Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Қазақстан жетістіктері – Тәуелсіздіктің арқасы

3188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында Тәуелсіздік күніне арнал­ған салтанатты жина­лы­с болды. Оған депу­таттар мен ап­парат қыз­меткерлері қатысты, деп хабарлады осы па­латаның баспасөз қызметі.

Қазақстан жетістіктері – Тәуелсіздіктің арқасы

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелік шараны аша келіп, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 27 жыл бұрын аса күр­делі геосаяси жағдайда Тәуел­сіз­дікті жариялағанын атап өтті. Дағдарыстар мен басқа да қауіп-қатерлерге қарамас­тан, Мемлекет басшысы елімізді се­німмен алға бастап келе жат­қаны айтылды. 

«Артық жолдас таппадым татулықтан», деп халқымыздың ұлы перзенті, хакім Абай айтқан­дай, Қазақстан қоғамының ын­тымағы мен бірлігі біздің мем­лекеттілігіміздің негізгі ұста­ны­мына айналды. Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы тарихы­мыз бен мәдениетімізді жаң­ғырт­тық, экономикамызды өркен­детіп, қуатты мемлекет қалыптастырдық. Қазақстанның биік белестерді бағындырып келе жатқан әр қадамы, табысы мен жеңісі – Тәуелсіздіктің арқасы», деді Қ.Тоқаев. 

Халқымыздың «Еңбек ер­лік­ке жеткізер, ерлік елдікке жет­кізер» деген даналық сөзін атап өткен Сенат басшысы Елба­сы­­ның мемлекетімізді нығайту жо­лын­дағы қажырлы еңбегі нағыз ер­ліктің үлгісі екенін айтты.

 Ұлы мақсаттарды көздеген хал­қымыздың жарқын бола­шағы жолында Мемлекет бас­шысының асқан көрегендік пен жасампаздық танытып келе жатқаны айтылды. 

Бүгінде қайта жаңғырған мәдениетіміз бен руханиятымыз Елбасының қолдауымен жаңа арнаға бет бұрғанын атап өте келіп, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың тамыры терең мұрасын ұлықтаған төл тарихымызға жаңа тыныс беретін бірегей бастама екені­не тоқталды. Сонымен қатар Прези­денттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала өр­кениетінің» әлем тарихын­дағы маңызы және оның адам­зат өркениетіне ұсынған құнды­лық­тары көрсетілгені айтылды. 

«Ұлы даланың сан ғасыр­лық ұлағаты ұлт тарихын жал­ғас­тырушы келешек буын өкіл­дерінің ертеңіне жол ашатынына күмән жоқ», деді Сенат басшысы. 

27 жыл ішінде мемлекет­ті­лігі­­міздің мықты іргетасы қалып­тасты, Қазақстан әлемдік қауым­дастықтағы беделі жоға­ры мемлекетке айналды, деген Қ.Тоқаев Президент Жол­дауын­дағы халықтың әл-ауқа­тын жақсартуға бағытталған жаңа сипаттағы міндеттерді атап өтті. 

«Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерді одан әрі нығайту үшін халқымыздың көкейіндегі өзекті мәселелерге назар аударуымыз керек. Халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сар­тудың маңыздылығы қазіргі әлем­дік ахуалдың шиеленіс­кен тұ­сы­нда аса өзекті мәселе», деді ол. 

Ұлттық мерекемізге орай мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, ел­дің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, сондай-ақ халықтар достығы мен ын­тымақтастығына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ Сенат депутаттары Елбасының Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әли Бектаев пен Бақтыбай Шелпеков «Парасат» орденімен, Владимир Волков пен Еділ Мамытбеков «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Рашид Түсіпбеков, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Арда­герлер кеңесі төрағасы­ның бірінші орынбасары Өмі­рзақ Озғанбаев ТМД Парламент­аралық Ассамблеясының «Со­дру­жество» орденімен мар­а­пат­тал­ды. Мұхтар Құл-Мұхам­мед пен Ерік Сұлта­нов­қа «Пар­ламент­аралық ынтым­ақ­тас­тық­ты нығайтқаны үшін» медалі, Рысқали Әбдікеров, Владимир Волков, Дүйсенғазы Мусин, Нариман Төреғалиевке ТМД ПАА Құрмет грамотасы берілді. 

Депутат Сәрсенбай Еңсе­генов пен бұрынғы сенаторлар Әділ Ахметов, Қайрат Ища­нов, Нұрлан Оразалин, Орын­бай Рахманбердиев Түркітіл­дес елдер Парламенттік Ассам­блея­сының қаулысымен «ТүркПА-ға − 10 жыл» медалімен марапатталды.