
Мен былай шештім: бұл мәселемен айналысуға мен саған толық ерік беремін. Ғылыми жұмысты да қолыңа ал. Қызметкерлерді де өзің ірікте. Елу томдық басылымды мына күйде шығара алмайсың. Ешкімнің бетіне қарама. Қаулының нұсқасымен үйде отырып асықпай танысайын. Ал қимыл еркіндігі туралы Серік Смайылұлына айтамын. Бізді қолдайды. Айтпақшы, кандидаттық қорғау үшін философиядан және шет тілінен емтихан тапсыру керек. Ең қиыны сол. Мен оның меңгерушісімен келісіп, сені тізімдетіп қойғам. Кеше де сөйлестім. Келесі аптада емтихан. Меңгерушісіне барып жолық. Ал ағылшын тілінің орнына араб тілінен тапсыруға Мәскеуден келісім керек екен. Оған да хат жаздым. Зоя Сергеевна көмектесуге уәде берді. Тек автореферат жазсаң болды, – деді.
Мұндай қамқорлықты бұрынды-соңды ешкімнен естіп, көрмеген мен, кәдімгідей толқып кеттім. Ол кісі бір адамға жақсылық жасаса, маған-ақ жасаған шығар.
Философиядан бір академик пен Мұхамеджан Қаратаевтың ұлы Мерлан алатын болды. Мерланның үні жылы. Ал қабағын түйген академик ағатайым… Ол кісінің бұйрық раймен: «Кеңес философтарынан кімді білесің? – дегені. – Таза философтан Ильенко ғана бар. Қалғандары: философия тарихы мен Кеңес өкіметі кезіндегі таптық сананың өзгеруі сияқты еңбек жазған түсіндірушілер,» – деп қойып қалғаным. Ағатайым қатарынан үш екі қойды. – «Енді мен қояйын», деп табельді тез алып үлгерген Мерлан оған үш қойды. Орнымнан көтеріле бердім. Соңымнан қуа шыққан Мекең: «Жанды жеріне тиіп кеттің. Бұл кісі колхоздастыру кезіндегі шаруалардың санасының оянуы тарихынан қорғаған. Алайда жаңағы адамнан басқа таза философ жоқ… Үш екі, бір үшпен, қорытындың бағаң үш болды,» – деді күліп. Емтиханнан соң Ләйла апайға қысылып-қымтырылап әзер келдім. – «Ой, өтіпсің ғой. Құтты болсын. Біздің музейге жұмыс істеуге келген үш жазушы да емтиханнан өте алмай, екі жыл тапсырған. Қайта бірден өтіп кетіпсің. Жақсы болды,» – деп қарсы алды ол кісі.
Емтиханды мен емес, өзінің беделі тапсырғанын қайдан білсін. Дегенмен де болған жайдан емеурін танытып едім, мән бермеген болды. Зады, менен бұрын хабарын алып үлгерген сияқты. Авторефераттың орысшасын өзі редакциялап шықты. Пікірлерді де өзі ұйымдастырды. Маған тек мінбеге көтерілу ғана қалды.
Қорғаудан кейін сол күні З.Қабдолов, С.Қирабаев, З.Ахметов, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқты үлкен кісілер тұңғыш рет біздің үйдің табалдырығын аттады. Ләйла апай бәрінен бұрын келіп, кітаптарға қарап, бір кезде төбедегі жалаңаш шыраққа көзі түсіп, ұзақ қарады. Түсіне қойдым, жазушының осындай жұпыны болатынына таңырқаған сияқты. Сол сәтте, 86-жылғы 16 желтоқсан күні Жазушылар одағының қабырғасынан түсіріліп жатқанда үйге алып келген Димекеңнің портретін көріп қуанып кетті. Сол сәтте: «Бірінші, академик ағамнан барып кешірім сұрайын. Екінші, бір люстра алып, үйдің еңсесін көтеріп, Ләйла апайды қонаққа қайыра шақырайын,» деген ой келді. Ауруханаға түсер алдында: «Димекеңнің жаңартылған бөлмесіндегі люстра сондай жақсы. Саған сыйлағым келіп жүр, базарлық үшін, портретімен жарасып тұрады,» – деді жымиып.
Жарасуын жарасар еді ғой, бірақ… Оған қайырымы қысқа өмір мұрша бермеді-ау.
Ол кезде аса қиын кезеңдер күтіп тұрды. Оның барлығына тоқталып жатпаймын. Тек Ләйла апайға қатысты жайларды қамтып өтпекпін. Ол өте бір қиын жылдар болатын. Мұражайдың қызметкерлері ғылыми бөлімнің қызметкері ретінде жалақы алады, ал мұражай-үй академияның ресми қаражаттық есебінде жоқ, тек жалпы ғимараттың санатында. Сондықтан да көрмелер бір мерейтой мен екінші мерейтойдың қарсаңында ғана қайта жасақталады екен. Тіпті, құбырдан су кетсе, институттың шаруашылық басшысына хабарлайсың, ол Қоғамдық ғылымдар бөліміне барады, ол адам академия президентіне, ол шаруашылық бөліміне пәрмен береді. Сонымен екі күн уақыт кетеді (Бір рет солай болғаны да бар). Өз бетінше дербес ғылыми жұмыс жүргізе алмайды. Мұражайды қаланың есебіне өткізу және қисынсыз. Ал күрделі жөндеуге академияның қаражаты жоқ. Осы мәселені институт директоры С.Қирабаев ағаға түсіндіріп ем: «Толығымен қолдаймын. Менің атымнан хат жаз. Ісспарда жүрсем…», – деп қолын қоюға рұқсат берді. Осы мағыналас пікірді академияның президенті К.Сағадиев ағамыз да айтты. Менің Үкіметті хаттың астына алған «шабуылым» осылай басталды.
Өз жазған хатым өзіме қайтып келе берді. Сонда да қайтпадым. Бірде Ләйла апай Олжасты есіне алып, соған кіріп шығуымды ұсынды. Кешке қарай Олжекеңе кіре сала заманақырды төндірдім. Өзінің үйреншікті сөзін айтып, әр жерге телефон шалды. Президентсіз бұл мәселе шешілмейтіндей сыңай байқалды. Хатты тастап кеттім. Ләйла апайға айтып едім, кәдімгідей қуанып қалды. Ертеңінде ол кісі емделуге жатуға тиісті еді. Кенет… таңғы 8-де телефон шалынып, қоңырау соққан жігіт Президент аппаратынан екенін, жаңа ғана Сүлейменовтің президентке кіргенін, сағат 9-да шұғыл түрде мұражайға келуімді бұйырды. Ләйлә апай ауруханада, ол уақытта қалтафонның жоқ кезі. Алып-ұшып мұражайға бардым. Архитектор-конструкторлар С.Тәшкенбаев пен Ш.Матайбековті шақырып үлгердім. Сағат 11-де Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Ғ.Әбілсейітов, академия президенті К.Сағадиев, Мәдениет министрі Т.Мамашев, қала әкімінің орынбасары және Олжастың өзі келді. Жағдайды айтып мен де зуылдай жөнелдім. Құжаттарды жасауға қаржы бөлінсін және мұражай бүгіннен бастап жабылсын деп пәрмен берілді. Мұражайға дербес мекеме ретінде құжаттар жасап, қаулы дайындауды тапсырды. Ұйымдастыру ісін бас редакторлықтан мұражайға қызметкер ретінде келуге келісім берген Ғалым Доскеновке тапсырдым да, өзім Ләйла апайға қарай алып ұштым. Әрі көңілденіп, әрі мұңайып, әрі алаңдай отырып тыңдады. «Бар ерік өзіңде, мұражай саған аманат», – деген сөздерді баса айтты. Мен әзілге қарай алдарқата бердім. Салмақтың ауыры енді түскенін сездім. Бұл 1993 жылдың 24 сәуірі еді.
Ләйла апай өмірінің соңғы бір жылында ондай қиналыстарды көп көрді. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің мұражайы қатты алаңдатып, өмірі табалдырығын аттамаған мекемелерді аралап, қысыла отырып қаржы туралы әңгімелегенде көзіне жас үйіріліп қалатын. Сол кездегі Ұлттық банктің төрағасы Ғ.Байназаровқа, Жоғарғы Кеңестің төрағасы С.Әбділдинге, ғылым саласынан депутат боп сайланған Ө.Жолдасбековке бардық. Сыртқа шыққан соң қол орамалымен кірпігіндегі шықты сүртіп тұрғанының сан рет куәсі болдым. Ең соңында бір үлкен банктің төрағасы қабағын қарыс жауып, Әуезов деген есімнің оған ешқандай бедел емес екенін айтқанда, бұрыннан науқастанып жүрген ол: «Құдай сақтасын!» деп жүрегін ұстап шығып еді. Содан екі күн өткен соң ауруханаға түсті. Бұл жолы осы уақытқа дейін қойылып келген диагноздың теріс екендігі, қолқа тамырында сызат бар болғаны анықталыпты. Алқына тыныстап отырды. Зоя Сергеевнаның қайтыс болғанын дер кезінде ешкім білмей қалғанын, оның үйіндегі мүлкін күтуші әйелдің білдіртпей сыртқа тасып, үптегенін, бірақ ол кісіні есте қалдырарлықтай шара қарастыратынын айтты. Ойымда еш күдік жоқ мен көңілін көтеруге тырыстым. Бір сағаттай әңгімелесіп, қаперсіз мамырдың демалысына шықтық. Күтпеген жерден Асқар Меңліахметұлы өкінішпен: «Тұрсын, Ләйла апайыңнан айырылып қалдық…», – деп хабарлағаны. Дүниеден қайтарда да ұлы Диярға: «Музей, музей, музей!» – деп қайталап кетіпті. Өзі тура 30 жыл басқарған мұражайдың меңгерушісі тура әкесі сияқты 64 жасқа екі ай қалғанда көз жұмды.
Өзінің жеке басынан үй-ішінің бақытын жоғары қойды. Халқының қызы, елінің келіні, келіндерінің енесі бола білді. Ол кісі біз үшін Мұхаңның тірі көзіндей еді. Әттең, мұражай үшін ең бір қиын кезеңде көз жаздырып кетті. Бірақ, қазақ халқы барда Мұхтар Әуезовтің есімі ешқашан өлмейді. Ендеше, сол бір қасиетті шаңырақтың аясынан келер ұрпақ Ләйла Мұхтарқызының да жүрек жылуын, жанар мейірімін сезіп тұрары анық. Ләйла апайдан кейін кенет Ернар Мұхтарұлы, одан кейін Димекең өмірден қайтты да, бұрынғы көзқарастар мен қатынастарға басқа пиғылдар араласты. Бет шырайын бергендер жүздерін теріс бұрды. Алайда: «Аманатты парызыңның барлығы да орындалды, мұражай да қалпына келді, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып құрылды. С.Қирабаев, З.Ахметов, Т.Кәкіш, Р.Нұрғали, Б.Майтанов сияқты ғалымдар мен Ж.Аупбаев, Ғ.Доскен сияқты архив жұмысынан қайтпайтын азаматтар қызметке тартылып, 100 жылдық мерейтой да салтанатпен өтті, елу томдық академиялық басылымды жүзеге асыру мүмкіндігі де туды, тек соның қызығын көруге жазбады, Сізге, Ләйла апай!», – деп осы естелікті аяқтағым келеді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы.