14 Қаңтар, 2019

Каршеринг: кімге пайда, кімге зиян?

654 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қазан айынан бастап Алматыда автокөліктерді жалға алуға арналған «Anytime» каршеринг жүйесі  іске қосылған болатын. Жоба жүзеге асқалы бері жүз мыңға жуық азамат бұл жүйенің мобилді қосымшасына тіркеліп, 60 мың адам жалға берілетін автокөліктердің қызметін пайдаланып үлгеріпті. Теп-тегіс көшелерінен кептеліс үзілмейтін алып шаһар тұрғындары үшін бұл жаңашылдықтың тиімді және тиімсіз тұстары қандай?

Каршеринг: кімге пайда, кімге зиян?

Мегаполисте автокөлікті жалға алу қызметі бұрыннан бар. Іске қосылғанына көп бола қоймаған бұл жобаның басты ерекшелігі – кез келген азамат өзінің ұялы телефонына жүйенің мобилді қосымшасын орнатып, көліктерді сол арқылы жалға алады. Бұрынғыдай арнаулы орынға барып кепілақы қалдырып, басқа да құжаттарды рәсімдеп жатудың қажеті жоқ. Азаматтың жеке басына қатысты ақпараттар тұтастай дерлік компьютердің жадында сақталады.  Яғни, мобилді қосымшаға тіркелмегендер бұл қызмет түрін тұтына алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, тіркелу үшін  сіздің жасыңыз 21-ден асқан және көлік жүргізу тәжірибеңіз үш жылдан кем болмауы шарт.

Бізге жаңалық болғанымен, дамыған елдер үшін бұл тәсіл таңсық емес. Телефондағы бағдарламаны ашып, өзіңізге жақын аумақтағы көліктің мекен жайын анықтап, темір тұлпарды тізгіндеп кете бересіз. Діттеген жеріңізге жеткеннен кейін көлікті рұқсат етілген орынға қалдырасыз немесе өзіңізге қажет жағдайда күту режиміне қоясыз. Сіздің иелігіңіздегі көліктің әр минуты үшін күндізгі уақытта қалтаңыздан кемінде 44 теңгеңіз кететінін де ескергеніңіз жөн. Түн мезгілінде жалға алсаңыз минутына 19 теңге төлейсіз.  Көлікті ашу, жабу сияқты қызметтердің бәрін телефоныңыздағы ақылды бағдарлама арқылы жүзеге асырасыз. Ең бастысы, алда-жалда жол-көлік оқиғасына тап болсаңыз, екі жүз мың теңгеге дейінгі шығынды өтеп бере алатын сақтандыру полисі, жанармай, тұрақ ақысы сіз төлеген қаражат есебіне кіреді.

Сонымен, күн санап көлік саны еселеп өсіп жатқан Алматы тұрғындары бұл қызмет түрін қалай пайдаланып жүр? Жүйе жұмысына жұртшылықтың көңілі тола ма? Зерттеу нәтижесі бойынша, жалға алушылардың басым бөлігін 25 пен 37 жас аралығындағы ер азаматтар құраған. Осыған дейін көлікті ұрлап кету фактілері тіркелмегенімен, жол-көлік оқиғалары, автокөлікке зиян келтіру жағдайлары бірнеше рет кездесіпті. Компания өкілдері мұндай келеңсіздіктер екі тараптың өзара келісімімен оң шешімін тауып жататынын  айтады. Десе де азаматтар жалға алған көліктерге өз мүлкі секілді ұқыпты қараса, тұтыну мәдениетін ұмытпаса деген тілектері де жоқ емес. Әлеуметтік желілердегі оң пікірлерді ескеріп, ел аумағында тұңғыш рет жүзеге асып отырған ауқымды жобаның алғашқы аяқ алысына жақсы деген баға беруге болатындай.

Тұтынушылар арасында автокөлікті жалға алу құнына қатысты пікір екіге жарылған. Кейбіреулер  үнемді десе, енді біреулер көлікті жалға алу қалтаға ауырлық келтіретінін алға тартады. Бұған қатысты қарапайым тұрғындардың пікірін де тыңдап көрдік.

Алматылық Ғабдол Жусанбай: «Жиі болмаса да бұл қызмет түрін пайдаланып тұрамын. Көлікті қандай мақсатта аласыз – соған байланысты. Шұғыл шаруаларыңызды тез арада бітіріп алу үшін қолайлы-ақ дүние. Дегенмен шығыны да аз емес. Әр минуты есептелгендіктен жол кептелісінде тұрған уақытыңа да ақша төлеуге тура келеді. Қатты қажет болмаса, такси қызметін пайдаланғанды тәуір көремін» десе, қала тұрғыны Мақсат Дүйсенов, каршерингті қолдану өзі үшін аса тиімді әрі үнемді екенін айтады.

Ал  темір тұлпарының арқасында отбасын асырап отырған Ерасыл Есімқұл біз айтқан жүйе әзірге такси жүргізушілері үшін бәлендей бәсекелестік тудыра қоймағанын, алайда, өзі сияқты ертеден қара кешке дейін кісі тасып күнін көріп отырған таксистер үшін болашақта салқынын тигізуі мүмкін деген пікірін де жасырмады.

Сауалнама барысында кейбір тұрғындардың іске асқанына жарты жылға жуықтаған бұл жобадан мүлде бейхабар екенін де білдік. Ал сарапшылардың пікірінше, әсіресе, Алматы сияқты алып мегаполис үшін бұл – аса қажет жоба.

Экономист Атамұрат Шаменов қазіргі жағдайда жобаны толық қолдайтынын айтады.   

– Бүгінгі таңда Алматыдағы ең үлкен проблеманың бірі – көлік тұрағы. Бір жерге барсаң, көлігіңді қоярға жер таппайсың. Автобус жолағы, велодәліз, көлік санының көптігі бұл мәселені біраз қиындатып-ақ тұр.  Әр көшенің бойында орын тепкен ақылды паркоматтар бар. Бірақ ол бірер сағатқа ғана тұрақтайтындарға болмаса, жұмыс уақытында көліктері сағаттап тұратындар үшін тиімсіз. Сондықтан азаматтар темір тұлпарларын тұрғын үйлердің аулаларына қалдыруға мәжбүр. Мұның салдары қарапайым тұрғындарға тиіп жатыр. Ол көліктер балалардың ойын алаңдарын тарылтады. Қазір үй-үйлердің арасынан аяқ алып жүре алмайсың. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді бір мәселені ретке келтіреміз деп екінші  мәселені ақсатып алмауымыз керек. Жан-жақты зерделеп, экономикалық тиімді жағын ойластырғанымыз абзал. Қазір көліктерді бірден азайту қиын мәселе. Есесіне жолдарды кеңейтіп, проблемадан шығудың басқа да оңтайлы  тәсілдерін қарастыруымыз керек. Алматылықтар үшін айрықша жаңалықтың бірі болған «Anytime» каршеринг жүйесін қолдауға болады. Бұл шаһарды тұтас қамти ала ма, оны уақыт көрсетер. Қалай айтқанда да бұл – дамыған елдердің тәжірибесі, – дейді ол.

Жоба өкілдерінің сөзінше, қаңтар айының соңына дейін алматылықтарға 240 автокөлік қызмет көрсетеді. Үшінші бір тұлғаның тізгіндемегенін бақылап отыру мақсатында бұдан былай көліктерге бейнебақылау құрылғылары орнатылмақ. Оған қоса, мамандар жалға алушының көлік жылдамдығын арнаулы межеден асырғанын қашықтықтан-ақ қадағаламақ. Алдағы уақытта мұндай  көліктер Астана мен Шымкент қалаларында  да пайда болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар