25 Қаңтар, 2019

Көшелі түсінігі ат үстінде қалыптасқан елміз

1277 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көшелі түсінігі ат үстінде қалыптасқан елміз

Ел газеті «Егеменде» жария­­ланған Елбасының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақала­сын мұқият оқып шы­ғып,  «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық мақаласының заңды жал­ғасы екенін аңғардым. Көш­пенді тегіміздің, соның ішінде өзімнің жаныма аса жақын біре­гей қырымыз – «Атқа міну­мен» басталған мақала мені қуант­ты. Өйткені көшпелілік таны­мы­мыздағы көшелі түсінігіміз ат үстінде қалыптасқан елміз. Біздің ескі қазақта «оң-солын тану» деген ұғым да осы атқа мінумен тікелей байланысты. Мысалы, жылқының жай тұрғандағы оң жағын қазақ «мінер жақ» дейді де, сол жағын «қамшылар жақ» деп атайды. Енді ат жалын тартып мініп, үстіне шыққанда жаңа­ғы «қамшылар жақ» автоматты түрде оң жақ боп, жерден қара­ғандағы «мінер жақ» сол жақ боп шыға келеді. Сонда ат жалын тартып мініп, дөңгеленген дүниеге ат үстінен қарай алған жас қана «оң-солын» анық танитынын аңғарған қазақи қарапайым ғана пәлсапа тумай ма?! Осы қазақы танымды бүгінгі қазақ баласы ұмытпаса, кешегі ата-бабасының ерлігі мен кемел ақыл-ой биігінен ұмтылары хақ екенін Елбасымыз айтып отыр. Жылқы мәдениетін кез келген қазақ баласы бес сау­сағындай білмей тарихи жа­дымызға орала алмайтынымыз белгілі. Менің ертедегі бір айтыс­та айтқан: «Адырдан адыр орғы­ған, жылқы атасы керқұлан, ал, менің атам Ер түрік» деген жыр жолдарым есіме түсе кеткені. 

Бесінші әңгімеде «Түркі әлемі­­нің бесігі» де Алтайдағы атақ­ты «Берел» қорғанынан табыл­ған он жеті жирен ат та осы мақаладағы әрбір тұғырнама­ның бір-бірімен саба­қтастығын көрсетіп тұр. Берел­­ден табылған алтын адам­ның безендірілуіндегі аң стилі де, Ұлы даладағы ежелгі металлур­гияны меңгеріп, алтын қорытқан ба­балар өнерін паш етпек. Бүгін­гі жаһандану заманында жас ұр­пақтың санасын бөгде жұрттардың заманауи мәдениеті жаулап бара жатқан уақытқа қар­сы тұрарлық қауқарды осы мақала­дағы тәптіштей айтыл­ған ұлттық құндылықтар ғана құт­қара алады деп ойлаймын. Кешегі көшелі мәдениетімізден тамыр тартқан, Ұлы далада, Ұлы Жібек жолы бойында жауһар мәде­ниет жасаған көш­пелі таны­мы­мыздан кіндік үзбей, бола­­шаққа бағыт алған ұлы көші­міз­дің бағдарын айқындап бер­ген Елбасы мақаласы әр қазақ бала­сына ой салары анық. Және осы бағдарларды ықтиятты түр­де жүзе­­ге асыруға әрқайсымыз ат­сал­ы­суымыз керек деп ойлаймын. 

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының 
төрағасы