Үкімет • 05 Ақпан, 2019

200 оқу орны 1-2 мамандық бойынша жаңа құрал-жабдықтармен қамтылады – Е.Сағадиев

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы тапсырмасына сәйкес «Жас маман» бағдарламасы «Жастар – Ел тірегі» ұлт жобасының бір бөлігі болады және «100/200» қағидаты бойынша іске асырылады деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында.

200 оқу орны 1-2 мамандық бойынша жаңа құрал-жабдықтармен қамтылады – Е.Сағадиев

«Осы бағдарлама аясында екі жүз оқу орны, нақтырақ айтсақ, 20 жоғары оқу орны мен 180 колледж 1-2 мамандық бойынша жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталады» деді министр.

Бұл оқу орындары білім берумен қатар 1-2 мамандық бойынша басқа оқу орындары үшін құзырет орталығына айналатынын еске салған ведомство басшысы, жаңа құралдар сатып алып, шетелдік әріптестермен кооперацияны және жаңа оқу бағдарламаларын дамыту қажет екеніне тоқталды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» палатасымен бірге 100-ден аса қажет маманды анықтайды, олар білім беру ұйымдары үшін сатып алатын жабдықты таңдауға негіз болады.

Жабдықты сатып алу механизмі дайын. Лизинг тетігі арқылы қаржыландыру 7 жылға беріледі, «БРК-Лизинг» үшін сыйақы жылына 11 %-дан аспайтын болады.

Колледждер лизингті төлеу үшін 7 жыл ішінде ақшаны толық алады деп жоспарланып отыр. ЖОО-ларға лизинг төлемі бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлу әзірше қаралмаған. Өйткені, біз оларға былтырғы жылы барлық техникалық мамандықтар бойынша грант бағасын үш жүз қырық бес мыңнан 600 мыңға дейін көтердік» деді Ерлан Сағадиев.

Бағдарлама аясында жаңаруға тиісті жабдықтар мен техникалар тізімін «Атамекен» ұлттық палатасы және «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамының келісімі бойынша «Кәсіпқор» холдингі бекітетін болады.

Министрдің айтуынша, қатысудың міндетті шарты – колледждер үшін 5%, жоғары оқу орындары үшін 10% қоса қаржыландыру болады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Кәсіпқор» холдингі шетелдік және отандық мамандарды тарту бойынша шаралар қабылдайды. Колледждер үшін мамандар 2 оқу жылына дейін тартылатын болады.

Жалпы, 3 жылда бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 57,9 млрд теңге бөлу талап етіледі. Биыл – 8,0 млрд теңге – лизинг төлемдерді өтеуге 7,3 млрд теңге, шетелдік және отандық мамандарды тартуға 0,7 млрд теңге қажет.

Ал 2020 жылы 27,8 млрд теңге – лизинг төлемдерді өтеуге 16 млрд теңге, шетелдік және отандық мамандарды тартуға 1,88 млрд теңге, «Лизинг» БРК капиталдандыруға 10 млрд теңге; 2021 жылы – 22,1 млрд теңге – лизинг төлемдерді өтеуге 16 млрд теңге, шетелдік және отандық мамандарды тартуға 1,17 млрд теңге, «Лизинг» БРК капиталдандыруға 5 млрд теңге жұмсалады.

«Жас маман» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 3 жыл ішінде 20 ЖОО мен 180 колледждің негізгі мамандықтарын жаңғырту жүзеге асырылатын болады, заманауи жабдықтардың 400-ден астам жиынтығы сатып алынды, 210 мыңнан астам білікті кадр даярланып, 15 мыңнан астам оқытушы біліктілігін арттырады» деді Білім және ғылым министрі.