Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Қазынасын түгендеген Шыңғырлау

1257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғанға дейін Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы халқының тең жарымы өзге ұлт өкілдері болған екен. Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектесіп жатқан өңірге Столыпин реформасы кезінде қарашекпендер көп келген. Орыстандырудың тағы бір толқыны тың игеру тұсында болды. Сөйтіп, кезінде хан жайлаған қазақтың тарихи топырағы орыстанған өңірге айналып кете жаздаған.

Қазынасын түгендеген Шыңғырлау

– «Шыңғырлау – орыстанған өңір, қазақылығы аз аймақ» деген тұжы­рым Кеңес өкіметі жылдары қа­лыптасып қалғаны рас. Бірақ тәуел­сіздік таңы атқалы жағдай өз­гер­ді. Халықтың санасы жаңғырды. Бүгінде аудан халқының 90%-ы – жергілікті ұлт өкілдері. Кезінде Лебедовка, Конс­тантиновка, Но­во­пет­ровка, Пол­тав­ка, Лубенка аталған елді ­ме­кендер түгелімен тарихи атауын қай­та­рып алды. Біз бүгін аңыз болған Аққұмы, Торыатбасы, Қыземшек, Сар­­қырама сынды жеті кереметі бар, абыз Асан қайғы баба туған Шың­ғыр­лаумыз! – деп мақтанамыз, – дейді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.

Альберт Темірболатұлының мақ­­­танса мақтанатындай жөні бар. Аудан­­­­да ұлттық танымды, тарихи сана­­ны жаңғыртуға арналған жұмыс жүйе­лі жүріп келеді. Өткен жылы Қазақ­стан халқының тілдері күніне және Аста­наның 20 жылдығына арналған тіл фестивалі аясында «Өңірдің оно­мас­тикалық келбетін ұлттық танымға сәй­кестендіру жұмысын белсенді жүр­гізген «Үздік аудан әкімі» аталы­мы­мен де Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев марапатталды.

– Бұрын елді мекендердің атауын өзгерту, тарихи қалпына келтіру ісі оңай болатын: жергілікті халықтың қолдауын алған соң аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының ортақ шешімін облысқа жолдайтынбыз. Сөйтіп облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының ор­тақ шешімімен ауыл атауы өз­ге­ре қоятын. Біз Шыңғырлау аудан­ындағы Лебедовка ауылына – Сегізсай, Константиновкаға – Ақ­құ­дық, Новопетровкаға – Қарағаш, Марк­сизмге – Торыатбасы, Правдаға – Ұры­сай атауын осылай бекіттік. 186 көше атауы өзгертілді, – деп еске алады сол кездері Шыңғырлау аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған, бүгінде Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тілеген Қалиев.

Қазір елді мекендер атауын өзгерту туралы шешім Астанада, рес­пуб­ли­ка­лық деңгейде қабыл­да­­натын болды. Соның өзінде Шыңғырлау отарлық кезең­нің куәсіндей болған Полтавка, Белогор, Лубенка атауларын тиісінше Ардақ, Ақтау, Ақшат деп өзгертіп үлгерді. Мұның бәрі тарихи, жер бедеріне, ел ұғымына сәйкес келетін, жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан атаулар екенін айта кетейік.

Жақында Шыңғырлау ауданының орта­лығында әйгілі абыз Асан қайғыға ескерткіш орнатылды. Ол туралы ақпарат «Егемен Қазақстан» га­зетінде жарияланды.

Әрине, Асан қайғы бейнесі бар қазаққа ортақ тұлға ғой. Дегенмен шыңғырлаулықтар желмаясына мініп, Жерұйық іздеген Асан бабаны өзгеден жақын тартады. Оның себебі де бар: ескі жырларда, ел жадында қалған толғауларда Асан қайғының ота­ны, жайлаған жері – Шыңғырлау, Торыатбасы делінетін дерек кездеседі. «Қарғабойлы Қазтуған» жырының:

Асан қайғы көшкен жер

Шыңғырлау, Торыатбасы еді,

Қыземшекті Сарышоқы

Осы судың қасы еді.

Асан қайғы туғанның

Бөлінген жері осы еді...» – деген жолдары Шыңғырлаудағы ескерт­кіш­ке қашап жазылғаны да сондықтан.

Жақында Шыңғырлауда Асан қайғы есіміне байланысты тағы бір үлкен шара өтті. «Асан қайғы аял­да­ған аяулы мекен – Шыңғырлау!» атты аймақтық ғылыми-практикалық кон­ференция ұйымдастырылып, оған жергілікті ғалымдардан бөлек Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірінен тарих­шылар шақырылды. Ғылыми-прак­ти­калық конференция барысында «дала философы» атанған бабаның шығармашылығындағы патриотизм, ел бірлігі, ел тыныштығы мәселелері Ел­басының «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» бағдарламалық мақала­сы­мен ұштасып жатты.

Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­­версит­етінің аға оқытушысы, гу­мани­­тарлық ғылымдар магистрі Айнұр Ешниязова Асан қай­ғыны адамзаттық деңгейдегі Будда Гаутама тұлғасымен салыстыра суреттесе, жергілікті журна­ли­ст Қаршыға Елемесов «Асан қайғы бабамыздың Шың­ғыр­лауға қатысы туралы» баян­­да­­масы да кәсіби ғалым­дар­ды терең ізденісімен тәнті етті. Батыс Қазақстан инновациялық-техно­ло­гия­лық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр кей­бір ұғымдарға, әсіресе «Қайғы» сөзінің мағынасына талдау жасады. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік уни­вер­си­тетінің доценті, филология ғы­лым­дарының кандидаты Ағиләш Нияз­ға­лиева «Асан қайғы шы­ғар­ма­ла­ры­ның тілі» тақырыбында сөйлесе, Шаһ­мардан Есенов атындағы Каспий мем­лекеттік технологиялар және инженеринг университеті қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әлия Жеткізгенова «Асан қайғы болжамдарындағы ақпараттар мен тарихи-мәдени сипаттар» туралы тақырыпқа тоқталды. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы филиалы дирек­торының орынбасары, тілші-ғалым Болат Жексенғалиевтің ұлттық тіл мен ұлттық жазу туралы тұжырым­да­ры да көптің көңілінен шықты.

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлке­тану музейінің қызметкері Қар­шы­ға Елемесов осылай дейді. Бұл пікірмен келіспеуге болмайды.

Кеңес өкіметі жылдарында Орал облысының шекаралық аудандарында бірде-бір аудандық музей болмапты. Бірен-саран ашылған музейдің өзі Ұлы Отан соғысы тарихынан әрі тереңге бармады.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланған тұста, Қазақстанда рухани сілкініс болғаны рас. Сол сілкіністің бір нәтижесі – Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылуы дер едік.

Бүгінде Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашыл­ға­ны­на бір жылдай уақыт болды. Аз уақыт ішінде мұнда 1500-дей жәдігер жинастырылған екен.

– Жәдігерлердің әрісі ес білмес ескі замандардан жеткен зіл сүйек­те­рі, неолит дәуірінің тас құрал­да­ры, қола, жез, темір заттар, тот жеп, топырақ тоздырған қарулар археологиялық бөлімді толықтырып отыр. Тарих бөлімінде Шыңғырлау жерінде болған оқиғалар, 1836-1938 жылдардағы халық-азаттық кө­те­рі­лі­сінен қалған көне қару-жарақтар, «Рухани жаңғыру» аталатын келесі бөлімде халықтық болмыс, дәстүр, қолөнер тұрғысында көптеген жәді­гер­лер жинақталған, – дейді бізді жәдігерлермен таныстырған Қаршыға Елемесов.

Бір ерекшелігі, музейдегі әр жәді­гер жанында арнайы QR-код қо­­­йыл­­ған екен. Осы код арқылы жалпы му­зейдің және әр жәдігердің толық тари­хымен танысуға болады.

– Музей жәдігерлерінің көпшілігін жергілікті халықтан жинадық. Шынын айтсақ, ел ішінде де құнды бұйым қалмаған. Шыңғырлау жері ежел­­ден адамдар қоныстанған, зерт­теушілер назарына ерте іліккен, 1960 жылдардан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүйелі жүргізілген өңір ғой. Бірақ осы қазба жұмыстарынан бірде-бір бұйым аудан аумағында қалмапты, – деп өкінеді музей директоры Тілеген Қалиев.

Реті келгенде айта кетейік, Шың­ғыр­­лауда Сегізсай деп аталатын ға­жайып өңір бар. Ғылымда Лебе­довка атауымен еніп кеткен осы бір шағын алқапта бірнеше жүз оба – сақ-сармат-савроматтар кешен­де­рі сақталған. Осы жерде 1964 жылдан бастап Мәскеу, Челябі, Орын­бор, т.б. бүкілодақтық экспедиция­лар келіп, жыл сайын қазба жұмыстарын жүр­гіз­ген. Сегізсайдан табылған талай құнды жәдігер сөйтіп жан-жақ­қа әкетілген. Бұл жөнінде «Сар­мат­­тар сарқытындай Сегізсай» деген мақаламыз «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын.

– Енді бұлай болмайды. Біз Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­си­т­е­ті­мен бес жылға меморандумға қол қойып отырмыз. Осы меморандум негізінде университет Шыңғырлау ауданында орналасқан түрлі ғасыр­лар­дың обалары мен үйіктеріне архео­логиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылады, – дейді Шың­ғыр­лау ауданының әкімі Альберт Есалиев.

Бұдан бөлек, Тілеген Қалиев биылғы мамыр айында Сегізсайда далалық семинар өткізу жоспарланып отырғанын айтады.

– 1964 жылдан бастап Шыңғырлау ауданы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген қазір көзі тірі ғалымдарды іздеп тауып, телефон арқылы сөйлесіп жатырмыз. Қазірдің өзінде Челябі, Волгоград, Орынбор, Мәскеу қалаларымен хабарласып, алдын ала келісіп отырмыз. Сөйтіп біз бұған дейін жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесін толығырақ біліп, сол кезде табылған құнды жәдігерлердің ең болмаса көшірмесін жасағымыз келеді. Бұл жоспарды аудан басшылығы қолдап отыр, – дейді Тілеген Кенжетайұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20