Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ: Ағам – мен үшін нағыз қаһарман!

718 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты үш күдіктінің ұсталғаны жөнінде мәлімдеме жасады.

Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ: Ағам – мен үшін нағыз қаһарман!

Еске салсақ, биылғы 15 қаңтар күні Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиев киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, артынша қаза тапқан болатын.

Күдіктілердің арада бір аптадай уақыт өткеннен кейін полиция құрығына іліккені туралы хабар алысымен марқұмның Астана қаласында тұратын інісі Нұрлан Нұрғалиевке телефон арқылы хабарласып, мән-жайды сұрастырған едік.

– Нұрлан Балғабекұлы, ағаңыз – «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысы бар деген үш күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат турасында не айтасыз?

– Жалпы, бұдан бұрын осы қылмысқа қатысы бар төрт адам өз еркімен келіп, Қызылорда облысының бір ауданындағы полиция бөліміне берілген болатын. Ал бүгін ұсталды деген үш күдіктіні оқиға болғаннан кейін екі күн өткенде Қызылорда қаласына кіре берісте полиция қызметкерлері ұстаған. Сол кезде олар мінген автокөлік қарбалас сәтті пайдаланып, қашып кеткен деген дерек бар. Соған қарағанда, сол көліктің ішінде полиция қызметкері болған-ау деген күдігім бар.

– Жалпы, өз басыңыз тергеу амалдарының әділетті түрде өтетініне, қылмысқа қатысы барлардың лайықты жазаларын алатынына сенемдісіз бе?

– Осы оқиғаның куәгері, Ерланның жанында болған Петр Ницык әлі күнге дейін ауруханаға жатқызылмаған. Өзінің басы оңбай жарылған екен. Кеше барып, өзімен кездестім. Үрейлі көрінді, үйінде тығылып отырғандай әсер қалдырды. Алайда, сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін оған ешкім қысым жасамапты, қорқыту-үркіту деген атымен болған жоқ деп отыр...

Негізі, күдіктілердің бәрі қолға түсті ғой, енді тергеу амалдарының әділетті жүргізілуін қадағалайтын боламыз. Ерте ме, кеш пе, бәрі де сорпа бетіне шығады деп ойлаймын.

– Қазір әлеуметтік желіде қызмет бабында қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің рухына лайықты құрмет көрсету туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Мысалы, желі қолданушылары марқұмға ескерткіш қойып, көше атауына оның есімін беру керек деген мәселе көтерді.

– Менің арманым – туған ауылымыз Баршында мешіт салып, оған Ерланның атын беру. Оған менің жалғыз өзімнің шамам келмейді. Көп болып қолға алынса, бұл дегеніңіз ағамның рухына көрсетілген зор құрмет болар еді. Меніңше, ерлікпен қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің есімін осылайша есте қалдырған жөн деп ойлаймын. Ал енді, жоғарыда айтылған ұсыныстарға есшқандай қарсылығым жоқ. Ағам – мен үшін нағыз қаһарман!

Ал Ерлан ағам қызмет еткен «Охотзоопром» республикалық мекемесі қолдан келген көмектен аянып жатқан жоқ. Жалпы, осы оқиғаға қатысты үн қосып, азаматтық көзқарастарын танытып, қолдау білдіріп жатқан барша қазақстандықтарға басымды иіп, алғыс айтқым келеді!

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