Ұлы дала төсін ықылым заманнан мекен еткен ақбөкен баласы қазақ үшін көзайымға айналған, аяулы аң болатын. Сол киелі жануарды қорғаймын деп жүріп қандықол браконьерлердің қолынан жазым болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қазасы қазақ қоғамының қабырғасын қайыстырып кеткені рас еді. Ақбөкендерді бір тұтам мүйізі мен бір жапырақ етіне бола аяусыз қырған қарақшылар өздерінің бұл қаскөй ісіне қарсы тұрған адамды да соққыға жығып, айдың-күннің аманында ажал құштырды. Әлбетте, бұл қанды оқиға қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды. Жұрт жазықтылардың тезірек қолға түсіп, қатаң жазалануын жатпай-тұрмай талап етті.
Қоғамды дүрліктірген қанды оқиға қалай өрбіп еді? Арада біршама уақыт өтсе де сол күндерге тағы бір мәрте көз жүгіртіп көрелікші...
Жаңа жылдың 13 қаңтар күні «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык Нұра ауданының Теңіз көлі алабындағы ақбөкендер мекен еткен аумаққа әдеттегідей шолу жасап жүрген еді. Соңғы кездері «ана жерде, мына жерде браконьерлер бой көрсетіп, киікке маза бермей жүр» деген сыңайдағы ақпар шыға бастаған. Содан да болар, инспекторлар бес қаруын түгел асынып, не нәрсеге болса да тас-түйін дайын жүретін...
Қорықшылар төбеден айналаға дүрбі салып болғаннан кейін, етекке түскен. Тура алдарынан қалың қарды тіліп өткен автокөліктің ізін алдымен байқаған Ерлан еді. Жол талғамайтын джип көлігінің жаңа ғана жүріп өткен ізі екен. Мұның тегін еместігін аңғарған инспекторлар ізге түсіп енді жүре бергендерінде, қар үстіндегі қан тамшылары да көзге оттай басылып еді.
Бір сұмдықтың болғанын іштей сезген инспекторлар ізге түсіп жөней бергенде, бей-берекет атылған мылтық дауысы естіледі. Көп ұзамай олар қанға бөккен бес киікті тауып алады. Браконьерлердің алысқа ұзай қоймағанына көздері жеткен қорықшылар мылтық дауысы шыққан маңды бетке алып құстай ұшқан. Бір мезетте олар қалың қарды бората жүйткіп бара жатқан дағарадай джипті көріп, соңына түседі. Испекторлар мінген көлік шетелдік джип сияқты жылдам әрі қуатты болмаса да, жер ыңғайын жақсы білетін қорықшылар күдіктілердің алдын орай берген. Сөйтіп құрық тастам жерге жеткенде инспекторлар аспанға оқ атып, қашқындарға «тоқта» деген белгі береді. Оған қарайтын браконьер бар ма?! Бір кезде олар мінген «Тойота Ленд Крузер» көлігі ойпаңдау жерге келгенде қалың қарға белшеден батып, тұрып қалады. Джиптің ішінен атып шыққан браконьерлердің түсі суық, ниеттері бұзық еді. Жараланған жыртқыштай тығырыққа тірелген олар енді құтылмасын біліп, бірден қорықшыларға бас салған.
– Мен жақындап келіп жөн сұрамақ болғанымда, біреуі маған мылтық кезеді, – дейді оқиғаның тірі куәсі Петр Ницык. – Екеуіміз алыса кеттік. Сол кезде джиптің тізгінін ұстаған екіншісінің машинадан секіріп түскенін көзімнің қиығымен байқап үлгердім. Бұл кезде мен әлгі ұстаса кеткен браконьерді жығып алған болатынмын. Содан тура қарақұсымнан тиген ауыр соққыдан есеңгіреп түстім. Есімді шала-пұла жиып, орнымнан тұра бергенде біреуі бетімнен мылтықтың дүмімен оңдырмай ұрып жіберді. Одан арғысы есімде жоқ...
Бұл кезде Ерлан да күші жағынан да, саны жағынан да басым бұзақылармен аяусыз айқасқа түскен болатын. Бірақ жабыла кеткен қаскөйлер қанша жерден спортшы болса да қорықшының құлашын жаздырмады. Ерлан да әріптесі Петр сияқты тура қарақұстан тиген ауыр соққыдан ес-түссіз етпетінен құлап түскен болатын...
Петр Ницык есін жиып орнынан тұрған кезде жанында қимылсыз жатқан Ерланды көреді. Аударып бетіне үңілгенде тек ыңырсыған үнін ғана естиді. Аузы-мұрнынан аққан қара қан мұз боп қатып қалған екен. Браконьерлер болса бұл кезде із суытып үлгеріпті. Айдалада екеуінен басқа тірі жан жоқ. Петр әрең дегенде рациясын тауып алып, өздеріне шабуыл жасалғаны туралы орталыққа хабар береді. Екі аяқты қорқаулар жай кетпеген екен: қызмет көлігінің кілтін алып, GPS құралының сымын үзіп кеткен. Сол себепті де инспектор өздерін іздегендерге нақты қай жерде жатқандарын тап басып айта алмаған. Бұл кезде боран да күшейе түсіп, күн райы күрт бұзылған еді...
Жаралы қорықшыларды екінші көліктегі инспекторлар кешкі сағат 21.00-дің шамасында әрең дегенде тауып алады. Бұл кезде қансыраған Ерлан ауыр күйде жатқан еді. Екі қорықшыны көлікке салып алған құтқарушылар жолдағы Баршынға, одан кейін Қорғалжынға соғады. Ол жерлердегі ауруханаларда жансақтау бөлімі болмағандықтан, не де болса жетіп алайық деп Астананы бетке алған. Ақыры, өлдім-талдым дегенде екі инспектор Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер Петр Ницыктың жағы сынып, пышақ жарақатын алғанын анықтайды. Ал Ерлан Нұрғалиев болса, бастан алған ауыр соққыдан оңала алмай, есінен танған. Ақ халатты абзал жандар Ерланның өмірін аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, аждаһа ажалға қарсы тұра алмады.
Ерлан Нұрғалиевтің кір жуып, кіндік кескен жері Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданының орталығы еді. Осы жерде ол 1966 жылдың 30 қаңтарында дүниеге келді. Үйдегі жеті баланың төртіншісі болатын. Қорғалжындағы мектептің 6-сыныбында оқып жүрген кезінде, ата-анасы жұмыс бабымен Нұра ауданындағы Баршын ауылына қоныс аударды да, отбасы осы жерде тұрақтап қалады.
Ерлан жасынан алғыр, өжет, кісі баласына жақсылық жасауға ұмтылып тұратын қайырымды болып өскен екен. Спортқа жақын болыпты. Содан да болар, орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағандыдағы сол кездегі педагогикалық институттың дене тәрбиесі және алғашқы әскери мамандық факультетінде оқыған. Студент кезінде күреспен айналысып, бұл салада біршама жетістіктерге қол жеткізіпті.
Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте мұғалімдіктен бастағанымен, Ерлан Нұрғалиев өзінің алдағы өмірін ішкі істер органдарымен байланыстырған. Осы қызметте жүріп ол өзінің адамгершілік биік қасиеттерімен, мамандығына деген адалдығымен жерлестерінің алдында абырой-беделге ие болады.
«Ерлік істері көп болды. Баршындағы аудандық полиция бөлімінде инспектор, кейін бастығы болып қызмет істеді. Ең бастысы, өз жұмысына адал болып, жан-тәнімен беріліп істейтін. Жұмыс десе, қандай қауіптен болса да тартынбайтын», дейді ол туралы марқұмның әкесі, жасы сексеннен асқан Балғабек Нұрғалиев ақсақал.
Қоғамды дүр сілкіндірген бұл қанды оқиғаның жай-жапсары құзырлы органдардың тікелей назарында болғанын да айта кеткен жөн. Оқиға болған жерден ізін суытып үлгерген күдіктілердің бәрі де арада апта өтпей жатып құқық қорғаушылардың қолына түсті. Енді, марқұм Ерлан Нұрғалиевтің отбасы, туған-туыстары ғана емес, тұтас қоғам осы қылмысқа қатысы бар күдіктілердің заң алдында әділ жазасын алуын тілейді.
Марқұм Ерлан Нұрғалиевтің әріптесі Петр Ницык та Елбасы Жарлығы бойынша ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін өңіріне тақты. Батыр қазақтың қандыкөйлек жолдасы Шығыс Қазақстан облысының тумасы болса да, Қарағандыға жасынан бауыр басқан жанның бірі. Кеншілер астанасындағы политехникалық институтты инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы «Охотзоопром» мекемесіне жұмысқа тұрғанға дейін судан құтқару саласында жұмыс істеген. Қарағанды қалалық судан құтқару стансасында бастық, одан кейін қызметі жоғарылап, Қарағанды облыстық судан құтқару қызметі басқармасы бастығының оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етіпті.
Қазіргі уақытта Қарағандыдағы ауруханалардың бірінде ем алып жатқан Петр Ницыктың зайыбы және ұлы мен қызы бар. Балалары қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері. Отбасы Майқұдық елді мекенінде тұрады. Петр Алексеевичтің өзі жасы алпысқа таяп қалса да Қарқаралыдағы колледжде «Эколог» мамандығы бойынша білім алып жүр екен. «Сәтін салса, биыл диплом қолыма тиеді», дейді орденді қорықшы.
Құралайдың тұқымын көздің қарашығындай сақтаймын деп жүріп шүберекке түйген жаннан айырылған Ерлан Нұрғалиев сынды ержүрек халық жадында мәңгі қала берері сөзсіз. Иә, ол Баршынның ғана емес, барша қазақтың батыр ұлы!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы