Екінші жағынан бұл жағдай сол қымбат кредиттер арқылы өз қызметін алаңсыз жалғастырып келе жатқан қазақстандық банктер үшін үлкен сын. Олар бұдан кейінгі уақытта өздеріне клиенттер тартуда ел ішінде пайда болған шетелдік банктермен бәсекелестікке төтеп бере ала ма? Әрине бұл уақыт сынында тұрған мәселе.
Жалпы алғанда, өткен жылдың жекелеген оқиғалары қызметін тоқсаныншы жылдардан бері, яғни Кеңес Одағы ыдыраған тұстан бері тек жаһандану бағытында жалғастырып келе жатқан Дүниежүзілік сауда ұйымының алдында да әлемдік ауқымда аса өткір мәселелер тұрғандығын көрсетіп берді. Ірі мемлекеттердің арасындағы сауда шиеленістерін реттеуге, жекелеген елдердің протекционистік саясатын ауыздықтап, ұйым шарттарында көрсетілген әлемге ортақ тәртіпті ұстап тұруға Дүниежүзілік сауда ұйымының дәрмені жетпей қалды. Бұл, әсіресе АҚШ пен Қытай арасында басталған жанжалдан көрінді.
2017 жылы АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда айналымы 710,4 млрд долларды құрады, мұның 187,5 млрд доллары – АҚШ-тың Қытайға жөнелтетін тауарлары да, 522,9 млрд доллары – Қытайдан қабылдайтын импорттық тауарлары. Бұдан Қытай экспортының АҚШ экспортына қарағанда, әлдеқайда басым екендігін байқауға болады. Екінші жағынан алғанда, егер олар бір-біріне кедендік баж салығын өсіре берсе, екі ел арасындағы сауда соғысы АҚШ-қа қарағанда, Қытай үшін тиімсіз болып шығатындығын аңдатады.
Былтыр қыркүйек айында АҚШ-тың Қытайдан келетін көптеген тауар тізбесіне жаңа 10 пайыздық баж салығын қолдану жөніндегі шешімі күшіне енді. Бұл шешім жиыны 200 млрд долларлық тауарлар көлемін қамтыды. Өз кезегінде Қытай АҚШ-тан келетін мыңдаған түрлі тауарға 10 пайыздық кедендік баж салығын қолданды. Бұл шешім көлемі 60 млрд доллар тұратын тауарлар жиынтығын қамтыды.
2019 жылдың 1 қаңтарында АҚШ-тың Қытайға қарсы қолданатын кедендік баж салығы енді 25 пайызға дейін өсуге тиісті еді, егер Бейжің тарапы бетінен қайтпайтын болса. Бірақ бір жақсысы, Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің өткен жылдың желтоқсан айында Буэйнос-Айресте өткен Үлкен жиырмалықтың отырысынан кейінгі оңаша кездесуі ушыққан жағдайды уақытша болсын ауыздықтауға мүмкіндік берді. Олар 2019 жылдың 1 қаңтарынан кейін жаңа баж салығын қолданбауға өзара келісті. «Қазір жаңа кедендік баж салығын қолдану жөніндегі шешім уақытша тоқтатылды. Бірақ 90 күннің ішінде Қытай мен АҚШ арасында келісімге қол жеткізілмесе, ол шешім күшіне енеді» делінген бұл жайында Ақ үй хабарламасында.
Астана клубында бас қосқан халықаралық сарапшылардың пікірінше, толық мәніндегі сауда соғысының етек алып кету қаупі 2019 жылы Еуразия кеңістігінде орын алуы мүмкін басты 10 қатердің ішінде екінші орында тұр. «Отыз жылға созылған жаһандану үдерісі аяқталуға таяу тұр. Оның басты ойыншысы АҚШ протекционизмге және оқшаулануға қарай бет бұрды. АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда соғысының ушығуы, екінші жақтан Вашингтон мен Брюссель (Еуропалық одақтың бейресми орталығы) қарым-қатынасының күрделене түсуі 2019 жылы әлемдік сауданың 50 пайызына дейін қамтитын жаһандық экономикалық жанжалға ұласуы мүмкін» делінген бұл жайында сарапшылар тұжырымында.
