23 Желтоқсан, 2012

Меңді қыз

1551 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Меңді қыз

Жексенбі, 23 желтоқсан 2012 0:47

1961 жыл­дың көктемі. Илья Жақанов “Қазақстан пионері” газетінің тапсыруымен Қызылорда облысының Шиелі ауданын аралап, іссапардың соңына қарай Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылындағы әке-шешесіне келді.

Ай-хай, өз үйі – өлең төсегі! Керімсал көктем! Гүл шешек атқан тау бөктері. Ілекеңнің елі Талдыбұлақ аталатын қос өзеннің ортасында. Өсіп-өнген, жүрекке жақын ыстық өлке!

 

Жексенбі, 23 желтоқсан 2012 0:47

1961 жыл­дың көктемі. Илья Жақанов “Қазақстан пионері” газетінің тапсыруымен Қызылорда облысының Шиелі ауданын аралап, іссапардың соңына қарай Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылындағы әке-шешесіне келді.

Ай-хай, өз үйі – өлең төсегі! Керімсал көктем! Гүл шешек атқан тау бөктері. Ілекеңнің елі Талдыбұлақ аталатын қос өзеннің ортасында. Өсіп-өнген, жүрекке жақын ыстық өлке!

Ауылым көшіп барады Көлмекөлге,

Алыс дейді Көлмекөл көрмегенге.

Алыс болса Көлмекөл жаяуға алыс,

Ақжарылқап күн туар өлмегенге…

Бұл – “алқакөл сұлама, ақтабан шұбы­рынды” жоңғар шап­қыншылығынан қал­ған “Елім-аймен” заман­дас ән!

Көлмекөл – көз жа­сындай мөлтілдеген көл. “Тоқсан бұлақ құяды”, – дейді қариялар. Ілекең ата-анасының ыстық ықыласына бөленіп, жерлестерімен қауышып, бірер күн аунап-қунаған соң аудан орталығы Бай­қадамға тартты. Құрбы-құрдастары, жақсы көре­тін ағалары көп мұнда.

– Илья, келдің бе, ай­налайын? – дейді аудандық “Социалистік шаруа” газетінің редак­торы, ақынжанды ағасы Дулат Шалқарбаев.

– Келдім, – дейді Ілекең де өрекпіп.

– Қашан қай­­тасың?

– Ертең…

– Жоқ, қайт­пайсың… Қара­ғайлыда малшы­лар тойы болады. Ақбоз үйлер тігі­ліп жатыр. Дай­ын­­дық күшті. Малшылар дүбірлеп тұр. Біз тоқтайтын үйдің иесі – “Коммунар” совхозының дирек­торы Иген Нұрмағамбетов. Өзі – ақынжанды, аңқылдаған жан. Шаруа­шы­лығы мықты. Ашық аспан астында концерт тамашалаймыз.

* * *

Сәуір айының басы. Дала жайқалып сары жайлаудың ақселеуіндей толқиды. Тау мен қырат бөктері бейне гүл теңізі. Қызғалдақ, сарғалдақ, хош иісті түрлі-түрлі гүлдер толықси тербеледі. Изен мен жусанның, жоңышқаның иісі ғаламат! Па, шіркін! Дала жарықтық иіп тұр.

Ілекеңдер жайғасып ас-су ішкен соң концерт көруге дала сахнасына бет түзе­ді. Кіші бесінде өнер тойы басталады. Халық көп. Отыратын орын жоқ. Ілекең оңа­шалау барып тұрды. Дулат Шалқар­баев, Иген Нұрмағамбетов бастаған жергілікті жігіттер қызу әңгіме жетегінде. Сол кезде оркестр ән бастады. Ойнақы қырғыз мақамы. Орындаушы – жас қыз. Сахна алыстау. Қасындағылардың қызу әңгімесін Ілекең жай, селқос тыңдап тұрды да, қырғыз әнін айтқан қыздан көзін айырған жоқ. Ән аяқталды. Қыз бұрылып кетіп бара жатты. Япыр-ай, сене ме сенбей ме? Арқасындағы қос бұрымнан көзін ала алмай қарап қалған. Қою, қалың шаш қыз тілерсегін соғады.

– Ойпырмай, ана бұрымды-ай! – деп қалды Ілекең.

– А-а! – деді Дулат.

– Қыздың бұрымын айтам! Әні де тамаша! Жаңа қырғыздың әнін орындады ғой…

Дулат жымың етті:

– Қазір қатар отырамыз… Жақыннан көресің…

Меймандар аздан соң ақбоз үйге енді. Ілекеңдер төрде. Оң қанаттан өнер­паздар кеп жайғасты. Қараса бұрымды қыз қарсы алдында отыр. Ильяны көріп қымсынды ма, бұрып әкетті жанарын. Осы кезде үлкендер жағынан кәделі мүше – жілік те жетіп еді.

– Әнші қарындасқа беріңізші, – деді жілікті ұсынған Ілекең.

Қыздың жанары жарқ етті.

– Сізге… сізге беріп жатыр, – деді қасындағылар.

Дастархан басында жақсы әндер айтылды. Тамаша отырыс болды. Кеш батып, ымырт жабылды. Киіз үй ішін қараңғылық тұмшалады. Қызға қайта-қайта қарап қояды. Бағана байқаған: мойнындағы қос меңі қара торы өңіне керемет үйлесіп тұр.

Ду-ду әңгіме үстінде жастардың шығып кеткенін аңдамай қалған Ілекең сыртқа атып шықса, өнерпаздар тарап кетіпті. Мазасыздана бастады. “Япыр-ай, қай ауылдың қызы екен? Кімнен сұрасам?!.”

Дулат сезімтал жан. Көңіл толқуын дөп басқандай:

– Қазір-ақ қуып жетеміз, – деді.

Астарында Газ-69. Қара жолмен ызғытып берді. Өнерпаздардың көлігі көрінер емес, жер жұтқандай зым-зия. Байқадамға дейін кемі жиырма-отыз шақырым. Қанша алаңдағанымен не істесін. Дулаттың үйінде қонуға тура келді.

Толқыған көңілі ұйқы-тұйқы, байыз табар емес. Ырғақты, әсем саз кернеді жүрегін… Тағат таптырмады! Тебірентті, шиыршық атты сезімі…

– Дүке, сүйінші!

– Қалағаныңды ал!

– Ән… ән…

– Қандай?

– Меңді қыз-з…

– А-а… рас па?!

– Көрдіңіз бе меңді… “Қос бұрым” деуге болар еді… Бірақ қос меңін айтам… Ғажап емес пе?!.

– Солай ма?!. “Ильяны қаланың тікбақай қыздарына ұрындырма. Сырттай оқып жүрсің ғой. Алматыға барғанда ақылыңды айт… Бір қуға кез болмасын…” – деп құлағыма құйғаны бар еді әкеңнің. (Ілекеңнің әжесі Биежанмен Дулаттың өгей шешесі апалы-сіңілі.)

Таңдаған қызың тәрбиелі. Әкесі Әлтай қадірлі кісі. Қызды жиі көріп жүрем. Тіл-көзден аман жүрсе деп ойлайтынмын. Көзің дұрыс түскен. Білемін ғой, Алматыдағы шөпжелкелеріңді… Ол енді жастығың…

Әнді қалай атадың?

– “Меңді қыз”.

– Айтып көрші?

Илья кідірген жоқ, қоңыр даусымен айта бастады.

Шырқай салып асқақ әнді,

Кең жайлауда жүр едің.

Жас жігіттің жарқын жанды,

Билеп алдың жүрегін.

Жанарыңды көрген шақта,

Жанған от па, деп қалдым.

Құрбым, қатар отырсақ та,

Сыр айта алмай тоқталдым.

Өзің жаным,

Аңсағаным,

Аңсағаным, Меңді қыз!

Келші жаным, аңсағаным,

Көңіл шаттық сезінсін.

Жанға дауа жан самалын,

Жеткізер жан өзіңсің…

Екеуі түнімен кірпік ілген жоқ. Талай-талай әңгімелер шертілді. Шай ішілді. Сыртқа шықты. Байқадамның түні салқын. Жұлдыздар жанып тұр. Ай жарық. Сол кезде Дулат үйлі-баранды, жеті-сегіз баласы бар. Бірақ жас жігіттердей Ілекеңе ілесіп таң атқанша далада жүрді.

Ертеңінде Дулат ағасы жоспар құрды.

– Сонымен “Меңді қызды” кім айтады?

– Ешкімнің айтуы керек емес, – деді Ілекең. – Қырғыздың әнін айтқан қыз бар емес пе?

– Ә-ә, солай екен-ау…

Байқадамға таяу “Коммунар” кеңша­рында мәдениет сарайы бар. Бұрымды қыз сол клубта көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі. Кешегі малшылар тойында оркес­тр­ді басқарған Жеңісбай әлгі бұрымды қыздың туысы. Сол Жеңісбай тапсырма алады. Аудандық комсомол комитеті мен мәдениет бөлімі келісіп отыр. “Коммунар” ауылының мәдениет сарайында жас ком­по­зитор Илья Жақановпен кездесу өтеді. “Ақ қайың”, “Салтанат”, “Жалғыз қайық” ән­дері орындалсын. Мейманға сұрақ қой­ың­дар… Ал “Меңді қыз” әнін Тиышкүл Әл­таева айтуы тиіс. Әнді автордың өзі үйретеді.

Сөйтіп дайындық басталды. Илья репетицияға келгенде қатар-қатар тізіліп өрімдей жас қыздар отырады. Шетінен сұлу… Шетінен көркем… Тиышкүлдің қасында жеңгесі Күлжарқын. Ілекеңнің көзі қыздарды қыдырта қарап-қарап келеді де… Тиышкүлге тоқтайды… Қу қыздардың іші бәрін сезеді… Бір-біріне қарап жымың-жымың етеді…

Композитормен кездесу ойдағыдай өтті…

Илья бір жұмыстарымен ертеңінде аудандық газетке келген. Мына қызықты қараңыз! Тиышкүл де отыр. Тағдыр жазуы ма, әлде… әлде… Дулат ағасының ісі ме?! Әдейі ойластырсаң бұлай болмас…

Аздан соң екі жас есік алдына шықты.

Тымық кеш. Қызыл жалқын күн батып барады. Екеуінде де үн жоқ. Илья жақын келіп, меңді қыз Тиышкүлдің қолынан ұстады да:

– Ауылға кеттік! – деді.

Сөйтіп, бұрымды қыз Жақан отағасының шаңырағына келін боп түсті.

Бұл сәуір айының 11-і…

Таң атқанша ауыл іші гу-гу, ду-ду… Жақаңның шаңырағында ақ түйенің қарны жарылды! Той болды…

Жас күйеу ертеңінде түске тақау ұйқыдан тұрып ауыл маңындағы өзенге беттеген. Бағана басындағы репродук­тордан Кеңес Одағының екпінді, керемет марштары ойналып жатыр. Ғарышқа Гагарин ұшқан екен!

Ғарыш әлемін адамзат ақыл-ойы билеген қуаныш!

Меңді қыз – Тиышкүлдің өз үйінен ұшып, Жақаңның әулетіне қонған қуаныш!..

* * *

Ілекеңдер Алматыда. Тастақ жақтағы Гайдар көшесінде пәтер жалдап тұрады. Көршілері – Қазақстанның халық әртісі, атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев. Жәмила есімді ұйғыр әйелі бар. Шиеттей бала-шаға. Тірлігі жұпыны… Ілекең журналист. Жалақысы тәуір.

Шәмші Қалдаяқовтың алты жастай үлкендігі бар. Ілекең інісі іспетті. Іш тар­тып, құрмет тұ­та­ды бір-бірін. Сол Шә­кең жас отауға жиі келеді.

Ілекеңдермен екі қарындасы, Өміртай деген інісі тұрады. Үйленгелі үйдің шырайы еніп қалды. Тап-таза, жып-жинақы. Ас үйден шыққан дәмді иіс мұрын жарып, тәбет ашады… Күнде осылай…

Шәмші алғаш келгенде жас келінге қарап отырды-отырды да:

– Құтты болсын! – деді. – Ризамын саған, Илья…

– Рахмет!

– Тойларың қашан?

– Екі-үш күн қалды…

– Шаттық тілеймін шаңырақтарыңа!

– Шәке, Тиышкүл олжалы келді… Мен “Меңді қыз” деген ән шығардым…

– А-а, – деді абдыраған Шәмші. – Как?! Қандай ән?!

Илья әнді шырқай жөнелді.

– Изумительно! – деді Шәкең. – Керемет!..

– Осылай… Келініңіз ән әкеп жатыр…

– Өздерің білесіңдер… Менің ақшам да, дүнием де жоқ… Сөге көрмеңдер… Тойларыңа бір ән әкелем…

Шәмші сөзінде тұрды. Жастардың тойына ән сыйлады! Ән болғанда қандай! Және өзі орындады.

Жаз күніндей жайнаған,

Масатыдай жер сұлу!

Аққу-қаздар тойлаған,

Айдын-шалқар көл сұлу!

Өзгеден де ең сұлу,

Өмірлік дос тең сұлу!

Өзім сүйіп ұнатқан,

Бәрінен де сен сұлу,

Сен сұлу!..

– Бұл әннің сөзін Махаң жазды, – деді Шәмші.

Мақсұтбек Майшекин – Қазақ радиосында музыка редакциясының аға редакторы. Өзі Қарқаралының қазағы. Ахмет Жұбанов екеуі музыка редакция­сын құруға көп еңбек сіңірген. Әрі қазақ әндерінің жоқшысы, қорғаны…

Мөлдіреп қана отыратын Махаң Шәмші мен Ильяға іш тартатын. Ол кезде Қалдаяқов пен Жақановтың ән­дерін Роза Бағланова, Рахия Қойшы­баева, Рәбиға Есімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Майра Жүрсінова, Сәжида Ахметова, Күләш Қасабекова, Гүлсара Нұрмағамбетова орындайтын.

Шәмші мен Ильяны қанаттандыр­ған, Қазақ радиосы арқылы эфирге шығарған осы Майшекин…

* * *

Жастардың тойы жазда өтті…

Маусым айы. Күн ыстық. Шақырылған маймандар: Серік Қирабаев, Сапарғали Омарбеков, Өмірзақ Айтбаев, Қадыр Мырзалиев… Дина Нұрпейісованың шәкірті, атақты домбырашы Ғылман Әлжанов. Жазушы Еркімбай Әкімқұлов… Сансызбай Сарғасқаев бастаған “Қазақстан пионері” газетінің ұжымы…

“Меңді қызды” Сәжида Ахметова, “Бәрінен де сен сұлуды” Майра Жүрсінова орындады.

Үзілісте Серік Қирабаев:

– Әлгі әндегі “Бәрінен де сен сұлу” деген жолдар, Мағжан ақынның сөзі ғой, – деді.

Ол кезде Ілекеңдер Мағжанды жөнді білмейді. Аң-таң қалысты.

Арада бес-алты күннен соң әнді радиоға әзірлеп жатқан Шәмшіге Ахмет Жұбанов:

– Жазылу тарихын консервато­рия­дан естідім. Көбінің аузында сол ән! Осын­дағы “Бәрінен де сен сұлу” деген сөз­ді қазақтың үлкен ақыны жазғанын білемісің…

– Жоқ, – деді Шәмші…

– Е-е…

Илья мен Шәмші бұл жөнінде Майшекиннен сұраған.

– Шырақтарым, – деді Махаң. – Оны қазақтың әйдік ақыны жазғаны рас. Із-түзсіз жоғалмасын, ұмытылмасын деген мақсатпен әдейі алдым… Ол ақынның кім екенін айтпаймын… Кейін өздерің біле жатарсыңдар…

1976 жылы ғалым Серік Негимов Илья Жақановқа көшіріліп басылған 300 беттей көлемдегі Мағжанның өлеңдерін берді. Сонда “Сен сұлу” өлеңі көзіне оттай басылды.

Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу,

Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.

Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,

Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу! – деп аяқталады жыр.

… Кешегі бұрымды қыз Илья Жақановтың бүгінгі жары Тиышкүлге арналған қос ән өмірге осылай келді де, Қазақ радиосы арқылы тыңдарман қауымға кең тарап кетті…

Ол әндер, “Меңді қыз” бен “Бәрінен де сен сұлу” еді…
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы.

АСТАНА.

29 қараша 2002 жыл.