Жәнібек тархан есімі Құрлық әскерлері әскери институтына берілсе дейміз
Қазақ тарихында қасиетті де қастерлі «үлкен жетілік» бар. Бұлар ұлт тағдыры «Ақтабан шұбырындыға» түскен қилы заманда елдің елдігін, тұтастығын сақтап қалған нағыз алыптар. Атап айтар болсақ, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер мен солардың әрі үзеңгілес серіктері, әрі елдің қорғаны бола білген қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қошқарұлы Жәнібек, шапырашты Наурызбай. Қазақстан егемендік алғаннан бері бұл алыптардың есімдері қайтадан жаңғырып, ұлттың шын мақтанышына айналды. Осы бабаларымыздың ішіндегі біздің бүгінгі айтайық, тоқталайық деп отырғанымыз Қошқарұлы Жәнібек және сол тұлғаға қатысты жайт.
Қазақ тарихында қасиетті де қастерлі «үлкен жетілік» бар. Бұлар ұлт тағдыры «Ақтабан шұбырындыға» түскен қилы заманда елдің елдігін, тұтастығын сақтап қалған нағыз алыптар. Атап айтар болсақ, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер мен солардың әрі үзеңгілес серіктері, әрі елдің қорғаны бола білген қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қошқарұлы Жәнібек, шапырашты Наурызбай. Қазақстан егемендік алғаннан бері бұл алыптардың есімдері қайтадан жаңғырып, ұлттың шын мақтанышына айналды. Осы бабаларымыздың ішіндегі біздің бүгінгі айтайық, тоқталайық деп отырғанымыз Қошқарұлы Жәнібек және сол тұлғаға қатысты жайт.
Шақшақ Жәнібек – қазақ тарихындағы ұлы тұлға. Оған 2006 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан республикалық генералдар кеңесі қауымдастығының төралқа төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Р.Е.Қайдаровтың басшылығымен шыққан «Генералы Қазахстана» атты кітаптағы деректер анық дәлел бола алады. Сонда: «Указ императрицы Елизаветы Петровны о присвоения звания тархана Шакшак Жанибек батыру был опубликован 26 августа 1742 года. Поэтому тархана Жанибека следует считать первым, признанным соседними народами, военным главнокомандующим казахского народа», – делінген. Иә, сөйтіп қазақ ұлтында халықаралық деңгейде мойындалған, заңдастырылған тұңғыш генерал пайда болды. Ол – Шақшақ Қош-қарұлы Жәнібек батыр.
Жоғарыдағы кітаптың 18-бе-тінде белгілі орыс тарихшысы А.И.Левшиннің 1723 жылы: «Не будь Жанибека тархана, вся северная часть степи очутилась бы под копытами войска джунгарского хунтайчы Сыбана Рабтана», – деген сөзі де берілген.
Жәнібек тарханның өмірі мен ұлтына сіңірген қызметі жайлы тарихшылар В.Бартольд, И.Крафт, В.В.Вельяминов – Зернов, А.Андреев, И.Ф.Бларамберг, И.Рычков өз заманында тамсана жазып кеткен. Жәнібек Тархан жайлы ұлт тарихын біраз зерттеген Шоқан Уәлиханов бабамыз да оған өз ілтипатын білдіреді. Сол заман тарихына зер салған адам тархан Жәнібек батырдың өзінің қалың қолымен 1728 жылы Бұланты өзенінің Сарысуға құяр тұсында, сондай-ақ 1730 жылы Балқаш көлінің маңындағы атақты Аңырақай шайқасында жоңғар әскерлеріне ойсырата соққы бергендігі жайлы тайға таңба басылғандай жазылған. Мұны лайықты бағалауға тұрарлық ерлік деп білеміз.
Бабамыздың міне, осындай еңбектерін ұмыт қалдыруға бола ма? Жоқ. Осыны мақсат еткен ынталы топ өкілдері Жәнібек Қошқарұлын лайықты тұғырына қондыру мақсатында республика Қорғаныс министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтына даңқты тарханның есімін беру жөнінде ұсыныс жасады. Бұған Қорғаныс министрлігіндегі жауапты тұлғалар: «Ойларыңыз орынды екен. Бірақ мәселені шешетін Алматы қалалық ономастика басқармасы ғой. Соған, солардың төрелігіне жүгініңіздер», дегенді айтты.
Дұрыс-ақ. Еліміздегі заң бойынша солай. Осыны басшылыққа алған ынталы топ өз ұсыныстарын Алматы қалалық әкімдігінің ономастика басқармасына жөнелтті. Ол жерден нақты тындырылған іс туралы хабардың орнына ынталы топ жетекшісі Әуезхан Жүсіпов қарияның атына шақыру хат түсті. Жасы сексеннен асқан ардагер ақсақал Алматыға барып қайтуға денсаулығы көтермейтіндіктен осы іспен айналысуды маған тапсырды. Содан үлкеннің аманатын арқалап басқарма бастығы Мамай Ахметовтің қабылдауында болдым. Сондағы естігендерім мынау: «Ұсыныс хат қазір қалалық әкімдікте жатыр. Атауларды өзгертуді біраз уақытқа кешіктіре тұру керек деп шешілген. Себебі, осы тақылеттес 89 ұсыныс бар. Атауларға талас көп. Бірінің өтінішін орындасаңыз, екіншісі ренжитіндері және белгілі», – деді басқарма бастығы. Өз уәжімді айтып едім, болмады. Істің таяу арада шешілмейтінін ұғып, шығып кетуге тура келді.
Арада біраз уақыт өткен соң ынталы топтың жетекшісі Әуезхан Жүсіпов қария Алматы қалалық әкімдігіндегі азаматтарға істің мән-жайын түсіндіру үшін Хамзин Жантемір деген жігітті жұмсады. Ол үлкен кісінің тапсырмасын айтуға арнайы барғанда ондағы қызметкерлер: «Әскери институтты Қошқарұлы Жәнібектің атымен атау Қорғаныс министрлігінің құзырындағы шаруа. Сондықтан ұсыныстарыңызды сол жаққа тапсырыңыздар», – депті.
Жоғарыда айттық: «Ұсынысты Алматы қалалық әкімдігіндегі ономастика басқармасына тапсырыңыздар», деген Қорғаныс министрлігіндегі жауапты тұлғалар болатын. Енді келіп ол жерден: «Ұсынысты Қорғаныс министрлігіне түсіріңіздер», деген сөзді естіп отырмыз. Бұл қалай сонда?
Сөзіміздің соңында мынаны айтқымыз келеді. Бұл күндері әлем мойындаған, қарқынды даму арнасындағы гүлденген Қазақстан Республикасының жер бетінде болуының өзі жоғарыда есімдері аталған, ұлт мақтанышы – Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер бастаған «үлкен жетіліктің» ұрпаққа қалдырған бағасы өлшеусіз үлкен сыйы. Осы «үлкен жетіліктің» ішінде Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тарханның есімі жетімсіреп тұрғандай.
Мәселе дұрыс шешіледі деп сенеміз. Сондықтан да әкімдіктегі, ономастика басқармасындағы жігіттерге өкпемен, ренішпен емес, үмітпен қараймыз.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН,
журналист.