Ривенделл фермасындағы жем беретін робот. Росс МАНТЛ, «Нью-Йорк Таймс»
Стив ЛОР,
«Нью-Йорк Таймс» – Пенсильвания (АҚШ)
Таяу маңдағы кале, қышатүс және сәбізге толы жылыжай да автоматтандырылған. Ондағы температура, ылғалдық, күн сәулесі сенсор мен метал экран арқылы басқарылады. Сәлден кейін шағын роботтар үш гектар көкөніс алқабын аралап, ауруды анықтап, дән себумен айналысады.
Фермамен айналысу технологияға арқа сүйеп келеді. Дрондар, жерсерік суреттері, топырақ сапасын анықтайтын құрылғылар, супер компьютерлер тамақ өнеркәсібіне үлкен көмек береді. Әйтсе де, ондай технология негізінен алқабының ұшы-қиыры жоқ алпауыт фермаларға арналған.
Іске қосылғанына бір жыл толған Ривенделл фермасы шағын фермаларға қолжетімді технологиялар түрін ұсынады. Әдетте ондай қожалықтар көп күтімді қажет етпейтін арнайы дақылдар өсіреді. Ривенделлге арналған роботтар Питсбургтегі Carnegie Mellon университетінде құрастырылған.
Ривенделлда озық технология мен ғылыми тәжірибе жүргізуге мүмкіндік бар. Өйткені оның иесі Томас Тулл – миллиардер кәсіпкер, технология саласының инвесторы және бұрынғы продюсер. Ол Ривенделлға миллиондаған доллар жұмсады. Оның айтуынша, жоба 2020 жылға қарай өз-өзін қамтамасыз ете алуы керек.
Сондықтан Ривенделл басқа қожалықтардың қолы жетпейтін технологияны бір сәтте пайдалана алады. Сарапшылардың айтуынша, ферманың бағыты қалыптасқан үдеріске ұқсайды. Яғни, шағын қожалықтар денсаулыққа пайдалы тамақ өндіріп, мал шаруашылығымен айналысу үшін тыңайтқыштар мен өңделген жем пайдаланбауды жөн көреді.
Жайылымды, егістік алқабы мен орманды қосқанда Ривенделлдың аумағы 70 гектарға созылып жатыр. АҚШ-тағы шаруа қожалықтары он жылдан бері бірігіп келеді. 2017 жылы олардың орташа көлемі 180 гектарға жеткен. Жыл сайын елде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбін аумағы орташа есеппен 1080 гектар болатын бірнеше алып ферма өндіреді.
Ривенделлдағы сауын албарына бара қалсаңыз, тірі жан көрмейсіз. Онда сиырлар, автоматтандырылған жем беру жүйесі және сауынмен айналысатын үш робот машинасы тұр.
Сүті жиналған сиырлар күніне төрт мезгіл сауылады. Ал мұндай жұмысты адам күніне екі-ақ мәрте орындай алады. Ферманың бас менеджері Кристин Гредидің айтуынша, мұндағы сиырлар протеині мен майы мол жем берілген ірі-қараға қарағанда 15 пайызға көп сүт береді екен.
«Олар қалаған кезде шөп жеп, қалаған кезде жатып, қалаған кезде жем жейді. Бақытты сиырлар сүтті көбірек береді және сапасы да жоғары» дейді ол.
Робот сауыншылар бірнеше жылдан бері бар. Алайда технология дамығандықтан, қазір роботтар бұрынғыға қарағанда адамның көмегін аз қажет етеді.
Әр құрылғының құны шамамен 200 000 долларды құрайды. Греди ханымның сөзіне сүйенсек, сауыншы роботтар мен автоматтандырылған жемдеу жүйесі болмағанда Ривенделлдегі сауын фермасы 5 жұмысшыны қажет ететін еді. Қазір мұнда 1 ғана адам қызмет атқарады.
Мұндағы құрылғыларды Германияның Lely компаниясы құрастырып шыққан. Пенсильвания мемлекеттік университетінің қызметкері Мэттью Хаанның есептеуі бойынша, Еуропадағы кейбір елдерде сиырлардың 30 пайызға жуығы осындай құрылғымен сауылса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 2 пайызға тең. Оның сөзіне сүйенсек, Еуропада автоматты сауын машиналарына көптеп инвестиция салынуы құрлықтағы жұмыс күшінің қымбаттығымен байланысты.
Тулл мырза технологияның қарыштап дамуы шағын фермалардың өзгеруіне зор үлес қосатынына сенімді. Бірақ былтырғы жағдайды сараптап шыққан ол «Фермерлердің еңбегіне зор құрмет көрсеті керек. Олардың жұмысы – ауыр әрі қиын. Ең басты мәселе – ғылым мен еңбекті дұрыс байланыстыра білу» дейді.