28 Қараша, 2012

Өмір

564 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Өмір

Автор туралы анықтама

Қазіргі қазақ әдебиетінің қан базарынан өз орнын ойып тұрып алған қаламгерлердің қата­рында осы күндерде жетпіс жастың жотасына шыққан Марат МӘЖИТОВ есімін де атай аламыз. Сту­денттік жылдарында «Жұлдыз­дың» бетінде жа­рия­ланған алғашқы повесінің («Құм­дағы із») өзіне атышулы Құныскерейді кейіпкер етуге дәті тұруымен аты шыққан жазушы көптеген жылдар бойында «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында бөлім мең­герушісі,

Қазіргі қазақ әдебиетінің қан базарынан өз орнын ойып тұрып алған қаламгерлердің қата­рында осы күндерде жетпіс жастың жотасына шыққан Марат МӘЖИТОВ есімін де атай аламыз. Сту­денттік жылдарында «Жұлдыз­дың» бетінде жа­рия­ланған алғашқы повесінің («Құм­дағы із») өзіне атышулы Құныскерейді кейіпкер етуге дәті тұруымен аты шыққан жазушы көптеген жылдар бойында «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында бөлім мең­герушісі, жауапты хатшы, бас редак­тордың орынбасары, кейін­нен «Ақиқат» журналында бас редактордың орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарып, журналистикада ізгілікті із қал­дырумен қатар, әр жылдарда «Қып-қызыл жалын», «Құ­лынды жон», «Соңғы айналым» атты әңгі­мелер, хикаялар жи­нақ­тарымен танылды да, тәуелсіздік жылдарында кеңінен көсі­ліп, «Құныскерей», «Тобанияз» романдарын оқырманға ұсынды.

Ашық тұрған сыртқы есіктен сенекке, одан қаракөлеңкелеу ауыз үйге жүгіре басып кірген Әріп қолқаны атқан күлімсі иістен тыжырынып кейін шегі­не беріп еді, қарсы бөлмеден “Бұл кім-ау, Күләнбісің, кел” деген қырыл­дақтау дауыс шықты. Әріптің тұла ойы әуелі шым етті де, жаншылып, езіліп бара жатты. Басы айналып, құлай жаз­даған соң сылқ етіп отыра кетті. “Ой­пырым-ай, тірі екен-ау, әкем, әке­шім”, деген сөздерді Әріп іштей қайталады. Бет-аузын тер жуып, жүрегі қатты­рақ соққасын арқасын қабыр­ғаға тіреп, көзін жұмды.

– Күлән, кірсейші, қызым. Бүгін ертерек келгенің дұрыс болды, таңдайым кеберсіп шөл­деп жатыр едім. Күннен-күнге дәрмені құрғыр азайып бара ма, әйтеуір, кеудем көтертпейді, зіл қара тас. Сенен басқа бір адам төбесін көрсетпейді, бұл жұртқа не болған, ә?

Әріптің өн бойы терге малшынды, екі-үш ұмтылып орнынан тұра алмады.

– Апыр-ай, ит-ау кіріп кеткен, кет-ей, кет. Қап, есік ашық қалған екен ғой…

– Әке, мен ғой, Әріппін.

Өз дауысын өзі естімеді. Тамағы бітеліп қалғандай үні шықпаған соң көйлегінің ілгек­терін бытырлата үзіп, терең дем алды. Сәлден кейін қабыр­ғаға жармасып, тік көтерілді де өзі­не-өзі келе алмай біраз тұрды. Сосын алға қарай қадам басты, бір, екі үш… ұмтылып барып, әкесі жатқан бөлменің терезесін ашпақ боп пердесін ысырып еді, шегесі жұлынып түсті де перде­нің бір жағы салақтап қалды. Терезе әйнегіне жапсырылып, күн көзінен әбден сарғайып өз-өзінен тұтануға шақ тұрған газетті де жұлып тастап, жалт қарады да, «Әке, мен ғой, Әріп­пін» деп дауысын қаттырақ шы­ғарып, сұлқ жатқан ұзын қара кісіге кемсеңдей жабыса кетті.

Өзін тас қып құшақтап алған баласына кәрі кеудесі бордай езілгенмен қарт сабыр сақтап, үндемеді. Тек қос жанарынан шыққан ыстық жасқа ие бола алмай, аз-кем шер тартқандай күйге түсті.

– Әке, мен, – деп Әріп бу­лыға жылады.

– Қой, шырағым, қой. Басымды көтерші, кеудем езіліп…

Әріп әкесінің шүңірейген көзі мен суалған жағына, қоңқи­ған мұрнына, сақал өсіп шошайып кеткен иегіне байыптай қарады да, көз жасын сүртіп, қорс еткізіп танауын тартты.

– Кеудемді көтерші, шыра­ғым.

Әріп шапшаң қимылдап, қарттың жастығын биіктетіп, де­несін сәл-пәл жоғары көтерді де, жанына тізерлей отырды.

– Иә, аман-есен келдің бе, шы­рағым? Өзіңнен хат-хабар болмаған соң күдерімді үзе бас­тап ем. Шешең де жылай-жылай келмес сапарға өткен қыста аттанды. Боркемік еді ғой, сенің қай­ғыңды көтере алмады. Жап-жас кетті, бейшара, елу алтысында.

Әріптің өн бойы тағы да езіліп, жаншылып бара жатты, бірақ, көзінен жас шықпады. Өңе­шін ащы запыран тіліп өт­кендей әсерде қалған ол әке жүзіне қарай алмай бүкшие түсті.

– Мені де айналдыра бастады. Сап-сау жүріп, аяқ астынан ауырдым, суық тиді ме, білмей­мін, әлде ескі жараның салдары ма? Осы ауылдағы медсестра келіншек келіп, дәрілер беріп еді, ішсем болды, құстырады. Сосын жан тәтті, қоя қойдым.

Әріп басын көтермей бүк­шиіп отыра берді.

– Шешең қайтыс болғанда, телеграмма салып едік, алдың ба?

– Алдым, әке, алдым, бірақ, еріксіз едім ғой ол күнде. Әрі телеграммаға мөр басылып куә­ландырылмаған.

– Түсінікті, өзім де солай ойлап ем, топшылап ем. Өңің жақ­сы, бұрынғы қалпың. Тек ша­шыңа аздап ақ кірейін деген бе, қалай? «Жалғыздың артынан із­деп бармадың», деп шешең ма­ған өк­пелеп жүріп, қайтыс болды. Бейша­ра­ның көз жасына қалдым ба, кім біледі?

Әріптің көзінен жас судай ақты.

– Мен өз дегенімде тұрдым, сенен көңілім мықтап калып еді, шырағым. Әйтеуір аман-есен көрістік. “Іштен шыққан шұбар жылан” деген осы.

Ке­шір, әке.

Әріп басын көтермей, одан сайын бүкшие түсті.

– Кешірімді анаңнан сұрауың-ақ керек еді, бірақ, үлгере алмай қалдың. Мені қойшы, мен әкемін. Кешегі от пен оқтың екі ортасынан аман келген еркек емеспіз бе, біздер. Иә, – қарт булыға жөтелді. – Сол соғыс салған жара ғой аяқтан шалып жыққан, әйтпесе… – Қарт тағы да жөтелді. – Тере­зені ашып, шай қамын жаса, шырағым. Енді осы шаңырақтың иесі сенсің, – деді қарт кеудесін сәл көтеріп. – Міне, алты жыл да зулап өте шықты. Тірі болғанда анаң байғұс қандай қуанар еді, ақ түйенің қарны жарылар еді-ау бүгін.

Сәлден кейін самаурынға толтыра су құйып, оттығына ағаш жаңқаларын тастап маздатты да сыртқы есіктің алдына қойды. Ескі қара шәйнектің сыртын топырақпен ысып-ысып, аздап бозартып, легенмен қоса әкесінің қасына апарып қойды.

Көзі ілініп кеткен бе, деп үңіле беріп еді, әкесі:

– Куанған мен қорыққан бір­дей деген рас, шырағым, сенің келгенің өңім бе, түсім бе деп жатқаным, – деді.

– Әке, беті-қолыңызды жуасыз ба, мамамның самаурынымен шай қойдым, лезде қайнап қалар, – деді Әріп күң­кілдеп.

Әріп дастарқан жайып, ас үй саналатын кішкентай бөлмедегі ескі шкафтың ішін қарап еді, бес-алты шақпақ қанттан басқа еш­теңе жоқ, әр бұрышта шашылып қатып қалған нанның кесіндісі. Жүгіріп сарайға барса, есігі шал­қасынан қайырылып жатыр, іші көң сасиды. Осыдан алты жыл бұрын мамасы тамақты жаз айында сарайға үстөлге жасайтын. Ішін әктеп, еденін сырлап жар­қыратып қоюшы еді. Қазір бұл да жетімсіреп иесін жоқтап тұрған секілді. Әріптің көз алдына шай құйып отырған анасы елестеді. Биязы өңді, жылы жүзді, өте кішіпейіл, мәдениетті адам еді. Мұны жанындай жақсы көріп, аялап, ерке­лететін. “Менің ұлым біреу болғанмен бірегей боп өседі”, деген сөзді жиі қайта­лайтын. “Сөйткен анасына бұл не жақсылық көрсетті. Анасының арманын да, өзінің болашақ мақсат-мүддесін де ойланбай іс­теген бір іспен турап, бөлшектеп тастаған жоқ па? Әй, әттеген-ай, ессіз жастықтың есер қылығы өзін де, өзгені де қара бет етті-ау! Кешір, анашым. Кешір», деген сөзді іштей егіле айтты да үйге кірді.

– Шырағым, бұл үйде дас­тарқанға қоятындай ештеңе жоқ шығар. Мен төсек тартып жатып қалғалы әлгі Күлән қызым тамақ пісіріп әкеледі. «Үйге оны-мұны әкеліп қойсайшы, қолың тигенде», деп ақша ұсынсам алмайды, – деді қарт үзіп-үзіп сөйлеп.

– Әке, менің сөмкемде бір­де­ңе болар, – деп Әріп сырты шаң-шаң қара портфелін дастарқан шетіне қойып ішін ашты. Екі-үш пәшке үнді шайын бөлектеп, аз­даған конфет, колбаса, сыр, та­ғы басқа ұсақ-түйекті әкесінің алдына қарай ысырды. Сосын қа­тыр­ма жағалы ақ көйлек пен ала шапанды қарттың қолына ұстатты.

– Ой, шырағым-ай, босқа әуре боп, далада жүргенде, дегенмен, шын көңі­ліңе рахмет, – деді қарт естілер-естілмес үнмен. – Ал ша­йыңды шапшаңдат, басым ды­ңылдап барады.

Әріп әкесіне көз тоқтата қарап еді, әбден жүдеген екен. Қайқиған баста қоңқиған мұрны ғана қалыпты. Екі жағы суалып, иегі шошайып, көз жанары да солғын тартыпты. Мойны қыл­қиып, ұзарып кеткен бе, қалай? Шойыннан құйғандай сом денесі шөгіп, сүйектері арса-арса. Салалы саусақтарынан ет қашып, тарамыстана ұзарған секілді. Апырай, кұшақ жетпейтін кеудесі солып, семіп бара жатқандай ма? Әріп көзін аударып әкетті. Е, бабаларымыздың айт­қаны рас-ау, “Ер арыса аруақ, ат арыса тулақ” деп.

Әріп әуелі дастарқанды жинап, сонан соң әкесінің көрпе, жастығын қағып-сілкіп, жаңар­тып салды. Қарт дүзге өзі шығып келді де төсегіне қисайды. Қы­зуы көтерілді ме, құлағы шыңылдап, басы айналды, көз алды қарауыт­ты. Әке­сінің жайын айтпай-ақ ұққан Әріп:

– Дәрігер шақырсам қайтеді? – деп еді, әкесі қажеті жоқ дегендей басын шайқады.

Түс ауа үйге толықша келген қыз кіріп амандасты. Мызғып кеткен әкесін оятқысы келмеген Әріп қызға сыбырлай үн қатты:

– Кешірерсіз, жаңа ғана көзі ілініп еді, жай жүрсіз бе?

– Жайшылық, тамақ пісіріп әкеп ем…

– А, Күләнбісіз? Төрлетіңіз, төрле­тіңіз, – деді Әріп дауысын көтеріңкіреп.

– Жоқ, рахмет, сенекке қой­дым, сіздің келгеніңізді есіткен­мін. Мен сізді білемін, аға. Сіз кеткенде жоғары класта оқи­тынмын…

– Рахмет, қарындасым, біраз қамқор­лапсың, адамгершілігіңді ұмытпаспын. Әрқашан мерейің үстем болсын! Әй­теуір, бір-екі шыны шай ішті, қазір ұйықтап жатыр.

– Келіп тұрамын ғой, біздің үй шет­керірек. Кешке таман мүмкін анам кіріп шығар. Сосын тоқ шәйнек шкафтың ішінде, самаурынға шай қайнатып әуре болмай-ақ, – деді де Күлән шегін­шектеп үйден шыға жөнелді.

– Осыңдай адамдардың, – деп риза кейіппен Әріп күбірлей беріп еді, әкесінің ыңылдаған үнін естіп, дереу бөлмеге ұм­тылды.

Әріп кіргенде қарт жүрек тұсына оң қолын қойып, ентіге дем алып жатыр екен. Қызуы көтеріліп, кеудесінде бір сырыл пайда болған. Қабағы түйіліп, тарс жұмулы көзінің жиегінен жас тамшылары көрінеді.

– Әке, Күлән қызыңыз ет пісіріп әкеп­ті. Суымай тұрғанда сорпасынан ішсеңіз?

– Әй, тәңір жарылқағыр бала өзі. Мен ауырғалы көмектесіп қанатымен су сепкен шешесімен екеуі, мың болғыр! Адам күні адаммен деген осы, шырағым. Кемпірім өлгелі ауызым тұшып ас ішпеп ем, осы қызымның пі­сірген тағамы тым дәмді. Әкелші, жеп те, ішіп те көрейін.

Әріп жүгіріп басып, сенекте тұрған шағын ыдысты қос қол­дай ұстап алып келді де, қақпа­ғын ашып еді, суымапты, әлі буы бұрқырап тұр екен. Қарт еттің қамырынан ғана ауыз тиіп, сорпасынан аздап ұрттады.

– Болдым, шырағым, өзің тойып ал. Әлгі Сәрсенді білесің ғой, шопан, соның отарында жүрген үш-төрт жандығымыз бар. Бір келгенде өзі айдап әкетіп еді, баға алмайсың, жоғалып кетеді деп. Енді Сәрсенмен қалайда хабарласып, біреуін алдырып, сойып тастамасақ болмас. Тіл қажау керек қой. Әлгі Күләнға осы жайды да білдірдім-ау, “сасқан үйрек артымен сүңгиді” деген емес пе. Осы ауылда сөзімді сеніммен айтатын бір-екі еркек бар еді, жұмыстан қолдары тимей жүр ме, бой көрсетпейді. Ал, суыңды ысыт.

Әріп әкесіне бірдеңе айтпақ боп оқтала берді де, ол райынан тез қайтып, сыртқа шықты. Бі­реу-міреу көріп қояр деген кісіше бұқпантайлап ауланы айналды. Өзінен өзі жасқанғандай күйге түскені қалай? Бұл ауыл­дың, өзінің туып-өскен жерінің адамдары да бұған таңырқай, таңдана қарайтын секілді. Шақырайып тұрған күн көзі мен маңдай сипаған майда желі де, тіпті дем алып жүрген ауасы да “сен осы қайда болдың, біз сені танымай қалыппыз”, деген сыңай танытатын сияқты. Аулақта, бөг­де жерде өткізген алты жылы мұның іргесін өз ауылынан да, оның азаматтарынан да бөліп тастағанын қазір сезіп тұр. Сол алты жыл өмір бұған жасқан­шақтық, жа­сықтық қана сыйлаған тәріз­ді. Әйтпесе, тамағы аш, көйлегі жыр­тық болған жоқ.

Самаурынға су ысытып, дайын болған соң ішке кіріп әкесіне хабарлады. Дереу сөмкесін ашып, жұпар сабыны мен сақал, мұрт басатын ұстарасын әзірледі. Сарайда ілулі тұрған үлкен легенді сенекке кіргізіп, ішін ыссы сумен қайта-қайта шайды. Әкесін сүйе­мелдеп әкеп, суға түсірді. Өткір ұстарамен сақал-мұртын алды. Етжеңді, денелі кісінің арса-арса боп сүйегі ғана қалыпты. Екі метрге жуық бойы да шөгіп, қауқиған басы мен ұзын мойны қалт-қалт етеді. Екі кісі мінгендей екі иығы да омырылып қалған секілді. Әріп әке­сін қолтықтай көтеріп, төсегіне қайта жатқызып, жастығын биіктетті.

– Рахмет, шырағым, бойым жеңіл­деніп қалды, өркенің өссін. Енді ыстық шай бер, таңдайым кеуіп, шөліркеп тұрмын, – деді қарт. – Жүзіне аздап қан жүгіріп, сергек қимыл танытты.

Күн көзі екіндіге таянғанда Әріп сыртқа шығып үйді бір айналып өтті. Сосын сарайдың ішін тазалап, ескі-құсқыны лақтырып, тәртіпке келтірді. Есігінің үстіңгі топсасы сынып кеткен екен, оны ауыстырды. Біреу-міреу үйге бас сұғар ма екен деген оймен жан-жағына жалтақтай көз тігіп еді, ешкім келмеді. «Бұл қалай, әлде ауыл адамдары түгел құлақтан­бай жатыр ма екен», деген күдік жанын мазалағандай болды. Сонда мұның ауылға оралған қуа­нышына еш­кімнің ортақтаспа­ғаны ма? «Әй, пәлен­шенің баласы жуық арада келіп қалар-ау», деп ешкім құлақ түріп жүрмегені ғой. Сонда тепсе темір үзетін білдей жігітті жоқ болдыға сана­ғаны ма, әлде одан біржола түңіл­гендері ме? Осындай ой тізбегі жиналып кеп, жүрегін шымырлатып, көңілін көгендеп тастаған­дай мең-зең күйге түсті. Ешнәр­сеге құлқы болмаған соң жай басып үйге кірді. Үй-іші қаракө­леңкелеу екен, дереу май шамды жылтыратты.

Суытыңқырап екі кесе шай ішкен қарт төсегіне қисайды. Аз-кем қорылдап, қайта оянып, ауыр күрсінді. Әріп қабыр­ғаға жауы­ры­нын сүйей әкесін бақылап отырды. Жарқ етіп электр шамы жанды да сәлден кейін қыза­рыңқырап барып қайта өшті. Керосин шамның қолқаны атар иісі шыққан соң, дереу есіктің аржа­ғына қойып, тек болар-болмас сәу­ле­сін ғана жылтыратып, піл­те­­сін басты да қайта кеп жантайды. Шаршағандікі ме, мұның да көзі іліне бастаған соң атып тұ­рып, жауырынын қабырғаға тіреді.

Тағдырдың бұралаңы көп ауыр соқпағына өз еркімен барып түскені мұның алты жыл бойы жанын қинап, жігерін жасытып, ішкенін ірін, жегенін желім еткен. Сол бір жаза басқан кеш өмір бойы жүрегіне қара дақ боп жабысып қалатынын білсе ғой. Сол кешті тағы да көз алдына елестетіп көрді. Елестетті де өзі­нің кінәлі не кінәсіздігіне күмән­дана түсті.

…Іңірде досының үйінен қызыңқырап шығып, өз үйіне беттеген кезі еді. Орталықта тұратын екі жігіт бұған тосыннан соқтықты. Біреуін ептеп таниды, екіншісін тек шырамытады.

– Бес сом берші, жетпей тұр, – деді бұл танитын жігіт.

Қалтамда жоқ, болса беремін ғой, – деді бұл ағынан жарылып.

– Неге жоқ, жоқ деуге ұял­майсың ба? – деді екіншісі.

– Жоқ дегеннің несі ұят, – деді бұл даусын көтеріп. – “Жоққа жүйрік жетпейді” деген емес пе.

– Ей, боқмұрын кімге дауыс көтере­сің-ай, а? Мұның ділмәр­суын қарай гөр, – деп екінші жігіт мұны іштен тепті. Бұл өзіне сілтеген аяқты шап бере ұстап еді, анау шалқасынан түсті де, орнынан тұрмай серейді де қалды. Танитын жігіт тайсақтап шыға келді. Бұл ашу күйімен ешнәрсеге назар аудармай жатқан жігітті бүйірінен екі-үш рет тепті де жөніне кетті. Ертеңіне екі милиционер үйінде жатқан мұны ұстап әкеткен. Екінші жігіт кұла­ғанда басы жазатайым темірге соғы­лып, ауруханада қайтыс болыпты. Бұл барлығын мойнына алды. Содан әуелі Павлодарда, одан Красноярск өлкесінде алты жылын өткізді. Ешкімге хат жазбады, мұнымен ешкім хабарласпады. Жұ­мысты жан-тәнімен істеп, жүрген ортасында абырой тапты. Онда да адам­дардың түр-түрі бар екен. Біреу бұзақы, біреу жылпос, біреу жалқау. Бірақ соның бәрі әділ заңның, темірдей қатал тәртіптің тегеуірінімен кұр­дай жорға­лайды, бас бұруға мұр­шалары жоқ. Солардың кей­біреуі өздерін жазықсыз санайды. Әй, қайдам, өзі кінәлі болғасын ба, «жазықсыз адам ол жерде жүр­меуі керек қой», деп ойлаған. Сол ойына алты жыл бойы кө­леңке түсірген емес. Мұның жастығын, тәжірибесіз­дігін тіс­­қақ­­­қандар пай­даланғысы келгенмен бұл оларға мүмкіндік бермеді.

Ой құшағында отырып, біраз уақыт қалғып кеткен екен, шошып оянды… Көзін уқалап-уқалап жіберіп, көкірегі сырылдай дем алып жатқан әкесіне үңіле қарады. Қарады да шошып кетті. Қарттың көзі ауып, аузы ашылып, мүлдем есін жоғалтқан сияқты боп көрінді бұған.

– Әке. – Ащы дауысы шық­ты. – Әке деймін!

Үн жоқ.

– Әке, – деп Әріп қарттың кеу­десіне қолын салды да жал­ма-жан жүрегіне құлағын тосты. Соғып тұр. Сосын бас салып кеудесін уқалады.

Қарт екі аяғын жиып, көзін ашты да. – Жай ма, шырағым? – деді әлсіз дауыспен.

– Ойпырым-ай, шошып кет­кенім, жайсыз жатыр екенсіз, әрі дауыстасам оянбадыңыз.

– Шай ұрттатшы, таңдайым кебірсіп қалды. Бір түс көріп, “тауықтың түсіне тары кіреді” деген осы.

Қарт сәл жымиды.

