Білім • 01 Ақпан, 2019

Ауыл мектептеріне оқушылар жетіспейді

1148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қала іргесіндегі Қызылжар ауылына барып қайттық. Біздің алдымызда ғана қала әкімі Балғабай Ыбыраев барып, ауылдық аумақты аралап шығыпты.

Ауыл мектептеріне оқушылар жетіспейді

Жалпы, Қызылжар ауылдық аумағына қазір Қызылжар, Бо­­­рықтал, Жаңашаруа, Суат­көл, Сарышығанақ сияқты 5 шағын ауыл қарайды. Барлығын қосқанда 3481 адам тұрады. Үлкен ауыл саналатын Қызыл­жар мен Сарышығанақта орта мек­теп болса, ал Борықтал, Суат­көл, Жаңашаруа ауылдарында бастауыш мектептер ғана қалған. Қызылжар орта мек­тебінде  320 оқушы болса, қалған 75 оқушы Борықтал, Суаткөл, Сарышығанақ  мек­теп­­терінде  білім алуда. 

Ауыл әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, биыл Жаңашаруа бөлімшесінің оқушылары Са­рышығанақ мектебінде тасымалмен келіп оқиды. Бала саны азайған шағын мектеп жабылыпты. Қала әкімі бос қалған мек­тепті оңтүстіктен көшіп ке­летін отбасыларға беруді тап­сырған екен. Бірақ оқушысы көп Қызылжар орта мектебі 1972 жылы салынған ескі мек­теп. Іші-сырты, ауласы жөн­деуді күтіп тұр. Төбеден су ағады. Күрделі жөндеу жүр­гізілмегені, ескіні жаңадай ғып күтетін ұқыпты қолдардың жоқ­тығы  байқалады. Кірген бет­тен-ақ көңілсіздік басады. Мектептің екінші бөлігінде ауыл­­­дың әкімдігі орналасқан...

– Биыл қайта пластик терезелер орнатылды. Былтыр жы­лу қазандығы жөнделді. Енді бірте-бірте жөнделер, – деді мек­теп  директоры Айкүміс Жәлелқызы.

Айтпақшы, 2013 жылы сәуір айында жолсапар барысында Ақсу қаласының ауылдарын аралағанбыз. Мәмәйіт Ома­ров ауылындағы мектептің бір бө­лігі жабылып,  қаңырап бос тұрғанын көрген едік.

– Оқушыларыңыз  үңі­рейген  ескі мектеп үйінен қо­рықпай ма? – деген біз сонда  мектеп директоры Бижамал Шәкіроваға. Осыдан кейін газе­тімізде сол кездегі қала әкімі Болат Ба­қауов назар аударар деп «Қала ірге­сіндегі ауылға кім жан­ашыр?» деген мақала жаздық. Бұл жолғы жолсапар барысында  өзіміз жазған сол М.Омаров атын­дағы ауыл мектебіне де барып қайттық.

Өйткені 2017 жылы қаңы­рап бос тұрған мектепке күр­делі жөндеу жасалғанын естіп қуанған едік. Жақсылықты көзімізбен көргіміз келді. 

– Оқушылардың білім алуы­на мүмкіндік жасалды.­ «Өңірлерді дамыту-2020» бағ­дарламасы аясында  об­лыс­­тық бюджеттен 198 мил­лион­ теңге бөлінді. Қазір жаңа мектепте С.Дөнентаев, Сырлықала, Көктерек ауылдарынан келіп оқитын 33 баланы қосқанда барлығы 206 оқушы білім алуда. Елге орал­ған ағайындардың ұл-қыз­да­рымен  мектептер толуда, – деген  қуа­нышын жеткізді Бижамал Шәкірова.

Біздің мақаламыз қазіргі об­лыс әкімі Болат Бақауовтың есінде қалса керек, қала ірге­сіндегі ауыл мектебіне  осылай жанашырлық көрсетті. Бі­рақ мектептің бұрынғы екінші бөлі­гі де күрделі жөндеуді күтіп  тұр­­ға­нын ескерейік.

Ал Қызылжар мектебінде оқитын балалардың дені Моң­­ғолиядан елге оралып, орнық­қан отбасылардың ұл-қыздары. Бұл отбасылардың қатарына қа­ла әкімі айтқан оңтүстік облыстардан қоныс аударып ке­летін отбасылардың балалары қосылса, бос мектептер то­лады деген сөз. Онсыз да жуырда өңірдегі тұрғындары кө­шіп кет­кен мектепте оқитын баласы аз 9 ауылдық аумақ қыс­­қа­­рып қал­­ды. Қоныс аудару­­шы­лар ке­ліп, орта толтыру үшін­ тұр­­ғын үй,­ жылы да жайлы­ мек­­тептер­ керек. Ауыл­ды сақ­­тау­ – міндет. Ақсу – алып өн­­ді­ріс­тер орналасқан қала. Ауылдың өзінде «Қы­­зыл­­жар құс» фабрикасы жұ­мыс істейді. Бұл ретте қа­ла­ның, биз­нестің ауылдарға қам­қор­лығы жетпей тұрғандай.

Жалғыз Қызылжар мектебі ғана емес, қалаға қарасты басқа да ауылдардағы ескі мектептер  күрделі жөндеуді қажет етеді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Павлодар облысы, Ақсу қаласы

Суретте: жөндеуден өткен  М.Омаров ауылындағы мектеп. Түгел елге оралған ағайын­­дардың ұл-қызы. Бұрын­ғы ­тұрғындардың түгелі дерлік қа­лаға кө­шіп кеткен.