Тарих • 21 Желтоқсан, 2018

Мәңгілік сарын – Қорқыт Ата мұрасы

10880 рет көрсетілді

Қорқыт есімімен байланысты аңыздар түрік тектес халықтар арасында әр алуан түрде әңгімеленеді. Академик Ә.Марғұлан: «Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Орта Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыздар, ән-күйлер қазақ пен түрікпендерде көбірек жолығады» дейді. Қорқыт жайындағы деректердің белгілі бола бастауы XII-XIII ғасырлардан бермен қарай. Атақты тарихшы Рашидеддин қыр сахарасында Қорқыт пен «Оғыз-наманың» қатар хикаяланатынын жазған.

Қазақ арасына таралған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ре­тінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Терең ойлар, ауыр мехнат азабымен өлместікті арман еткен Қорқыт мәңгілік өмір іздеп ел кезеді. Қазақ арасындағы аңыздарда Қорқыт Ата – көпті көрген батагөй, сәуегей, атақты музыкант әрі ойшыл абыз. Ол айтқан болжау дәл келіп отырған.

Әлішер Науаи Қорқыт жайында былай деп жазады: «Түрік ұлысы арасында Қорқыт Атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқына ешкім тең келмейтін. Өзінен кейінгі көп жылғы келешекті болжап айтқыш данышпан еді, оның таңғаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар».

Қорқыт Атадан қалды дейтін ше­шендік нақыл, ойшыл, өсиет сөздер өмірден түйгені көп дананың алып бейнесін елестетеді: «Ажал келмей кісі өлмес, өлген адам тірілмес», «Шыққан жан қайтып кірмес», «Бетеге биікке теңесе алмас», «Есекке қанша жүген сал­ғанмен, ат болмас», «Қар қанша қалың жауғанмен, көктемнен қалмас», «Бақ қанша гүлденгенмен, күзден қалмас», «Ескі темір біз болмас, ескі дұш­пан дос болмас», «Ат шалдықпай, жол түгесілмес», «Қанжар тимей жау қайтпас», «Қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ», «Шаба білмеген атты қи­найды», «Адам кірмес қара үйдің құ­­лағаны мақұл. Жылқы жемес арам шөптің өспегені мақұл. Адам ішпес ащы судың ақпағаны мақұл. Даңқ әпермес баланың әкесінің белінен шықпағаны мақұл, құрсағынан ананың шықпағаны мақұл. Жалған сөздің дүниеге келмегені мақұл».

Кей аңыздарда жер ортасы Сырға қайтып оралған Қорқыт өлерін сезген соң, айнымас серігі – желмаясын со­йып, соның терісін қайық қылып ертелі-кеш қобыз тартады. Өзінің жақын досы Дарабоз арқылы ол жар дегенде жалғыз қарындасы Ақтамаққа соңғы арыздасу-қоштасу сәлемін жолдайды.

Қорқыт Ата күн демей, түн демей «Өмір жырын» толассыз тартады. Ажал талай рет төніп келеді, бірақ бебеу қақ­қан қобыз күйі оған Қорқытты алдыртпайды. Ұйқысыз өткен талай күн, талай түндерден қалжыраған Қорқыт Ата бір сәт қалғып кеткенде, ажал қайрақ жылан бейнесінде келіп Қорқытты шағып өлтіреді.

Міне, қазақ арасындағы Қорқыт жайындағы аңыздардың негізгі желісі осындай.

Дүние жүзі әдебиетінде, әсіресе ескі мифтік аңыздарда, ежелгі жырларда, көне эпостарда Қорқыт тәрізді өлімге қарсы күрескен бейнелер болған. Солардың қайсыбірі грек мифіндегі Прометей, осетин аңызындағы Амран, үнді аңызындағы – Сидхарт.

Қорқыт өзі тапқан, өзі тудырған өнерімен халыққа қызмет етті, оның мәңгі өшпестігі осында.

Қорқыт Ата хикаялары VІІ-ХІІІ ғасырларда Сыр бойын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, ауыздан-ауызға көшіп, түрік тектес халықтардың бәріне түгел жайылған.

Қорқыт тарихта болған адам. Ерте заманның білімпаз-ғұламаларының жазуына қарағанда, Қорқыт Сырдың аяғында Жанкент қаласында, Баят елінде дүниеге келген. Бұл жерден ақындар, жыраулар, даналар көп шыққан. Солардың ішіндегі ең әйгілісі – Қорқыт Ата, онан кейінгі алыбы – Әбунасыр әл-Фараби. Қорқыт Ата – оғыз елінің ұлы басшысы, кемеңгер ойшылы, асқан күйшісі. Қорқыт Ата туралы аңыздардың ішіндегі ең құндысы да, дәлірегі де – атақты тарихшы Рашидеддиннің Қорқыт, Оғыз, олардың ұрпақтары туралы жазбалары.

XII ғасырдан бастап Қорқыт хикаялары әр жерде көшіріліп, кітап болып тарала бастаған. Оның әдепкі жазбалары түгелге дерлік жойылып, бізге екі түрлі нұсқасы ғана келіп жетіп отыр: біріншісі және толығырақ нұсқасы Ватикан (Рим), екіншісі, көлемі шағын нұсқасы Дрезден (ГДР) кітап қоймаларында сақталуда. Ватикан нұсқасында – оғыз сөзі, Дрезден нұсқасында қыпшақ сөзі басым.

Қорқыт жырларын жан-жақты зерттеудің негізін салған кісі ұлы орыс ғалымы, әйгілі Шығыс тарихшысы академик Василий Владимирович Бартольд (1869-1930). Қорқыт шығармаларының орыс тіліндегі тұңғыш әрі үлгілі аудармасын жасаған да осы В.В.Бартольд. Бер­тіндегі зерттеушілердің бәрі де В.В.Бартольд аудармасының биік сапасына қарай оны орыс тіліне қайта аударудың қажеті жоқ екендігін жиі айтып жүр. Сол себептен де болар, академик В.М.Жир­­мунский мен А.Н.Кононов бұл шығармалардың В.В.Бартольд аударған нұсқасын аз ғана қосымшамен 1962 жылы қайта бастырып шығарды.

Қорқыт жырларының Мұхаррам Ергин аударған түрік тіліндегі нұс­қасының алғы сөзінде аудармашы былай деп жазады: «Мен оқырмандарға түсініктілеу оғыз сөздерін (әңгіме Осман түріктеріне қатысты айтылып отыр – М.Ж.) екі нұсқадан таңдап алып көбірек кіргіздім, ал сіздер қыпшақ тайпасына баулы сөздерді өздерің іріктеп алсаңдар, осы күнгі қазақ, қырғыз, тағы басқа халықтар толық түсінеді». М.Ергин қыпшақ тіліне қатысты сөздерді аудармай тастап кеткен немесе қате аударған. Түрікмен, әзербайжан тілдеріндегі аудармалардың да жағдайы осындай.

«Қорқыт Ата кітабы» кезінде қа­зақ тіліне де аударылды. Өкініштісі, түп­нұсқадан емес, Бартольдтің орыс тіліндегі нұсқасынан аударылды. Соның салдарынан ондағы кемшіліктер түгел қайталанды.

Түптеп келгенде, Қорқыт Ата мұрасы бізде әлі терең зерттеле қойған жоқ. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт Ата ғылыми-зерттеу институты бұл мәселені қолға алды. Менің же­текшілігіммен: ғылым докторы Гүлім Шәдиева – «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден нұсқасын қолжазбадан аударып, транскрипциясын жасап бітіруде; Руслан Әлімбеков – «Қорқыт Ата жа­йындағы аңыздар және олардың тарихи негіздері» тақырыбында докторлық дис­сертациясын аяқтауда; Әлқуат Қа­зақбаев Қорқыт Атаның күйлерін зерттеу­ге кі­рісті. Бүгінде он тоғыз күйін түгел но­таға түсірді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаев «Қорқыт Атаның аңыздары мен күйлері» атты еңбегін аяқтады. Бұл еңбекте топ­тастырылған аңыздар мен күйлер ту­ралы деректер В.В.Вельяминов-Зер­нов, И.В.Аничков, П.С.Спиридонов, В.М.Жирмунский, И.А.Кастанье, Н.Жет­піс­баев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қай­нарбаев, А.Жұбанов, М.Байділдаев, Ә.Қоңыратбаев, А.Сейдімбек, М.Ма­ғауин, И.Жақанов, А.Жанаев, М.Жар­­­қынбеков, Е.Тұрсынов, Фузули Баят, Т.Мерғалиев, Ә.Жұмабеков, Б.Қос­басаров, А.Ахметжанов, О.Сейтқазы, С.Бүр­кіт, О.Дүйсен секілді зерттеуші ға­лымдар мен қобызшылардың ең­бектерінде бұрын жарық көрген. Әр деңгейде әңгіме болған аңыздар жи­нақталып, шығу тарихы мен атауына байланысты бір жүйеге келтірілді.

Қорқыт Атаға қатысты бұл еңбекке кірген аңыздардың ішінде жарыққа шықпаған жаңа аңыздар да бар. Бұлардың қатарында – АҚШ дипломаты, тарихшы Ю.Скайлердің (Eugene Schuyler) «Turkestan: Notes of a Journey in Russian Turkestan, Khokand, Bukhara and Kuldja» кітабындағы аңыз. Кітап Франция ұлттық кітапханасында сақтаулы. Сегіз тараудан тұратын еңбектің екінші тарауы «Сырдария» деп аталады. Ю.Скайлер аңызды 1873 жылдың сәуір айында Сыр бойындағы Қорқыт Ата мазарында болған кезінде жергілікті қазақтардан жазып алған. Тарихшы Қорқыт Ата мазарында болып, бабамыздың мазары туралы құнды деректермен қатар Сырдария өзенінің суретін жариялаған. Бұл Қорқыт Ата туралы Сыр бойында айтылатын аңыздардың ең алғашқы деректерінің бірі болып табылады.

Ю.Скайлер 1873 жылы 23 наурызда пойызбен Санкт-Петербургтен Орта Азияға сапарға аттанады. Оның осы сапардағы серігі «Нью Йорк гаралд» газетінің тілшісі Мак-Гахан (J.A.МacGahan) мырза. Ю.Скайлер Сыр бойында көрген, білгенін қағазға түсіріп, Қорқыт Атаға қатысты тың деректер келтіреді. Ю.Скайлердің кітабынан мынадай жолдар оқимыз: «№2 бекініске таяғандағы ең соңғы бекетте осыған ұқсап қалатын, алайда қабырлардың көбісі тас кірпіштен салынған бір мазар кезікті, онда араб жазуымен жазылған көптеген құлпытастар бар екен. Жақын маңында көптеген төмпешіктер мен дөңдер байқалады, ол ежелгі Жент (Jend) қаласының көне жұрты болуы әбден мүмкін. Бізге мұндағы ең үлкен зираттың бірін (қазіргі таңда жартылай бұзылған) «әйгілі әулие Қорқыттың зираты» деп көрсетті. Аталмыш әулие туралы мұндағы ел арасында мынадай бір таңғажайып аңыз бар екен: бойы 14 футқа жететін осы Қорқыт бір кезде дүниенің ең бір шетінде тұратын көрінеді. Бір күні түнде ол түсінде бірнеше адамның қабір қазып жатқанын көріп, «сендер мұны кімге қазып жатсыңдар?» деп сұрайды. Сонда әлгі адамдар: «Қорқытқа» деп жауап берген екен. Таңғалған Қорқыт өзіне төніп тұрған өлімнен құтылу үшін келесі күні дүниенің басқа бір жағына барып тұрыпты. Сөйтсе, ол сол жерде де әлгі түсті көрген. Таң ата салысымен Қорқыт тағы да аттанған. Сөйтіп, артынан түсі де қуалап жүрген ол жер шарының бұрыш-бұрышын басып өткен. Ақырында, енді қайда барарын білмей торыққан ол әлемнің дәл ортасына барып тұруға бел буған, ал әлемнің ортасы Сырдың бойындағы дәл осы жер болып шыққан. Ол осылай ойлай салысымен дереу көшкен. Алайда оның түсі сонда да оған ілесіп алған. Қасиетті бұл кісі сонан соң «тағдырымды бір алдап көрейінші» деп ойлаған көрінеді. «Енді құрлықта мен аман қалатын жер қалмады-ау» деп ойлаған ол судың үстінде тұру туралы шешім қабылдады да сыртқы шапанын Сырдың бетіне жайып алып, оның үстіне өзі барып отырады. Ол осылайша 100 жыл өмір сүріп, қайтыс болғанға дейін ылғида қобыз тартып отырыпты. Сонан соң ыждағатты мұсылмандар оның денесін осында әкеліп көміпті». Осы аңыздың В.В.Вельяминов-Зернов жеткізген бір нұсқасын ғалым-ориенталист И.А.Кас­танье «Древности киргизской степи и Оренбургского края» атты мақа­ласында келтірген.

Алғаш рет жарияланып отырған тағы бір аңызды «Қорқыт» күйін 1971 жылы қобызда орындаған дәулескер қобызшы Дәулет Мықтыбаев айтқан. Бұл аңызды Ә.Қазақбаев 1991 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік кон­серваториясының фольклорлық каби­нетінен үнтаспаға жазып алған.

Ә.Қазақбаев 2000 жылы Астана қаласына келгеннен кейін Қорқыт Атаның аңыздары мен күйлерін жинауға кірісіп, Қызылорда қаласындағы журналист Ахат Жанаевтың үйіне арнайы барып, Қорқыт бабамыздың күйлерін біздің заманымызға жеткізген қобызшы Нышан Шәменұлының айтқан аңыздары мен күйлері туралы кеңінен мағлұмат алады. Ахат Жанаев 1975 жылы рес­публикалық радионың Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған, Қорқыт Ата күйлерін үнтаспаға алғаш жазып алған кісі. Аңыздар бұрынғы нұсқаларымен салыс­тырылып, жүйеге келтіріліп жарияланып отыр.

Ә.Қазақбаев 2004 жылы Мәскеу қаласында Қарашай-Шеркес Рес­публикасының халық жазушысы, ноғай халқының мақтанышы Иса Капаевпен арнайы кездесіп, қобыз тарихы мен күйлер жайында сұхбат құрады. 1999 жылы жазушының тарихи әңгімелері, эсселері қамтылған «Уплывающие тени» атты кітабында Қорқыт Ата туралы ноғай халқында сақталған аңыз жарық көрген. Бұл аңыз да бізде алғаш рет жарияланып отыр.

1975 жылы академик Әлкей Мар­ғұланның айтуымен, фольклоршы ғалым Мардан Байділдаев күй аңыздарын айтушы, қобызшы Нышан Шәменұлынан Қорқыт Ата күйлерін шілде айының 20-сы күні жаздырып алған. Бұл күйлерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, профессор Мұсабек Жарқынбеков нотаға түсірген. Соның нәтижесінде бұл күйлер Мұсабек Жарқынбековтің «Қорқыт. Елім-ай» кітабында жарық көрген. 1982 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасы «Қорқыттың күйлері» атты күйтабақ шығарды. М.Жарқынбеков 1975 жылы Нышан Шәменұлымен арнайы кездесіп, бабамыздың күйлері мен аңыздарын өзі үнтаспаға жазып алған. Бұл үнтаспа Ә.Қазақбаевтың жеке қорында сақтаулы тұр. Бүгінде Қорқыт Атаның бұрын белгілі болған барлық күйлерін Әлқуат Қазақбаев түпнұсқадан қайта нотаға түсіріп шықты.

2009 жылы «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында жарық көрген «Қа­зақтың 1000 күйі» атты үнтаспаға Қор­қыт Атаның «Қорқыттың күйі» және халық күйі «Қорқыттың қобызы» сыбызғыда Құсман Мақмырзаның орындауында кірген. Ұлы қобызшының күйін Құсман Мақмырза өз кезегінде сыбызғыда тамылжыта орындаған екен. Әлқуат осы орындаудағы күйді нотаға түсіріп, алғаш рет кітапқа кіргізіп отыр.

Қазақта қобызда орындалатын күйлердің домбырада да орындалу дәстүрі сақталған. Күйші Қалдыбек Өзбеков Қорқыт Атамыздың атақ­ты «Қоңыр» күйін домбырада орын­даған. Бұл күйді қобызда дәулескер күйші Жаппас Қаламбаев та орын­даған.«Қоңыр» күйіне әлемде тең ке­ле­тін туынды жоқ. Домбырадағы орындаған нұсқасының бұл еңбекте ал­ғаш жариялануы – қазақ музыка тарихында айтулы жаңалық.

Қазақтан шыққан дананың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы Қорқыт Ата­ның сарынына өзі арнайы сөз жаз­ған. Бұл сарын бірнеше ғылыми ең­бектерде жарық көрген. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының фольклорлық зертханасының қорында қызмет атқарған музыкатанушы Асқан Серікбаева 1959 жылы Шәкәрімнің үнтаспаға жазылған әндерін нотаға түсірген. Қазақтың музыка тарихына Асқан апайымыздың сіңірген еңбегі орасан зор. Шалғай жатқан өңірлерге барып асыл мұраларымызды теріп, тізбектеп жинаған ғалым. Қазіргі таңда еңбегі ескерілмей, аты аталмай жүр.

Шәкәрімнің музыкалық мұрасын зерттеуші Арғынбек Ахметжанов 1979 жылы Қорқыт Атаның сарынын нотаға түсірген. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, қобызшы, профессор Оразғали Сейтқазының қобызға өңдеген нұсқасы осы еңбекте жарияланды.

«Қазақ күйлерінің тарихы» атты кітапта берілген «Тәңір күйі» Қорқыт атаның күйі деп жазылған. Бұл күйдің бабамыздың күйі екендігі туралы академик Әлкей Марғұлан да дерек қалдырған. Күйді орындаған қобызшы Дәулет Мықтыбаев. Нотаға түсірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, профессор Базархан Қосбасаров.

Мен 2017 жылы Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Көшер­баевқа қобызшы Әлқуат Қазақбаевтың көме­гімен табылған Қорқыт Ата туралы ең құнды деректі табыс еткен едім. Ол – Сібірге жер аударылып, 1711-1722 жыл­дары Сібірдің тарихы, этнографиясы жөнінде материалдар жинаған швед офицері Табберт фон Иоган Страленбергтің (1676-1747) сызған гео­графиялық картасы. Картада Қорқыт Ата мазары белгіленген. Бұл қазіргі таңда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт Ата туралы ең алғашқы тарихи дерек.

Сонымен, Қазақстанда Қорқыт Ата мұрасын зерттеудің жаңа дәуірі бас­талды. Соның ең алғашқы қарлығашы – Әлқуат Қазақбаевтың «Қорқыт Ата аңыздары мен күйлері» атты еңбегі.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

түрколог ғалым, профессор

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 17:01

Ұқсас жаңалықтар