Аймақтар • 21 Қаңтар, 2019

Цифрлық білімнің көкжиегі кең

1230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өз бастамаларында дамыған ақпараттық технологиялар – саналы,  сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашатынын баса айтып, бұл іске айрықша мән беріп келеді. Бұл ретте «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың жөні бөлек. Соның нәтижесінде білім беру кеңістігі қарқынды өсіп, сандық ортаның дамуы мол мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Цифрлық білімнің көкжиегі кең

Бүгінде мектептерді кең жолақты интернетке қосу және бейне құралдармен жабдықтау, сондай-ақ цифрлық білім беру ресурстарын дамыту мәселелерінің маңызы зор. Соңғы жылдары бұл бағыт бойынша едәуір ілгерілеу байқалады. Еліміздегі мектептердің басым бөлігі кеңжолақты интернетке қосылып, мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған робототехника және 3D модельдеу үйірмелерінің саны артқан.

Бұл ретте білім ошақтарында жаппай қолданысқа енген «Kundelik.kz» электронды күнделік және журналдар жүйесін айрықша атауға болады. Аталған жүйе мұғалімдерге электронды форматта журнал толтыруға мүмкіндік тудырса, ата-аналар қауымы үшін баласының үлгерімін қашықтықтан-ақ қадағалауға жол ашқан. Мамандар жүйе жұмысын бастағалы бері оқушылардың үлгерім сапасы мен тәртібінде оң өзгерістер байқалғанын айтады.

Нақтырақ айтсақ, электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі ел аумағы бойынша 6 мыңнан астам мектепте іске қосылыпты. Бүгінгі таңда жүйеге 300 мыңға жуық мұғалім мен 2,5 млн астам оқушы және 1,5 млн астам ата-ана тіркеліп үлгерген. Жүйенің арнайы мобильді нұсқасы да әзірленген.

Бұл ретте баса айтатын мәселенің бірі, әсіресе, шалғай ауылдардағы шағын мектептер айрықша назар аударуды қажет етеді. Бүгінгідей жаппай даму кезеңінде ол білім ошақтары да қала мектептерінен еш кем болмауы керек. Соңғы уақыттары өңірлердегі мектептерді «Bilim book» тәрізді электронды компьютер-планшеттермен, соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен жабдықтау ісі де қарқын ала бастағандай.

Мәліметтерге сәйкес, елімізде өткен жылы цифрлы білім беру ресурстары бойынша 2 мың жаңа сабақ пен 50 мың жаңа тест сынағы әзірленіпті. Арнайы өткізілген 697 тренинг пен 126 онлайн конференцияға қатысқан 15 мыңнан астам мұғалім кәсіби біліктілігін жетілдірген. Оған қоса 500-ге жуық мектеп «Bilim book» қанатқақты білім беру жүйесімен қамтылған. Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Орал қалаларында мектеп мұғалімдерін ақпараттық технологияларды меңгеруге бейімдейтін бес бірдей орталық ашылған.

– Қазақстанның барлық мектептері біздің порталдарға қосылған. Жүйемізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 40 мыңнан астам интерактивті цифрлық сабақ бар. Әр сабақтың ішінде қысқаша түсіндірме мәтіндер, арнайы бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар, қысқаша тестілеу сынақтары қамтылған. Еліміздегі ұлттық бірыңғай тестілеу екі сатыға бөлінгендіктен Itest.kz жобамызды соған ыңғайландырып отырмыз. Онда 60 мыңға жуық сұрақ бар. Бұл түлектер үшін үлкен көмек. Ресурсымызға күніне шамамен 50 мыңға жуық адам кіреді. Британдық компаниямен бірлесе жасаған Tvit.bilim деп аталған жобамызды мамандар жоғары бағалады. Мұнда көбіне-көп жаратылыстану пәндері бойынша үздік бейнесабақтар енгізілген. Былтырдан бастап нарыққа шығарылған «Bilim book» компьютер планшетіміз үлкен сұранысқа ие болып отыр. Оның ішінен керектінің бәрін табуға болады. Құрылғының басты ерекшелігі интернетсіз де жұмыс істей береді. Өткен жылы 3 мыңнан аса планшет сатылды, – дейді «Bilim Media Group» компаниясының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы.

Соңғы уақыттары білім жүйесін цифрландыруға бағытталған қанатқақты жобалар өз тиімділігін көрсете бастаған. Айтулы технология өндіруші компаниялармен бірлесе отырып қолға алынған мұндай жаңашылдықтар білім саласын сандық форматта жетілдірудің ауқымын барынша кеңейтіп келеді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