Қазақстан • 30 Қаңтар, 2019

Ұлы Жібек жолы және қазақ руханияты

5829 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Терең тамырлы, сан сипатты өрке­ние­ті­міздің мемлекет тарихындағы тамаша көріністерінің таңғажайып бір қыры – Ұлы Жібек жолы дер едік. Әлем өркениетінің алтын бесігі – Шығыс, нақ­тылы айтқанда, Жерорта теңізі мен Гималай тауының аралығы. Нағыз ға­жа­йыпстан. 

Ұлы Жібек жолы және қазақ руханияты

Бұл жерлерде сәулетті шаһар­лар, геометрия­лық өрнектерге бай асқақ ғимараттар, көк пен жерді тіл­дес­тіретін киелі күмбезді храмдар, мешіт-медреселер, керуен-сарайлар бой түзе­ген. Осы орайда бес мың жылдық тарихы бар Хараппа, Месопотамиядағы Вавилон, Нине­вия, Солтүстік Ауғанстан жеріндегі Бактрия­ның астанасы «Қала біткеннің әулиесі» Балх, Мохенджо-Даро, Каспий теңізі маңын­дағы Дер­бент, араб жиһанкездерінің карта­сын­да көр­сетілген Баласағұн (Құз Орда), Бұқара, Самар­қанд немесе Алтын Орда мемлекеті­­нің ас­таналары... Ибн Баттума Сарайшық­ты көр­ген­­де Бағдадқа ұқсастығын айтқаны бар. Иә бол­­­маса іргетасы 762 жылы қалан­ған Бағдад ша­­һа­­рында ІХ-ХІІ ғасырларда атақты араб гео­­графтары шоғырланған. Бұл оқымыстылар көне Грекия, Үндістан және Персияның біре­гей шығармаларын аударған. Олар мәдени және сауда-саттық байланыстар арқылы Ұлы даланың шартарабына тарап отырған.

Ибн Фадлан 921 жылы осы шаһардан Маң­ғыс­тау Үстіртін көктеп өтіп, Еділ бо­йын­дағы Бұлғарияға жетіп, Дала көш­пен­ділері жайында бағалы мәліметтер қалдырған.

Бағдад шаһарында VІІІ-ХІ ғасырларда отырарлық Абу-Ғаббас әл-Жауһари, Исхақ әл-Фараби, Абу-Насыр Исмайл әл-Жауһари, Әбу Насыр әл-Фараби, са­мар­қандтық Абу Исқақ ибн Қухий әл-Хурайми, ферғаналық Ахмед ибн Мұхаммед Ферғанауи, мервтік Ахмед ибн Абдулла Маруази және Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми уә Мәжуси дейтін түрік ғалымдары еңбектенген. (Эберман В.А. Записки коллегии востоковедов. Т. V. Москва, 1930. С. 437-438).

Б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда Еуразия кеңістігінде трансқұрлық желісіне құрылған Ұлы Жібек жолы Хань әулеті­нен шыққан У Ди императордың билігі тұсында Чжан Цян бастамашылдығы­мен ұйымдастырылған-ды. ХІХ ғасыр­дың аяғында неміс геологы Фердинанд фон Рихтгарен «Жібек жолы» деген атау берген.

Мәдени және сауда қарым-қатынас­тары, керуен жолдары Рим, Шығыс Азия, әлемнің бел омыртқасы Персия, Үндістан, Гималай, Йемен, Эфиопия, Египет, Орталық Азия, Қытай, Солтүстік Үндістан мен Орталық Азияның көпшілік аумағын қамтитын Құшан патшалығы, Жерорта мен Каспий теңіздерін толық қамтыған еді. Осынау территорияда ислам, иудаизм, хрис­тиан, индуизм діндері, үндіеуропалық, семит, син-тибет тілдері, алуан түрлі көзқарастар, инновациялар, символдар, ғылым салалары өркендеді. Мысалы, грек тілінің құндылықтарын Орталық Азия мен Инд жазығынан естуге болатын-ды. Қазақ тілі құрамындағы араб, парсы, грек, шумер, аккад тіл­дерінен енген сөздер Ұлы Жібек жолы бойын­дағы рухани байланыстардың, қарым-қатынастардың нәтижесі, мә­дени-экономикалық жаһанданудың жемі­сі. 

