Руханият • 27 Желтоқсан, 2018

Жұмагүл Солтиеваның 70 жасқа толу құрметіне орай салтанатты жиын өтті

1376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінде, жалпы қазақ халқының саяси-қоғамдық өмірінде күні бүгінге дейін әйел затының аты сирек аталып келген жоқ па?! Өткен ғасырдың басында әйел теңсіздігі деген ұран көтерілгенде, кейіннен гендерлік саясаттың туы желбі­регенде қазақтың қайсар қыздары халықтың тұрмыс-тіршілігіне белсенді араласты. Бұрынғы қа­зақ әйелін үйде отырғызса, көзге ілмегендік емес, құрмет­тегендіктен деп түсіндіреді Әбіш Кекілбайұлы. Жау мен дау­дың өтіне бала мен жарды сал­май алдымен өздері түскен біз­дің бабаларымыздың әрекеті ман­сұқтау емес, мәпелеу болатын. 

Жұмагүл Солтиеваның 70 жасқа толу құрметіне орай салтанатты жиын өтті

Заман өзгеріп, заң түрленгенде де қазақ баласының әйел затына құрметі өзгермеді. Бірақ жолы жіңішке қыз баласының сөз өнеріндегі жолы жазушы сөзімен айтқанда, тіпті қылдырықтанып кетті. Әйел затының үлкен жа­зу­шы, журналист болуына сенім­­сіздікпен қарағандар да болса керек. Бірақ осы сөздің се­міп қалған түсінігін бұзған қа­зақ­тың қаламгер қыздарының бірі Жұмагүл Солтиеваның кел­бетін таныған сайын сол сенім­сіз­дік жадағай ойдан туған жаттанды сөздей сезіледі бүгін. «Егемен Қазақстан» газетінің шаңырағында газет ардагері, белгілі журналист, жазушы, драматург Жұмагүл Солтиеваның 

70 жасқа толу құрметіне орай салтанатты жиын өтті. «Дәстүрі берік ұжымның бағдары айқын. Ғасыр жасап отырған ата басылымның бұрыннан қалыптасқан жолын, ұрпақтар сабақтастығын сақ­тап, өз ардагерлерімізді қа­шан­да құрметтеп сыйлап­ жүре­міз. Сіздердің салған дара жол­дарыңызбен кейінгі өскелең ұрпақ жаңылмай жүре алады. Сіздер айтқан сөз бізге – өнеге, жастарға – үлгі. Өзіңіздің ұжымыңыздың атынан құттықтауымызды қабыл алыңыз» деп «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қы­дырәлі құттықтау сөзін айтып, ардагер қаламгеріміздің иы­ғына камзол жапты. Жұмагүл Сол­тиеваны құттықтауға замандастары мен сыйластары кел­ді. Жанат Елшібек, Сайраш Әбіш­қы­зы, Сүлеймен Мәмет, Қай­сар Әлім, Оразгүл Асанғазы, Елена Әбдіхалықова сияқты сөз саң­лақтары жылы лебіздерін арнады. 

«Осы Астананы Арқаға кө­шіріп, бағаналы орда құрған Елбасына ризамыз. Астанаға келгенге дейін сырттай сыйласып, жылына бір-екі рет сөйлесетін Жұмагүлмен осы Астанаға келген соң, қоян-қолтық араласып, жұмыс істедік. Жұмагүл десе, менің көз алдыма Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза елестейді. «Қыздардан журналист шықпайды» дегендердің сөзін жоққа шығарған үркердей топтың маңдай алдында жүрген замандасымыз. Журналисткасынан бөлек драматургиясы да көпшіліктің көңілін жадыратты. Мағжанның Зылихасын қалай шебер сахнаға шығарды. Бұл күллі Алаш қай­раткерлерінің жарларына қо­йыл­ған ескерткіш деп ойлаймын. Кешегі желтоқсанда ерлік көр­сеткен Қайрат Рысқұлбековтің қыз­дарға жазған хатын «Қазақстан әйелдеріне» жариялады. Яғни Жұмагүл қашанда ұлтқа керек қазыналарды аршып жүреді. Осы үшін саған халқың да разы» деп құттықтауын жеткізді қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы.

Сөз соңында Жұмагүл Сол­тиева да өзі істеген қарашаңыраққа пейіл, көңілдері үшін алғысын жеткізді. Жұмагүл апай «Япырау» әнін жас күнінде жиі айтып, керемет жақсы көреді екен. «Көңіл көңілден су ішеді». Жақсы лебіз, әйбат құттықтауларды естіп, көңілі марқайған Жұмагүл апамыз қанатының астына маржан тағып, әндетіп кетіп бара жатқан жоқ па екен...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»