09 Қаңтар, 2019

«Қазпошта» ішкі нарықтағы Amazon мен Alibaba-ға айналады

525 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы онжылдықта электронды сауданың қарқын алуы тауар бағасының арзандауына айтарлықтай ықпал етті. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, Қазақстан азаматтарының дүкен мен базарлардан алып келген өнімдерін онлайн дүкендерден 2-2,5 есеге арзанға алуға мүмкіндігі бар. Халықтың электронды сауда мен оның артықшылықтары туралы сауатының ашылуы соңғы бірнеше жылда елімізде онлайн тұтынушылар санының геометриялық прогрессиямен өсуіне сеп болған. «Егемен Қазақстан» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында «Қазпошта» басшысы елдегі электронды сауданың қазіргі тенденциясы мен болашақ әлеуеті туралы кеңінен әңгімеледі. 

«Қазпошта» ішкі нарықтағы Amazon мен Alibaba-ға айналады

– Сәкен Сейітжаппарұлы, отандық нарықтағы элек­трон­ды сауданың дамуына қалай баға берер едіңіз? 

– Қазіргі таңда қазақстандық азаматтар шетелден, соның ішінде Қытайдан, Еуропадан, Ресейден және АҚШ-тан тәулігіне 60-70 мың зат сатып алады. Ішкі на­рықта да отандық интернет дүкендер арқылы тәулігіне осын­ша­лықты өнім сатылады. Бұл көр­сеткіш жыл сайын екі есеге көбейіп келеді. Мәселен, былтыр қазақстандықтар шетелден тәулігіне 30 мыңдай зат сатып алған. Менің ойымша, ендігі жылдың аяғына дейін тәу­лігіне шетелден 150 мыңдай, ішкі нарықтан да осыншалықты сәлемдеме қабылдайтын болады.  Сондықтан біздің бизнесмендер онлайн саудаға көбірек көңіл аударғаны жөн.

Өзіңіз байқасаңыз, шетелдегі ең бай адамдар осы интернет сауда айналасындағы азаматтар. Джеф Безос та, Джек Ма да онлайн сауданың әлеуетін дер кезінде байқаған адамдар. Мен өзім таяуда Қытайға жасаған сапарымда ірі логистикалық компания басшылығымен кез­дестім. Alibaba-ның ішкі нарық­та­ғы ең басты бәсекелесі JD компаниясының өзі 300 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.  Amazon-ның үлгісімен құрылған бұл компания тек электронды дүкен ғана емес, сонымен қатар өзінің логистикалық компаниясы бар, соңғы технологияларға сүйен­ген, соның ішінде дрондармен тауар тасуды жолға қойған компания. Біз де бір кезде­рі шалғай ауылдарға дрондар арқылы тауар жеткіземіз дегенде көпшілік келеке еткен. Қазір дрондар логистикасы «Қазпоштаның» тұрақты қызметі ретінде жұмыс істеп тұр. 

– Электронды сауданың дамуымен өнеркәсіп пен өн­ді­рісте жұмысшылар саны аз­айып, есесіне сауда, қойма мен логистикадағы жұ­мыс­кер­лер­дің саны артпақ. Тиісінше, ІЖӨ-дегі аталған салалардың үлесі артып, өз кезегінде Қазақ­стан өндірістік экономикадан сервистік экономикаға үлкен қадам жасайды деген сөз ғой?

– Қазақстандағы электрон­ды сау­да­ның 60 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Қал­­ған 40 пайыз негізінен Астана, Шымкент, Қарағанды тұрғын­да­рының үлесінде. Соның ішінде халық негізінен электроника, телефонның қосымша бөлшектері, киім-кешек, косметика және ойыншықтар мен кәдесыйларды онлайн түрде сатып алады. Ішкі нарықтағы келесі қадам – тамақ өнеркәсібі. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарын тудыратыны анық. 

Джек Ма өзінің Alibaba эко­­жүйесінің басты жетістігі ретінде жаңа жұмыс орын­да­ры­н­ың ашылуын айтады. Alibaba компаниясы құрылғалы бері 11 млн жаңа жұмыс орнын ашқан екен. Ал Қазақстанда, менің есебімше, алдағы бес жылдың ішінде электронды сауда саласы жаңадан 220 мың жұмыс орнын ашуы тиіс. Қазірдің өзінде 2018 жылдың басынан бері Қазақстанда осы салада 42 мың жұмыс орны ашылды. Негізінен бұлар аралас сала өкілдері: жүргі­зушілер, курьерлер, қой­ма­­­­шы­лар, сұрыптаушылар, бағдарламашылар, call-ор­та­лық­­тардағы қызметкерлер. Элек­трон­ды сауда енді жыл сайын жаңадан 40-50 мың жұмысшыны қажет етеді деп болжап отырмыз. Цифрландыру аясында автоматтандыру мен роботтандыру негізінде жұмыстан босап қалған азаматтар үшін бұл жаңа мүмкіндік. Оның үстіне, бұл саладағы орташа айлық жаман емес, шамамен 120-150 мың теңге. 

– Нарықтың тең жартысына иелік ету қызмет сапасына зардабын тигізбей ме?

– Қазіргі таңда Қазақстанға шетелден келетін сәлемдеменің 90 пайызын «Қазпошта» жеткізе­­ді. Мәселен, АҚШ-тан сатып алынған зат Портланд деген қалада жиналып, Қазақстанға жеткізіліп, ары қарай Алматы, Астана мен Ақтөбеден ел ішін­де тара­тылады. Алдағы уақытта Шымкентте де осындай сұрып­тау орталығын ашуымыз мүмкін. Сәлемдемелер Қазақ­­станға кіргеннен кейін соңғы тұтынушыға 5-6 күнде жеткізіледі. 2019 жылдан бастап шетел­ден келетін сәлемдеменің 90 пайызының жеткізу мерзімін 3 күнге дейін қысқартуды жос­парлап отырмыз. Ол үшін біз республика бойынша сұрыптау орталықтарының санын арттырып, тауарларды жергілікті авиа­циялық компаниялар арқылы жеткізу жағын жетілдіру үстін­де­міз.

Ішкі нарыққа келер болсақ, «Қазпоштаның» үлесі шамамен 40 пайыз. Республика бойынша 70 логистикалық-курьерлік компания болса, ішкі нарықтың қалған 60 пайызы соларға тиесілі. Соның ішінде бәсекелестік негізі­нен қалалық жерлерде. Ал ауылдық елді мекендерде тек «Қазпошта» қызмет еткенімен, ауылдағы бөлімшелер керісінше компания­ны шығынға ұшыратып отыр. 500 мыңдай ғана халқы бар, ауылдық әкімдігі де жоқ елді мекендер үшін «Қазпошта» – қаламен байланыстың жалғыз көзі. Тіпті ХҚКО-лардың кей қызметтерін «Қазпошта» мемлекеттен субсидия ала отырып көрсетуі мүмкін.

– Экспортқа шығу ниеті бар кәсіпкерлерге қандай көмек көрсете аласыздар?

– Мен таяуда Алматыдағы «барахолканың» сатушыларымен кездестім. Дүкенге күніне 20 адам келіп, оның 5-еуі сауда жасайтын болса, онлайн дүкенде оны миллиондаған халық көрер еді. Қазір бұл базар цифрландырылып жатыр. Базар онлайнға шыққан кезде сауда бұрынғыдан да қызар еді.

Екіншіден, таяуда Қытайға барғанда ол жақтағы кәсіпкерлер біздің ауылшаруашылық өнім­де­рімізге қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Қытайдың қалың тұтынушылары біздің ор­га­ни­калық таза сүт және ет өнім­дерін, жалпы тамақ өнеркәсібі өнімдерін интернет дүкен­дерден сатып алуға дайын отыр. Жалпы, электронды коммерцияның экспорты анау айт­қандай қиын емес, отандық қолөнершілер жасаған кәде­сый­лар қазірдің өзінде Amazon арқылы дүниежүзілік нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырғаны осының мысалы. Кәдесый сататын қазақстандық бір компанияның өзі айына 150 мың АҚШ долларының тауарын сатып отыр.

«Қазпоштаның» қазір Алматы мен Астанада электронды коммерция орталықтары бар. Қазір тағы бір орталықты Қарағандыда ашқалы отырмыз. Алдағы уақытта Ақтөбе мен Шымкентте де осындай ағарту орындарын ашу жоспарда бар. Бұл орталыққа кез келген азамат келіп электронды сауда туралы сауатын аша алады. Тұтынушылар интернет дүкендер арқылы тауар сатып алуды үйренсе, кәсіп­кер­лер өз өнімдерін интернет арқылы сатуды меңгеріп шы­ға­ды. Биыл біз жыл басынан бері 2 500 бизнесменді оқыттық. Соның нәтижесінде биыл шағын кәсіп­керлердің интернет арқылы сатқан өнімдерінің саны 1 млн-ға жетті. 1 млн-ның бар­лығы ішкі нарыққа сатылды, әзірге электронды экспорт жоқтың қасы. Келесі жылы бұл көрсеткішті 8 млн-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Әрине бұл үшін қолданыстағы бірнеше заңға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, қазір интернет арқылы тауар сатам деген кәсіпкер үш-төрт құжат толтырады. Біз осы бюрократияны алып тастағымыз келеді. Осындай өзгерістерді қарастырған жаңа заң жобасы қазір Мәжілісте жатыр. Осы заң ақпан айында күшіне енсе, кәсіпкер қосымша құжат толтырмай, сауданы офлайндағыдай жасай береді, ал оны интернетте тарату, жеткізу секілді қосымша жұмыстар «Қазпошта» секілді компаниялардың жұмысы болады.

– Онлайн дүкендердегі тауар­лардың сапасы мен затты кері қайтару үдерісі жолға қой­ыл­ған ба?

– Электронды сауданың жаппай тарай бастаған кезінде затты қайтару мен жеткізілген тауардың дұрыстығын бақылау бойынша кейбір келеңсіздіктердің болатыны да белгілі. Бәтеңкеге тапсырыс берген азаматқа кебіс салып жіберген жағдайлар да болған екен. Нәти­жесінде «Қазпошта» ол кәсіп­кермен әріптестікті үзіп, оның өнімдерін платформадан алып тастаған. Қазір осындай келең­сіз­діктердің болмауы мақ­са­тын­да «Қазпоштаның» сау­да алаңына шығу үшін «Ата­ме­кен» кәсіпкерлер палата­сы­ның «адал кәсіпкерлер» реестріне тіркелу шарт.

2015-2016 жылдары электрон­ды сауда «Қазпошта» АҚ-ның жалпы табысының тек 10 пайызын ғана қамтамасыз етіпті. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 15-16 пайыз болған. Былтыр компания табысының 25 пайызын электронды сауда құрағалы отыр. Алдағы бірер жылда «Қазпоштаның» ішкі нарықта Amazon мен Alibaba секілді электронды сауда саласындағы ірі компанияға айналу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.

Әңгімелескен Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»