Ұлы Жібек жолының күретамырында орналасқан Ұлы дала елі араб, үнді, парсы, Орталық Азия халықтарының аңыз-ертегілерінің қызықты оқиғаларына құрылған жүздеген қисса-дастандарды жатқа айтып таратты. Солардың ішінде «Мың бір түн», «Ләйлі-Мәжнүн», «Сейіт-Баттал», «Тотынама», «Кербаланың шөлі» және т.с.с. адамзат тарихындағы руха­ни игіліктердің бірегейі Үндістан патшасы Дәпшәлімге арнаған данышпан Бейдауаның «Кәлилә мен Димнә» (мұ­ның екі мың жылдық тарихы бар) «Пан­чатантра» («Бес бәйіт») дейтін атау­мен ІІІ ғасырда таңдаулы мысал-ертегі­лер­ден құрастырылған. Бұл VІ ғасырда Пер­сияның данагөй патшасы Хұсрау Ану­шированың бұйрығымен санскрит тілінен пехлеви тіліне тәржімаланған. Сонан Византияға, оңтүстік славяндарға, ХVІІІ ғасырда Еуропаға тараған. Әлішер Науаи «Шығыс пен Батыс табысып, екі сәулетті әлем құшақтасты» деуінде Шығыс өркениетінің рухани сұлулыққа, кәусар бұлағының жәннатына ие жауһар­лары қандай қасиетті екендігін жеткізген. 
Ұлы даланың ойшылдары, білгірлері, ша­йырлары Шығыстың классикалық әдебиетін (дастандарын, қиссаларын, аңыздарын, ертегілерін, мысалдарын, тәмсіл­дерін) терең қызығушылықпен, өнер­паздықпен айрықша зерде-қабілет­пен оқып-тоқып, жадына мінсіз тұтып, ұлт­тық ой-санасын, көркемдік-фи­ло­со­­фия­­лық көзқарасын, тілін, дана­лық өне­­гес­ін, танымын, пайымын жетіл­діру­­дің мықты құралы етті. Және де олар бірнеше тілдерді де жетік, толық меңгерді де. 

Ұлт суреткері М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Құнанбай қажылыққа аттанар алдында Абай араб, парсы, шағатай, орыс тіліндегі алуан түрлі шығармаларды қалайша ішек-қарнын ақтарып тексергенін былайша суреттейді: «Парсы, түркі кітаптары бұны біресе Шираздың гүлзарына әкетеді. Самарқанның мазар ғимараттарына қадалтады. Мәру, Мешһедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселеріне, кітапханаларына тартады. Осылардан бір ауық орысша кітапқа түскенде Орталық Азия, Иран, Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тірлігін айқын тани түскендей болады». Бұл дегенің Ұлы Жібек жолы бойындағы ғылым­ның, білімнің, өркениеттің, озық өнердің, алтын бесігі болған ұлы шаһар­лардың сыр-сипатын әйгілейді.
Ұлы Жібек жолы Ұлы дала елінің рухани кеңістігіне орасан зор жаңалықтар әкелді. Мұның бір дәлелін халық жырларынан тануға болады. 

Оң жақтан үнді, парсы, араб келген,
Сол жақтан шүршіт, моңғол, қалмақ келген.
Батыстан Балқан елі қатынасса,
Шығыстан қытай, қашқар шай әкелген.
(Зейнолла Сәнік. Шығармалар. т.11. Алматы, 2017. 20-бет)

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуел­сіздік дәуірі» дейтін дәуірнама­лық ең­бегінде (416-417-беттер): «Тілдік және мәдени байланыстар қазынасы бізді бауырластары­мызбен – Солтүстік мұзды мұхиттан Жерорта теңізіне дейінгі кең-байтақ кеңістікті мекендейтін түркі ха­лық­тарымен байланыстырады. Ұлы түркі елі – бұл біздің ата-бабаларымыз және батырларымыз, ортақ рухани құн­дылық­тарымыз. Бұл – біздің ортақ ұлы мұрамыз» деп жазады.

Бір заманда әр алуан халықтардың мәдени жаһан­дануының көріністерін сол бір ұлттың фразео­логизмдерінен, афоризмдерінен, мақал-мәтелдер­інен, сөз-ұғымдар жүйесінен байқай­мыз. Айталық, «керемет» сөзі қазақ, марий, удмурт, мордва тілдерінде бар. Арабта «қара­мат», парсыша «карамат» делінеді. Арамей тілінде «дин», «алам» сөзі бар. Қазақша «дін», «әлем» ғой. Немесе қазақ тіліндегі «Рас сөз жағымды болмайды, жағымды сөз рас болмайды» мәтелі даосизмнен ауысқан. Сондай-ақ «көңілім Нілдей бұзылды» дейтін тіркес Ніл өзені мен Еділ-Жайық арасындағы өзара қарым-қатынасты танытады.

Көк түріктер VІ-VІІ ғғ. Парсы мен Византия мемлекеттеріне жорық жасап, олардан орасан мол алым-салық алып отырған. Айбаты мен айбары асқандықтан болса керек, хадисте: «Алла тағала түріктерді ашуландырма, олар ашуланса өте қауіпті» делінген.
Түркілер Х-ХІ ғғ. Азияда Ислам өркениетін жандандырды. ІХ ғасырда Араб халифаты әлсірей бастағанда, заты түркі Мұхаммед 930-969 жылдарда Сирия мен Мысырдың билеушісі болған деген болжам бар. (Елторы Жалғабаев. Гүрхан, Хорезм-шах және Шыңғыс хан. «Жұлдыз», 2006, №2. 139-156-беттер).

ХІІ-ХVІ ғасырлар – түркілердің жарқын заманы «Шам шәһәрінің (Дамаск-Дамшык) маңын­да Желли (Желді), Алп-арсын атты түркі қы­с­тақ­тары бар екен. Халифа әскерінде түркістандық әскерлер көп-ақ еді, деседі («Сафар-наме»).

«...Сол ерте кезде-ақ Бағдадта түрікше сөй­ле­­се­­тін­дер жиі кездескен» (Талжанов С. Шығар­малар жинағы. Т.2. Астана, «Ер-Дәулет», 2007, 83-бет).
Сыр бойы әдебиетінің көрнекті өкілдері, әйгілі шайырлар шығыстық-түркілік әрі ислами сипаттағы әдеби дәстүрдің қалыптасуы мен дамуына жойқын әсер, тегеурінді сипат дарытты.

Ақ Орданың байтағы Сығанақта жазылған Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» атты даңқты поэмасы ұлт әдебиетінің дамуына тегеурінді қуат қосқанын, көркемдік дүниетанымымызды, ойлау жүйемізді керемет байытқанын қадап айтуға хақымыз бар.

«Хұсрау мен Шырын» поэмасы 4700 бәйіттен түзілген. Осынау қымбат жәдігер­дің лексика­лық-фразеоло­гиялық сипаты мейлінше сан алуан. Алтын Орданың қыпшақ тілді жазба ескерт­кішінде 1811 түркі, 790 араб, 424 парсы сөзі бар екен. Құтып Алтын Орда мемлекетінің ішкі және сыртқы қоғамдық-әлеуметтік ахуалын асқан шеберлікпен суреттеген. Бұл түркі поэзиясының, нақтылы айтқанда, байырғы қазақ әдебиеті тарихындағы дара мұра. Ауқымдылығы жағынан Таяу Шығыс, Орталық Азия, Үндістан, Қап тауына дейін тараған таңғажайып аңыз. Бір ғана қырын айтсақ, осында афо­рис­тік поэзияның қаншама озық үлгі­лері шоғырланған. Бұл сарын кейінде Сыр бойының шайырларында әдемі өрістетілген. Құтыптың ақындық сыр-лебізі Мысыр мен Алтын Орда арасына таныс болған секілді. Бұған «Сіздің жарлығыңыз Мысыр мен Шамда жүрсін» деген сөзі дәйекті дәлел.
Алтын Орда заманының миуа-жемісі іспетті Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дейтін поэмасы 1353 жылы Сыр елінде туған. Ол Ақ Орданың әмірі Мұхаммед Хожа бектің сарайында қызмет етіп жүргенде жазған. Тап-таза көркемдік сұлу­лық­тың, телегей сыр мен сезімнің үлгілері, гүлді сөз­дің дүкені десек артық айтқандық емес. Мысалы:

1. Екі жарық гауһарды ғаламға берген,
Махаббат кенішін адамға берген.
2. Аспан дәптерінен түнді боятып қойған,
Жаһан жаратылысын сөзге ұстатып қойған.
3. Пілдей жүрген күркіреп бұлттар ауар,
Тәңір қайда бұйырса сонда жауар.
4. О, күн секілді әлем шырағы,
Нұр шашқан жүзіңіз – жұмақ бағы.
5. Барлық әсемдік әлемінің құдайысың,
Мәсіх лепті, Жүсіп сынды шырайлысың.
6. Ашылса ерніңіз, шекер шашылар,
Сені көріп, гүл түйнегі ашылар.
7. Жүзіңнен білінер ізгілік демі,
Басқан жерің – бақыттың кені.
8. Жаһан сенің жамалыңнан нұрланса,
Неткен көрік, неткен шырай, о Алла!
9. Мың жан сенің сымбатыңның пидасы,
Көзімнің қарашығы – бір қалыңның пидасы.
10. Қос бұрымың – көңілімнің панасы,

Есігіңнің топырағы – жан садағасы.

Құтып поэмасындағы тас-түйін сөз тіркестері «көңіл құсы», «сынық көңіл» Абай поэзиясына жарық сәуле түсірген.

Сонымен қатар Алтын Орда мен Мысыр аймағында мекендеген түркі шайыр­ларының зердесінен құйылып төгіл­ген «Қисас-ул-әнбия», «Наһж-ул-фарадис», «Гулстан би-т-түрки», «Шаһ­нама» шы­ғар­маларының қуат-құді­реті, дана­лық сабағы қандай десеңіз­ші! Р­асын­да, Шығыс әдебиеті – түркі мәде­ние­тінің құрамдас бір бөлігі. Бұған айғақ ретінде 55 патшалықты жыр­лаған Фир­­доу­сидің «Шаһнамесін» Ораз Мол­да пар­сы тілінен тікелей тәржі­малады. Оның араб­ша төгілдір­ген калли­графия­лық тұр­ғы­дан сұлу қолжаз­басы ҰҒА Орта­лық ғылыми кітапханасында сақтаулы (№1187). 

Ұлы Жібек жолының қазақ руханиятына көркемдік әсерлерін баяндағанда, ұлттық поэзия тарихында Шығыстың классикалық әдебиеті мен мәдениетінің яки оның стиліндегі мектептің негізін салушылар ХІХ ғ. Ораз Молда, Мәделі, Майлықожа, Молда Мұса сынды шайырлар болса, осы бір мәдени дәстүрді ХХ ғ. басында «Көкілташ» медресесінің түлегі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (1882-1939), Кете Жүсіп Ешниязұлы (1871-1927), Мансұр Бекежанұлы (1875-1933), Жүсіп Таубайұлы (1882-1916), Қарасақал Ерімбет, Базар жырау, Оңғар жырау, Нұртуған Шыршығұлұлы, Бұдабай Қабылов, Қуаныш Баймағамбетовтер сәтті сабақтастырып ілгері дамытты.

Таным-пайымы, ой-парасаты биік, рухани, шешендік, шеберлік қабілет-қарымы жоғары олар араб, парсы және түркі тілдерін жетік меңгерді. Шығыс­тық аңыз-әңгімелер негізінде желі­лес дастандар туындатты, халық қазы­насын байытты. Араб-парсы поэтикасынан үйренді.

Ұлы Жібек жолының қазақтың тұтас­тай ой-санасына, көзқарасына, тіліне, дәс­түрі­не, интеллектуалдық-шығар­ма­шылық қабі­лет-қарымына тигіз­ген жой­қын көркемдік қуа­тын зерделеу – Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты әйгі­лі мақа­­ласындағы «Ұлы Жібек жолы» жоба­сының басты бағыты болса керек-ті.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор