Аймақтар • 21 Қаңтар, 2019

Жамбыл өңірінде 355 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылды

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы тұрғындар саны 100 адамнан асатын 355 елді мекен толығымен қоғамдық көлікпен қамтылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылып, басқосуда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жамбыл өңірінде 355 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылды

Басқарма басшысы әуелі өткен жылы жол саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Былтыр бұл бағытта қазынадан 12,1 миллиард теңге бөлінсе, оның 1,8 миллиард теңгесі республикалық, 10,3 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бұл қаржыға барлығы 532,6 шақырым жол күрделі, орташа жөндеулерден өтіп, шағалды жол салу жұмыстары атқарылған. Оның 145,4 шақырымы облыстық, 211 шақырымы аудандық маңызы бар автожолдар болса, 187,4 шақырымы елді мекен көшелері болып табылады. Сондай-ақ, 1 көпірдің құрылысы жүргізіліп, 2 жол өткелі қайта жаңғыртылған. Ал, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3,1 миллиард теңгеге 7 жоба іске асқан. Нақтылай айтсақ, 1 нысан жаңа көпір құрылысы, 1 нысан күрделі жөндеу және 5 нысан орташа жөндеуден өтуі жоспарланған. Оның 3-і былтыр пайдалануға берілсе, 4-і осы жылға өтпелі болып табылған.

Сонымен қатар, елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толығымен шешілген. Облыста салынуы көзделген  5 автостанция  тізілімге енгізіліп, белгіленген межеге қол жеткізілген. Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында интеллектуалды көлік жүйесінің жобаларын іске асыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша тиісті шаралар ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қолға алынатын болады.

Есепті жиында оң нәтижелермен бірге өзекті мәселер де талқыланды. Өткен жылы тұрғындар тарапынан түскен 78 арыз-шағымның 56-сы Тараз қаласына тиесілі болған.  Оның 44-і жолаушылар көлігіне, 34-і автомобиль жолдары мәселеріне қатысты.

Өз кезегінде әкім түскен арыз-шағымдармен жүйелі жұмыс жасау керектігін баса айтып, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының бойындағы тазалық, жолаушыларға жайлы жағдай жасау жұмыстарының әлсіздігін сынға алды.  Өңір басшысы жол белгілерін тиісінше орнату, жөнделген жолдың сапалылығы, бекітілген іс-шара бойынша  жұмыстар жүргізу  керектігін де ескертті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы