Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Суармалы алқаптар қалпына келтірілуде

1061 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мойынқұм ауданы өңірдің ең шалғай аудандарының бірі. Сонымен қатар жер көлемі жөнінен де облыстың 40-тан астам пайызын алып жатқан аудан. Аталған аудан сайын даланы көмкеріп жатқан сексеуілімен, мыңдаған гектар суармалы егістік алқаптарымен де ерек­ше. Кезінде жергілікті халық қара жер­дің игі­лігін көріп, 10 мың гектардан астам жер­ге жүгері еккен. Аудандағы Айдарлы, Аман­­гелді, Хантау, Жамбыл, Фурманов және Талды­өзек кеңшарлары жүгері егумен айна­лыс­ты. Еліміз егемендік алған елең-алаң шақ­та егістік жерлердің көбі жекенің қолына өтті. Осы уақытқа дейін ауданның суармалы егіс­тік алқаптарын пайдалануы төмен дәре­жеде. 

Суармалы алқаптар қалпына келтірілуде

Мәселен, кезінде жүгері егумен атағы шық­қан Айдарлы ауылдық округінде бүгінде 1857 гектар суармалы жер болса, оның 1290 гек­­тары ғана пайдаға асуда. Аталған жердің 770 гектарына жоңышқа егілгенімен, бар бол­ғаны екі рет орылады. Тіпті ауыл шаруаларын­да жер жыртып, дән себетін, өскен өнімді жи­найтын техника жоқ. Ал жалдамалы жеке тех­ника иелері біраз қаражат сұрайтыны анық. Бұл орайда шаруалар да суармалы жер бол­са, пайдалануға ниетті екендіктерін жет­кізді. «Менде біршама жылқы, сиыр және ұсақ мал­дармен қатар, әртүрлі техникалар бар. Енді суар­малы жер болса, пайдаланар едім», дейді ша­руа қожалығының жетекшісі Кеңес­бай Мұсабаев. 

Ауданда бүгінде суармалы егістік жерлерді пайдалану жұмыстары біртіндеп жолға қо­йыла бастады. Аудан әкімі Мәден Мұсаев ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін суармалы егістік жерді толығымен пайдалану қажеттігін айтты. Егер шаруалар мүмкіндігі болмай, өз жерлерін тиімді пайдалана алмаса, оны қайта өткізу қажеттігін де еске салды. Бос жатқан жерлерді жиде, қа­мыс, жыңғыл басып кететіні, сондықтан да пай­далануға жарамсыз болатыны белгілі. «Егістік жерден жоғары өнім алу үшін оны баптау және сүдігер жырту керек. Сүдігер жыртылған жерден мол өнім алуға болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр», дейді аудан әкімі. Сонымен қатар ол диқандар үшін екі рет оратын жоңышқадан гөрі жүгері, арпа егу анағұрлым пайдалы екенін жеткізді. Арпа, жүгері оратын мезгілде ауданда техникаларды ұйымдастыратынын да айтты. Бүгінгі бас­ты мақсат − мыңдаған гектар жерге жүгері, ар­па өнімдерін егу болып отыр. Негізінен диқандар жүгері егуге ынталы. Алайда судың уақтылы келмеуі, кейбір каналдардың көптен бері тазаланбауы, су реттегіш құрылғылардың ескіргені, сапалы тұқымның жоқтығы сияқты мәселелер шаруалардың басты мәселесіне ай­налған. Қазан айында Тараз қаласынан арнайы механикаландырылған жасақ 1 экскава­торын әке­ліп, «Сануй» каналын тазалауға кірісіп ке­тіпті. Сонымен қатар «Аса-Талас» жа­уап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінен тағы да 1 экс­ка­ватор, 1 үлкен трактор келіп, жұмы­сын баста­ған.

Кезінде кеңшарлар тараған соң, Мойынқұм ауданындағы 12 канал сатылып кетті. Иелері оны күтіп ұстай алмады. Соның кесірінен суармалы жерлерге су уақтылы келмеді. Бірақ әкімдік 10 каналды мемлекет меншігіне қай­тарып алған екен. Тағы бір жағымды жаңалық, жуырда ғана «Биназар» және «Бірлік» каналдары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ендігі жерде диқандар жүгері, арпа егу кезінде су тапшылығын көрмейді. 

Сонымен қатар ауданның Бірлік, Биназар, Күшаман ауылдары егін егуге қолайлы. Бұл үшін суармалы жерлермен қатар, Биназар, Бірлік, Богдан, Сануй, Оңғарбай және Ко­мин­терн каналдарының суын тиімді пайдалану қажет. Ауданның бүгінгі тіршілігі жақсы көр­сеткіш көрсетіп отыр. «Бүгінде суармалы жерлерді тиімді пайдалану облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, жолға қойылған. Облыста диқандарға қолұшын беруді мақсат тұтқан механикаландырылған жасақ құрылды. Осы мекеменің филиалдары Жамбыл, Шу аудандарына орналастырылып, 1 К-700, 2 МТЗ-80 тракторы, тұқым сепкіш, у шашатын техника алынып берілді», дейді аудан әкімі. Енді мойынқұмдық диқандар егін егу, оны жинау науқаны кезінде аталған механикалық жасақтың техникаларын белгілі бір ақыға жалдауға мүмкіндік алады. Ауданда «Казводхоз» мекемесіне қарайтын өндірістік учаскесі ашылған. Өндірістік учаске каналдарға гидрожүйе салып, шаруа қожалықтарына берілген судың ақысын жинаумен, суды бөлумен айналысады. Әр шаруа қожалығы аталған учаскемен егін суын пайдалануға келісімге келе алады. 

Бүгінге дейін Мойынқұм ауданында сү­дігер жыртылмапты. Жергілікті әкімдік ме­ха­ни­каландырылған жасақтың басшылығымен гектарына 8,5 мың теңгеден сүдігер жыртуға келісті. Бұл әлдеқайда арзан баға. Енді ди­қандар шығымы нашар, қарасора басып кеткен, өнімді аз беретін жерлерін жыртуға дайындайтын болады. 

Облыс көлемінде суармалы жерлермен жұмыс қызу жүргізілуде. Алайда оған Мойынқұм ауданынан бірде-бір жер, не бірде-бір гектар канал қосылмаған. «Аудандағы 6040 гектар суармалы жер игерілмей отыр. Ал игеріліп отыр деген жерлердің өзі күмән туғызады. Мұндай талпынысқа біздің мекеме барынша көмек беретін болады. Екінші, әрбір шаруа өз жерін дайындап, күзгі сүдігер жыртуды кешіктірмеу керек. Ал каналдарды тазалап, су реттегіш құрылғыларды жөндеп, өз уақытында жеткілікті мөлшерде су беріп отыруды мойнымызға аламыз. Бұл үшін мекемеміздің жанынан ашылған өндірістік учаскесінің қызметкерлері судың дұрыс берілуін қадағалап отыратын болады», дейді «Казсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қалыбек Құдайберген.

  Жуырда ғана «Казсушар» РМК Жамбыл филиалымен бірге жергілікті әкімдік тарапынан аудандағы 230 шақырымнан астам 

12 канал түгелімен тексерілген. Сонымен қа­тар ол каналдарды пайдаланып отырған егіс­тік көлемін, су уақтылы берілген жағдайда тағы қанша гектар жерді қосуға болатыны анық­талыпты. Енді ауданда егістік жұмысының беті бері қарағалы тұр. Әлі де болса біраз ка­налдарды қалпына келтіру жұмыстары қажет. Мәселен, Жамбыл ауылында тұратын еңбек ардагері Қойайдар Бердіғұлов ауыл егістігіне су келетін «Алайғыр» каналының сағасы тозғанын, сондықтан су уақтылы келмейтінін, сол үшін ел егістікпен айналыса алмай отырғанын айта келіп, аудандағы канал тазалау жұмыстарына ризашылығын білдірді. «Бүгінгі жұмыстарға қарап, алдағы жылы су келетініне сеніп отырмын. Жалпы, каналды екі жылда бір рет тазалап тұрса дұрыс болар еді», дейді Бірлік ауылындағы «Байтас» шаруа қожалығының жетекшісі Дүйсен Ақылбеков. 

Ауданда сүдігер жыртуда жасалып отырған көмек аз емес. Мәселен, Тараз иннова­ция­лық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ауданнан игерілмей жат­қан 120 гектар жерді алып, сүдігер жыр­туды бастапты. Бұл жерге оқу орны жанын­да­ғы агробиологиялық ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының мамандарымен келісе отырып, жү­герінің «Арман-689» сортын егуді жос­пар­лап отыр. Каналдар тазаланып, су мәселесі ше­шіл­ген жағдайда мол өнім алуға мүмкіндік бар. 

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, каналдарды тазалау, техника тарту мәселесі аса өзекті. Бұл ретте ауданның айы оңынан туып, егістік алқабымен ерекшеленетін күні алыс емес...

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы