Таным • 06 Ақпан, 2019

Жүйрікті қалай баптайды?

5137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жүйрік жылқыны қалай баптайды, оны қалай суытады? Ол үшін әуелі атбегі әуелі жүйріктің – қара еттілігін немесе май еттілігін жазбай тануы тиіс.

Жүйрікті қалай баптайды?

Фотоны түсірген Сәрсенбек Қызайбекұлы

Жүйрік баптау – түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз. Яғни, жүйрікті баптап, жаратудағы мақсат – оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Жүйрік баптауға ден қойған адам әуелі, баптауға ұстаған жылқысының жай-жапсарын жақсы білуі керек. Жүйріктің табиғатына, бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан болады. Өйткені, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетіні бар. Бәрін бір тәсілмен баптау қате. Өйткені, әрбір ат бір-бір әлем. Оның табиғи мінезі бап тілеу ерекшелігі бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты, әрбір атбегінің ат баптау әдіс-тәсілі әр басқа.

Жүйрік жылқы жергілікті табиғатына, жайылған жеріне, орналасқан мекеніне қарай бапталады. Алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-нышандарына назар аударған жөн. Өйткені, байырғы қазақ жылқысы бір қалыпқа құйып қойғандай біркелкі жасанды тұқым емес. Сондықтан да, әртүрлі жаратуды сүйетін, әр алуан жүйріктер болуы заңдылық. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, енді бірі әбден жеңілдеп іш тартып, жараған жағдайда жақсы шабады. Қайсы бірі қабырғасының жігі білінбей, жаңбырлығы осылмай семіз қалпында бабы қанса, кейбіреулері әбден арып, арса-арсасы шығып, қабырғасы ырсиып арығанда жақсы шабады.

Сол себепті, семіздеу жүйрікті арықтатамын деп жиі-жиі таңасырып немесе суға салып тоңдыру ісі қателікке ұрындыруы мүмкін. Тер алудың жөні осы екен деп орынсыз шапқылаудан да сақ болған жөн. Әуелі, баптауға ұстаған жүйрікті аяңдатып, желдіріп, қысқа шапқын жасау арқылы жарату – оның тынысының кеңеюіне, бұлшық еттерінің ширауына, сіңірінің созылмай бекуіне, тұла бойын ауырлатқан ащы терінің дұрыс шығуына сеп.

Атбегі әуелі жүйріктің – қара еттілігін немесе май еттілігін жазбай тануы тиіс. Жаясы жалпайып, жоны тырсиып тұратын құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы, арқасы арбиған, қабырғасы ырсиған, келбеті жұпыны бірақ іш майынан арылмаған жүйрікті арып кеткен екен деп қателесу оп-оңай.

Жүйріктің бабы жылында

Қазақта: «Жүйріктің бабы жылында» деген сөз бар. Бұл тіркестің мағынасы: жүйрікті жарату ісі жаздың 40 күн шілдесінде (маусым-шілде айларындағы шуақты күндерді айтады) байлап-баптап жарысқа қосумен шектелмей, бәйге аттың бабын жылдың төрт мезгілінде жіті қадағалап, бақылауды айтады.

Шын жүйріктің бабын жыл бойы бұзбаған жөн. Нағыз атбегілер жүйрікті жыл бойы баптаған. Мысалы, қыста көк жоңышқа, ақ сұлы беріп семіртеді. Содан соң көктемгі қар суымен біраз күн өріске жіберіп, сары шөпке жаяды. Тек қара етін қалдырып, іш майы мен қазысын жеңілдететін болған.

Жүйрік жылқыны баптаудан басқа уақыттарда қинамай, аяқ-қолына ақау түсірмей мініп жүреді. Тәжірибелі атбегілердің айтуы бойынша, жылдың 365 тәулігінің 150 күнінде жүйрікті кәдімгі күнделікті мініске салған дұрыс. 150 тәулік дегеніміз – 5 ай. Осы бес айдың бір айы жазғы баптау мерзімі. Тамыз-қыркүйек айларында жаздай байланған жүйрікті үйірге жіберіп семіртеді. Қазан айында қолға ұстап, жеңіл-желпі жүріске салып, бірнеше рет таңасырып байқайды. Одан кейін қараша-желтоқсан айларында жылқыға бос жібереді. Қаңтар-ақпан айлары туған соң қолда ұстап, әрі-сәрі қинамай мініп, жеңіл терін алу арқылы бойындағы артық-ауыс заттардан (шлаг) арылтады.

Денесі кішкентай құлын сауыр жүйріктер етке сүйеніп шабатындықтан әркез семіздікті сүйеді. Бұларды 15-20 күн жаратып 4 рет терлетіп, таң асырса жетіп жатыр. Ал, етке тұтқыр, қол-аяғы діңгектей сақа жүйріктерді кемінде 30 - 35 күн жаратып, 7-8 рет қаражарысқа салып терлетіп, таң асыру керек.

Көктемнің сәуір-мамыр айларында бір айға жуық қолда ұстап қыстың суық күндері ақау алған сіңірлерін создырып, аяқ-қолының бұлшық етін ширатады. Осылай қамдаған жүйріктің іші мөлшерден тыс майланбайды, күш-қуаты кемімей қалпын сақтайды.

Әр мезгіл сайын үйірде жүрген жүйрікті қайта-қайта ұстап мініске салудың мәні – денесіне жиналған бос судан терлету арқылы арылтып, майын қара етіне сіңіру болып табылады.

Семіз, қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Ондай жүйрікті ұстаған сәттен бастап алғашқы 24 тәулік ішінде: 7 дүркін арамтерін алып, 3 дүркін қаражарысқа салады. Одан кейінгі 20 тәулікте: 5 дүркін қысқа шапқын (6-12 шақырымға 4-5 жылқыны ауыздық таластырып шаптыру) жасап, 2 дүркін қаражарысқа қатыстырады. Келесі 15 тәулік ішінде: 2 дүркін қысқа шапқын, 1 дүркін қаражарысқа қатыстырады.

Жалпы көшпелілердің жүйрік баптау, яғни, атбегілердің ат жарату мерзімі: жасы жеткен, жыл сайын бапталып үйренген сақа жүйріктерді 30-40 күн байлап, 5-6 дүркін терін алып, 10-13 дүркін бой жаздырып (әртүрлі қаражарыстар) шаптырады.

Дөнен және бесті жүйріктерді баптағанда: 15 тәулік ішінде 3-4 мәрте терін алып, 5-7 дүркін жарысқа салады. Құнан-тайларды баптағанда: 3 дүркін терін алып, 4-5 дүркін жарысқа жібереді.

Ат баптаудың мерзімі мен әдіс-тәсілі жылдың әртүрлі мезгіліне байланысты (қыс, жаз, көктем, күз) өзгеріп тұрады. Осы жайды толық меңгерген адамды «нағыз атбегі» деп есептеген.

Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»