Осыған орай жекелеген сарапшылар пікірі бойынша 2019 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы қызметі тиімділігінің күрт құлдырауына куә болуымыз да әбден мүмкін. Егер аталған ұйым оның басты қатысушылары АҚШ, Қытай және Еуроодақ елдерінің талаптарына жауап бере алмаса, тіпті оны тарату туралы мәселенің шығуы да ғажап емес. «Егер ДСҰ тиімсіз ұйым деп танылатын болса, мұндай жағдайда оның орнына БҰҰ-ның өзінен бастап, G20 (Үлкен жиырмалық елдері), G7 (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше Үлкен жетілік елдері) келуі немесе АҚШ, ҚХР мен Еуроаймақ елдерінің басын қосатын жаңа G3 пайда болуы да жоққа шығарылмайды» дейді бұл жайында Түркия банкі төрағасының орынбасары Туралай Кенч. Ал Бреттон Вудсты жаңарту жөніндегі комитеттің негізін қалаушы және бас директоры Марк Узан қазір әлемдік экономиканың бұрынғыдай үйлесімді емес екендігін айтады. «Етек ала бастаған сауда соғыстары, негізгі резервтік валюталардың күшеюі, монетарлық саясаттың қалпына келуі – бұлардың барлығы алдымыздағы әлеуетті дағдарыстың дайын белгілері. Олар 2019 жылдың өзінде дамушы нарықтар мен Еуразияға өз әсерін сездіре бастайды» дейді ол.
«2019 жылға Еуразия үшін жаһандық тәуекелдер» туралы сауалнамаға қатысқан 1 мыңға тарта респонденттің 70 пайызға жуығы АҚШ пен Қытай арасындағы толық көлемдегі сауда соғысы 2019 жылы күшейе түседі деп есептейді. Ал мұның алғашқы салдары әлемдік сауда мен инвестициялар ағымының және жаһандық экономикалық өсімнің баяулауынан көрінетін болады. Bloomberg-тің бағалауы бойынша Қытай экономикасы АҚШ тарапының кедендік баж салығын көтеруі есебінен 2019 жылы ІЖӨ-нің 0,7 пайызын жоғалтады. Осыған орай жасалған Қытайдың қарсы шарасы АҚШ ІЖӨ-сінің 0,66 пайызға төмендеуіне әкеледі. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша осы оқиғаға байланысты әлемдік экономика 2020 жылы ІЖӨ-нің кемінде 0,5 пайызынан айырылатын болады.
Ал ДСҰ бағалауы бойынша жаһандық сауда соғысы (барлық елдер кедендік баж салығын көтеретін болса) әлемдік сауданың 17 пайызға төмендеуіне, ІЖӨ-нің 7,5 пайызға азаюына әкеледі.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 80 пайызға жуығы сауда соғыстары дамушы елдердің қаржы жағдайына төтенше соққы болып тиеді деп қорытынды түйген. Сарапшылардың бағалауынша, сауда соғысы – сауданы дамыту жөніндегі басты халықаралық институт саналатын ДСҰ дағдарысының тереңдей түскендігінің белгісі. Бұл ұйым өзінің қазіргі қалыбында күш алып кеткен протекционистік трендке тиімді қарсы тұра алмайды.
АҚШ белсенді түрде қолдануға көшкен қазіргі санкциялар мен сауда шектеулері алдағы уақытта жазалауға ұшыраған елдерді біріктіруі де мүмкін. Мұндай бірінші блок Еуразияның орталық бөлігінде Ресей, Иран және Түркия бейнесінде бой көрсете де бастады. Ал осының ақырында неопротекционизм ықпалы басқа нарықтарға да кеңінен тарап кетуі ғажап емес.
