Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын, мықтылардың мықтысы ғана сынға түсетін додаға еліміздің спортшылары тәуелсіз мемлекет ретінде ең алғаш 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында ақ қар, көк мұз үстінде өткен Қысқы Олимпия ойындарына қатысты. Ал Жазғы Олимпиаданы 1996 жылы Атлантадағы додадан бастады. Жерлестеріміз бүгінге дейін төрт жылдықтың басты бәсекесіне жалпы саны 13 рет қатысып, 67 жүлде олжалады. Оның 60-ын жазғы, жетеуін қысқы олимпиадашылар иеленді.
Қазақстан құрамасына Олимпиададағы алғашқы алтынды 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарында шаңғышы Владимир Смирнов салды. Өкінішке қарай, әзірше бұл алтын Қысқы Олимпиададағы алғашқы және соңғы алтын медаль болып тұр. Екі жылдан кейін АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Жазғы Олимпия ойындарында отандастарымыз 11 медаль иеленді. Оның үшеуі алтын жүлде болатын. Сол жылы боксшы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин және грек-рим балуаны Юрий Мельниченко тұғырдың бірінші сатысынан көрінді.
2000 жылы Сидней төрінде жалауы желбіреген байрақты бәсекеде екі қазақ боксшысының бағы жанды. 20 жастағы боксшы Бекзат Саттарханов финалға дейін қарсыластарын бір деммен жеңіп шығып, Олимпиаданың алтын жүлдесін олжалады. Екінші алтын медальді еліміздің көк байрағын Олимпиаданың ашылу салтанатында ұстап шыққан Ермахан Ыбырайымов ел қоржынына салды. Ал Сиднейдегі үшінші алтын жүлдені жеңіл атлет Ольга Шишигина салды.
2004 жылы Афиныда боксшы Бақтияр Артаев барлығынан оза шауып, 69 кило салмақта Олимпиада чемпионы атанды. Бұл жолы Бақтиярдың жалғыз алтынын көңілге медет тұттық. Арадан төрт жыл өткенде Бейжің Олимпиадасында бокстан дәл осы салмақта Бақыт Сәрсекбаев оза шауып, сөзін Елбасы мен Жұмекен Нәжімеденов, әнін Шәмші Қалдаяқов жазған Әнұранымызды Олимпиада төрінде тұңғыш рет шырқатты. Сонымен қатар тап осы тәуелсіздіктің арқасында Бақыт Сәрсекбаев пен сол жылы Қытай құрамасының атынан шыққан қандасымыз Қанат Ислам тұғырдың биік сатысына шығып, қазақтың көк туын жамылып тұрды. Бір қызығы, Олимп шыңын бағындырған Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам өзге елде туып, тарихи Отанына оралған спортшылар.
2012 жылы Лондондағы XXX Олимпия ойындарында қазақ спортшылары үш бірдей алтын жүлде олжалап, бұрынғы биігіне қайта шықты. Бір қызығы, бокстан 69 кило салмақта сынға түскен Серік Сәпиев чемпион атанып, Артаев пен Сәрсекбаевтың жеңісті жолын жалғады. Ал араға 12 жыл салып Ольга Рыпакова жеңіл атлетикадағы екінші алтын медальді ел қоржынына салды. Сонымен қатар велошабандоз Александр Винокуров Олимпиаданың алғашқы күнінде алтын медаль олжалап, ел мерейін асырды. Осыдан екі жыл бұрын Рио төрінде өткен додада қазақ оғландары тағы да үш алтын медаль еншіледі. Риода боксшы Данияр Елеусінов Олимпия ойындарында «қазақ салмағы» атанып кеткен 69 кило салмақта қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын медальді алды. Ауыр атлет Ниджат Рахимов ел қоржынына екінші алтын медаль салса, Дмитрий Баландин суда жүзу спорты бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы алғашқы алтын медальді иеленді.
Міне, тәуелсіз Қазақ елі саңлақтарының Олимпия ойындарындағы нәтижесі осындай. Қазіргі таңда кез келген әлемдегі спорт державасы Олимпиада және әлем чемпионаттарында еліміздің спортшыларымен санасатын жағдайға жетті. Қазақ спортшыларының Олимп төріндегі жеңісі мен жетістігі соңдарынан ерген оғландардың буынын бекітіп, болашағын нығайтуға қызмет етіп келеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»