Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныса отырып, ұлтымыздың ұлылығына, ата-бабаларымыздың тапқырлығына, тарихымыздың тереңдігіне таңдай қағып, тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.
Мақаланың негізгі тұжырымы халқымыздың береке-бірлігін, ұлтаралық татулығын сақтай отырып, сирек кездесетін құбылыстар мен нысандар ретіндегі ғұрыптық, маңызы бар тарихи оқиғаларды кеңістік бетіне шығарып, уақыт таразысына салуға шақырады. Бұл жолы Елбасы халқымыздың өткен тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер жайлы айтты. Ендігі кезекте оларды зерттеп-зерделеп жастарға жеткізу міндеті тұр. Табиғи және тарихи-мәдени мұралар нысандарының түрлерін, кеңістіктегі орнын, пайда болу тарихын, оған қатысты қазіргі дәстүрлерін оқып-үйрену, қадірлеп-қастерлеу арқылы халқымыздың болмысын өзгеге де, өзімізге де таныту және сақтау барысын қолға алуымыз керек.
Елбасы мақалада «Ұлы дала» атты ежелгі өнер технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндік бар екендігін айтып отыр. Мақсат – Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозицияларын қойып, тарихи дәуірдің қандай да бір кезеңінен мағлұмат беретін мәдени орын қалыптастыру. Соңғы жылдары туристік саланы дамытуға көп көңіл бөліп келеміз. Мысалы, Талдықорған өңіріндегі бізге жеткен мәдени мұраларды сырттан келетін туристерге таныстыру барысында тартымдылығымен, бірегейлігімен ерекшеленетін тарихи-археологиялық ескерткіштерді заман талабына сай қалпына келтіріп, туристік нарыққа ұсынудың маңызы зор. Себебі, Алматы облысында тау алды жазықтары мен аласа таулы алқаптарда ежелден халық жиі қоныстанғанын айғақтайтын тарихи-археологиялық ескерткіштер өте көп. Адамзат қоғамы дамуының баспалдағы болған Ұлы Жібек жолының солтүстік-шығыс тармағының бойындағы сауда-экономикалық, әкімшілік аумақтық маңызы бар ерте орта қалалар, сондай-ақ қола, сақ-ғұн кезеңдерінің жартастағы суреттері, қорғандары мен балбал тастары, керуен жолдарының бойындағы сауда бекеті, әскери бақылау қонысын атқарған қарауыл төбелер мен Орбұлақ, Борша, Аңырақай сияқты қазақ-жоңғар соғысы кезінде кескілескен шайқас болған орындар жетерлік. Осындай ерте заман тарихынан сыр шертетін рухани-материалдық мұраларды оқып-үйреніп, зерттеуге, еліміздің бірлігін сақтау мақсатында тиімді пайдалануға, ғылыми-танымдық, зияраттық туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Жетісу жерінде ғылыми-танымдық туризмді дамытуға болатын жердің бірі – Сарқан ауданы. Аудан аумағындағы ерте орта ғасырда гүлденген Х-ХІІ ғасырларда Қарлұқ қағанатының астанасы болған ежелгі Қойлық (Қаялық) қаласы бар. Қала орнында тарихилығымен ерекшеленетін, мемлекеттік қорғауды қажет ететін бірнеше тарихи-сәулет ескерткіштері орналасқан. Қазба жұмыстары барысында анықталған шығыс моншасы хамам, бай саудагердің үйі мен керуен сарайы, мұсылман мешіті, будда храмы секілді әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарды бастапқы қалпына келтіріп, табылған құндылықтарды жәдігер ретінде қойып маңыздылығын арттыра түссек, Сарқан ауданындағы Қойлық қаласын Орталық Азиядағы орта ғасырлық өркениеттің ірі орталығы болғанын дәлелдер едік. Қолда бар құндылықтардан ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық қорық-бақ ашу арқылы туризмді дамытуға әбден болар еді.
Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолының бойында кезінде әр 150-200 шақырым қашықтықта әкімшілік және сауда-экономикалық маңызы бар нысандар салынған. Оның қатарында Қойлық, Көктұма, Екіоғыз сияқты қалалар болған. Осы қалалардың 20-25 шақырымында ауданы 200х200 метр болатын шағын сауда және әскери бекеттер болғанын қазба жұмыстарының нәтижесінде біліп отырмыз. Бірақ Алакөл ауданындағы Жайпақ, Ынталы, Көлбай ауылдарына археологтардың қолы жетпей жатыр. Егер осы елді мекендерге зерттеу жүргізсек, әлі талай тың деректердің көзі ашылады. Жалпы Алакөл жағалауында демалыспен қатар танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ресурстар өте көп.
Көксу, Қаратал аудандарындағы Екіоғыз (Эквиус), Жарлыөзек, Мұсабек қалашықтарын, Балқаш және Кербұлақ аудандарындағы Бояулы, Ағашаяқ, Ақтам, Қарамерген және тағы басқа да пайда болған қалашықтарды тереңірек зерттесек, ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау, металл өңдеу кәсібі дамығанын бұлтартпайтын дәйектер табар едік. Жалпы Жетісу жерінің шешілмеген жұмбақтары өте көп. Елбасы мақаласынан кейін ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, ізденуші жастарымыз осы жұмбақтарды шешуге, білек сыбана кіріседі деп ойлаймын.
Мақалада айтылған «Аң стилі» бағыты бойынша зерделесек, Жетісу өңіріндегі Құлжабасы, Қарабастау, Ешкіөлмес, Баянжүрек, Алмалы тауларындағы жартастағы суреттердің басым бөлігінде жұп тұяқты ұсақ жануарлар мен жыртқыштардың, тау ешкінің қозғалыстағы бейнесі, құлжа мен арқардың бедерлі бейнелері, тағы басқа аңның суреттері салынған. Мифологиялық өнерге жақын болғандықтан, алыстан қарағанда жартастағы суреттегі бейнелер түкке тұрғысыз секілді көрінеді. Ал суреттердің салыну мақамы мен мазмұнына терең үңілсек, ата-бабаларымыздың тіршілік қарекетін көреміз. Талдықорған қаласының маңындағы Бурақай, Ешкіөлмес, Лабасы тауларындағы гранитті алқаптардағы андезитті дайкаларда, ұсақ кристалды базальтты жартастарда ерте замандағы адамдардың дүниетанымына сай алып күштің, құнарлықтың нышаны болғандықтан жер жыртып жатқан өгіздің, жатқан аңның бейнелері жиі кездеседі. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген профессор Зейнолла Самашевтың еңбектеріндегі деректерге жүгінсек, Баянжүрек, Алмалы, Ешкіөлмес тауларының тар шатқалдарында шамамен 3000-4000-ға жететін жартастағы суреттер бар екен. Әрине, басым көпшілігінде аңдардың суреттері салынған. Бұл бүгінгі бейнелеу өнерінің бастауы болып табылатынына күмәніміз жоқ. Мен «Аң стиліне» қатысты бір ғана Жетісу өңіріндегі бүгінде танымал болған зерттеулерді айтып отырмын. Ал әлі еліміз бойынша зерттелмей, сыры ашылмай жатқан қаншама құндылықтарымыз бар.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып, бір ғана Ұлы Жібек жолы тармағы арқылы ұлтымыздың түп-тамырына үңіліп, оның экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастағы қабілетінің зор екеніне көз жеткізуге болады. Мұның бәрі сайып келгенде өсер ұрпақтың еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттырады. Ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша қорғап, мұра етіп бізге жеткізген құндылықтарын сол қалпында сақтауға үйретеді. Қалпын бұзбаған дүниелерді келер ұрпаққа ұсына білсек, олар түп-тамырының кім екенін біліп, ата-бабасының барлық салада әмбебап болғанын танып, мақтан тұтып өседі деген ойдамын.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор
ТАЛДЫҚОРҒАН