Мамандандырылған сарапшылар елдердің үкіметтерін осындай жағдайлардан сақтандырады. Олардың пікірінше, ірі ойыншылар арасында сауда соғысы жалғаса түскен жағдайда дамушы нарықтар сауда кикілжіңдеріне кірігіп кетуден барынша бой тартып, өз елдеріне сауда соғысы тигізетін әсерді азайта түсу бағытында неғұрлым бейтарап саясат түзу жолдарын қарастыруы керек.
Сарапшылар оқиғаның өрбу нұсқасының үш түрлі жолын көрсетіп отыр. Соның негізгісі бойынша Қытай мен АҚШ шиеленісі 2019 жылы оған басқа елдердің қатысуынсыз өз бетінше өрбиді. Қысқа мерзімдік уақытта бұл сценарийдің жүзеге асуының салдары әлемдік экономика мен сауда үшін неғұрлым жеңілірек болғанымен, АҚШ пен Қытай арасындағы жанжалдың жалғасу қаупі Қытай технологиялары және капиталының қатысуымен қосымша құнның жаңа тізбектерін қалыптастыруға келетін инвестицияларға кедергі болады. Осының негізінде ДСҰ-ны қайта трансформациялау басталады. Оның апелляциялық органы таратылады.
Екінші сценарий бойынша, Бейжің мен Вашингтон арасындағы жанжал ұлғаяды. Бұл АҚШ пен Еуропалық одақ қарым-қатынасына ықпал етеді. Ресей, Иран және басқа да елдерге жаңа санкциялар қолданылады. Америкалық инвестициялардың қысқаруы, АҚШ-пен сауда шартының қиындауы салдарынан Қытай экономикасы елеулі кері әсерге тап болады.
Америкалық тарап Еуропа одағына қысымын күшейтеді, тіпті еуропалық импорттың үлкен тізбесіне баж салығын көтере түсуі де ғажап емес. Бұған қарсы ЕО-ның берген жауабы жаһандық сауда соғысында екінші майданның ашылуына әкелуі мүмкін. Осының ықпалымен жаһандық сауданың халықаралық төрешісі ретіндегі Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі күрт құлдырайды. Көптеген ұйым мүшелері екіжақты формат негізінде жұмыс істеуге кірісіп, халықаралық даулардың ұйым ішіндегі шешілуі барынша қиындайды. Сарапшылар мұны неғұрлым ауыр да күрделі сценарий ретінде бағалайды.
Ал үшінші – неғұрлым жағымды сценарий бойынша АҚШ пен Қытай өзара келісімге келіп, мұнан кейін қалыптасқан тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жүйелі түрде азайту міндеттерін мойындарына алады. Бұл екі ел саудасының нығаюына және осы елдермен бірге қосымша құн жасау ісіне тартылған басқа елдер экономикасының дамуына жаңа серпін береді. ДСҰ-ға қатысушы елдер ұйым қызметінің ұйымдастыру-құқықтық тетіктерін реформалау бағытында жаңа мүмкіндіктерге ие бола отырып, сауда дауларын шешу тиімділігін заман талабына сай арттыра түсетін болады.
Сонымен, сарапшылардың Дүниежүзілік сауда ұйымының қызметі туралы пікірлерінен түйгеніміз, оның болашағына ұйымға қатысушы басты алып елдер АҚШ пен Қытай және Еуропалық одақ қарым-қатынастарының тигізетін ықпалы зор. Бұл елдер өзара тіл табысып, жұмыс істей алса, онда ДСҰ-ға да бәлендей қауіп жоқ. АҚШ пен Қытай арасындағы теке-тірестің уақытша болсын баяулауы осындай үміт күттіреді. Бүкіл дүние алыптардың бұдан кейінгі қимыл-қозғалысын бағып тұрғандай.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»