01 Ақпан, 2019

Талқыланған жоба – табанды еңбек

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде тұжырымдамасы қоғамда қызу талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жайлы «Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс құжат болуы керек», деп мұғалім үшін маңызды құжатқа бүкіл ел болып мән беру керектігін айтқан болатын. 

Талқыланған жоба – табанды еңбек

Елбасы тапсырмасына сәйкес, жуырда Қарағанды қаласындағы маңызды білім ошақтарының бірі «Болашақ» академиясы аталған заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. 

Жиында білім саласына біре­гей бетбұрыс әкелетін заң жобасы жан-жақты сараланып, қорда­ланған мәселелер қоғамның әділ талқысына түсті. Басқосуда айтыл­ғандай, соңғы жылдары білім беру саласында бірқатар реформа жасалса да, білім беру үдерісін ұйымдастыруда тек құрылымдық өзгерістердің ғана енгізілуіне байланысты, білім саласының тынысы толық ашылмай келеді. Осы ретте жаңа заң жобасы білім беру тәжірибесіне енгізілмеген мәселелерді тізбелеп, жетілмеген тетіктерге жан бітіруді көздейді. Елбасының арнайы тапсырмасымен мұғалім мәртебесі жеке заң ретінде өз алдына бөлек бой көтеруі уақыт талабынан туын­дап отыр. 

«Қазақстан Республикасын­дағы педагог мәртебесінің мәселе­лері мен оның болашақтағы дамуы» тақырыбында өткізілген дөң­гелек үстелді академия ректоры Құралбай Меңлібаев жүргізіп отырды. Жиынға сонымен қатар «Болашақ» академиясының оқытушы-про­фессорлық құрамы, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының өкілдері қатысты.

– Жобаның көптеген баптары бүгінде ой-талқыға түсіп жатыр. Білім саласында жыл сайын жүргізіліп жатқан реформалармен қатар білікті мамандарды даярлаудағы педагогтардың жағдайын түпкілікті жақсартуды мақсат тұтатын педагог мәрте­бе­сінің қажеттілігі шынымен артып отыр. Аталған заң тұжы­рым­дамасы осы тұрғыдан өте үлкен маңызға ие, – деді ректор Қ.Меңлібаев. Дөңгелек үс­телге көтерілген ең өзекті мәселе – облыс көлемінде барлық мек­тепті, білім беру ошақтарын бі­лікті мұғалім мамандармен қам­тамасыз ететін өз алдына жеке-дара Педаго­гикалық жоғары оқу орны ашылу керек деген орынды ой болды. Шынымен де облыс орталығының жоғары оқу орындарында даярлап жатқан заңгерлер, химиктер мен биологтер, физиктер мен математиктер әсте педагог мамандар емес, өз саласының ғана мамандары болып табылады. Қатысушылар атап өткендей, бұл мәселе Ал­маты, Шымкент, Павлодар қа­лаларында баяғыда шешімін тапқан. 

Жиынның басқа басқосу­лардан тағы бір ерекшелігі – ма­ңызды мәслихатта айтылған салмақты ойлар мен ұтымды ұсы­­ныстар толымды жинақ бо­­лып жұртқа таратылуында. Атал­ған оқу ордасының баспасында қатталған жүйелі жинаққа 40 шақ­ты ғалымның екі тілде еңбек­тері енген. Кейде осындай құ­рылтайлардың құрғақ әңгімемен аяқ­талмай, іс-шара со­ңында игі­лікті із қалғаны дұ­рыс.

Айта кетуіміз керек, іс-шараның ұйымдастырылып өтілуіне Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, Қа­зақстан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясының корреспондент-мү­шесі, заң ғы­лым­­дарының докторы, профес­сор Нұрлан Дулатбеков бастамашы болған.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»