Әріп қартқа шай берген соң дұрыстап, жастығын қопсытып қайта салды. Әкесінің аяқ-қолын уқалап біраз отырды. Қарттың көзі ілінді-ау дегенде, иісі кө­ңірсіген керосин шамды өшіріп сыртқа шықты да, түнгі ауамен тыныстап әрлі-берлі жүрді. Кенет, айдау қара жолмен аңырата жүйткіген машинаның гүрілімен қоса қос шамы да жарқ етіп көрінді. Әріп алға қарай бар пәрме­німен жүгірді. Әйтеуір, үлгерді-ау! Машина­ның жары­ғына көзі шағылыс­қанына қара­мастан қолын кө­теріп тұра қал­ды. Машина тақау келіп тоқтады.

– Жай ма? – деді кабинадан басын қылтитқан шофер ре­нішті дауыспен.

– Сіз орталыққа барасыз ба?

– Ал, ие дейік, мен асы­ғыспын.

– Әкем қатты ауырып жатыр еді, мүмкіндігіңіз болса ауру­ханаға хабар­лауы­ңызды өтіне­мін. Өзім науқастың қасынан шыға алар емеспін.

– Аты-жөнін жазып бер, мін­детті түрде хабарлаймын. Кө­мек­ті осындайда көрсетпегенде, иә, деймін-ау!

– Қазір. Үйге барып жазып әкелейін.

– Тоқта. Қағаз, қалам бар ғой менде. Аты мен фамилиясы кім?

– Есен Құдайбергенов.

– Жақсы, түртіп алдым. Қызуы бар ма? Неше жаста?

– Өтінемін, тез айтсаңыз. Айтпақ­шы, жасы алпыс бесте.

Жауап орнына кабина сарт етіп жабылды да машина тұрған орнынан қоз­ғалып та үлгерді.

ххх

Күн көзі ұясынан көтеріле Әріп ыңылдаған самаурынды көтеріп үйге кіре беріп еді, машина сигналын естіп мойнын бұрды.

– Әй, жігіт, Есен қарттың үйін біле­сіз бе? – деді жедел жәр­дем машина­сының шофері айқайлап.

– Осы, қош келдіңіз, – деді Әріп самаурынды қоя салып. Машина ішінен ақ халат киген бір әйел, бір ер адам түсті. Әріп екеуімен қол алып амандасып, алға түсті де бөлмеге кірді. Көзін ашқан қарт аң-таң.

Біраздан кейін қартты носилкамен машинаға кіргізіп жат­қызған дәрігер­лермен бірге Әріп те зулаған “жедел жәрдем­нің” ішінде кетіп бара жатты.

Ол әкесіне қайта-қайта үңіле қарай­ды. Қарттың кұп-қу бетіне ептеп қан жүгірген секілді. «Әкем енді тәуір болып, ұзақ өмір сүреді», деп ойлады ол. Анама көрсете алмаған көме­гімді әкеме көрсетуім керек қой. Бұл ертең үйленіп семья құрып, үбірлі-шүбірлі болады. Әкесі немерелерін иіскеп күн шуақта отырады, немесе жетектеп жүреді. Иә, мұның бүкіл өмірі алда. Алда екені шындық қой». Әріп өзінен-өзі толқып, тебі­реніп кетті.

“Жедел көмек” зулап келеді. Дәрі­гер­лердің бірі Әріпке қарап жымиып қой­ды да: – Ән салсайшы, жігітім, – деді.

Ән, қандай ән, өмір атты ән бар ма, осы? Бары бар ғой, бі­рақ, қапелімде есіне түспе­генін қа­рашы. Ол ән айтуға іштей дайындала бастады. Сол мезет жүрегі шымырлап жандүниесі алай-дүлей боп кәдуілгі арқалы ақын­дарша ән шумақтары ойына орала берді. Содан кейін бір әнді әуелете шырқап кеткенін өзі де сезген жоқ..

Марат МӘЖИТОВ.