Осыған орай соңғы уақытта облыс бойынша 292 көшеге атаулар берілген болса, оның басым бөлігі Ақтөбе қаласының үлесіне тиеді. Бұған дейін өңірде бүгінгі қазақстандық қоғамның бітім-болмысына сәйкес келмейтін көше атаулары да сақталып келгені белгілі. Қазіргі күні бұл мәселе де өз шешімін тауып, 87 көшенің атауы қайтадан өзгертілді.
Бұған қоса атау алуға кезегі келе қоймаған атаусыз көшелер де Наурыз, Бурабай, Үстірт, Ақберен, Жусанды, Құс жолы, Жеті қазына, Сарыарқа және Сұлутөбе секілді халықтық салт-дәстүрлерімізге сай атаулармен айшықталды. Сондай-ақ бұрынғы отаршылдық дәуір мен кеңестік тоталитарлық жүйе өкілдерінің есімдерін иеленіп келген көшелер – Мұхтар Әуезов, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Дина Нұрпейісова, Балуан Шолақ, Қасым хан, Керей хан және Жәнібек хан атындағы көшелер болып қайта жаңғыртылды.
Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның мәлімдеуінше, өңірдегі ономастика комиссиясы көшелерге атау беруге қатысты 176 ұсынысты талқылауға салыпты. Оның 155-не оң қорытынды берілген. Сондай-ақ 224 атау республикалық ономастикалық комиссияның қолдауына ие болыпты. Түптеп келгенде, қазіргі кезде облыстық топономика кеңістігін қазақ тіліндегі атаулар үлесі 93 пайызды құрап отыр. Бұл қалған жеті пайыздық мөлшер бүгінгі қоғам және уақыт талабымен сәйкеспейді деген ұғымды білдірмейді. Өйткені елдік мүддеге бірқатар орыс тіліндегі тұлғалардың да қызмет жасап келгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ендеше, олардың атаулары да республика қалаларындағы көшеден көрініс табуы әділетті болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