07 Ақпан, 2019

Рálsapa Ренессансы

2276 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ойлаудың бізге мәлім екі түрлі жүйесі бар. Бірі, рálsapa – таза ойлау, екінші, Батыс Еуропада қалып­тас­қан жүйе – философия. Жаңаша және инновациялық ойлау мәселесі дегенде осы екеуі­нің қайсысын негізге алмақпыз? Ол үшін рálsapa мен философия деген ұғымдарға жеке тоқталайық.

Рálsapa Ренессансы

Философия деген термин мен түсінікті әл-Фараби, ибн Сина, Қорқыт ата, Иоллығтегін, Махмұд Қашқари сөздігінен, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білімінен», Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметінен» кездестірмейсіз. Хәкім Абай да өлеңдерінде, қара сөздерінде философия дегенді қолданбаған. 

Қазақ жеріне философия дінмен жағаласа, алыса келді. Дінге қарсылықты дәстүрлі мұ­сыл­мандығын іштей сақтаған, зиялы қауым қалай қабылдасын. Философияның классигі Карл Маркс дінді апиын деген соң, дін мен философия ымырасыз күреске түсті де кетті. Философия теология дегенмен де қаны қас, себебі (гр. «theos» – құдай және «logos» – ілім) философия дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қоюды дәстүрге айналдырды. Философияның арқа сүйегені –материализм және атеизм. Философия Жаратушы деген ұғымды барынша жоюға кірісті. 

Социализммен бірге философия да күшейді. Әлемнің жартысы дерлік «социалистік лагерь» елдерін құрап, сондағы жоғары оқу орындарында Маркстік-лениндік философияны пән ретінде оқыту дәстүрі әбден қалыптасып, адамдардың ойлау жүйесінде адасушылық мықтап сіңе бастады. 

* * *

Осындай халмен 1991 жылғы Тәуелсіздікке де жеттік. Тәуелсіздік дегеніміз жаңаша ойлау, бірақ философияға тәуелсіздіктің әсері соншама болмады, нығайып, бекіп қалған ескіше ойлайтын философтар қатары әлі мығым. Әйтсе де фило­со­фияның қабырғасы сөгіліп, рálsapa деген ойлау жүйесі бас көтерді. 1999 және 2000 жыл­дары менің «Фалсафа тарихы» деген оқулық-хрес­томатиям екі мәрте жарық көрді. Кітап тез таралды.
Алайда қалыптасып қалған ескі философиялық жүйені өзгерту қиынның қиыны, жаңаша ойлаушылар қатары аз, әрі әлсіз еді.

* * *

Осы тұста мынадай психологиялық ахуалды айтпасқа болмас. Кеңес заманында қалыптасқан философтар шеп құрып, шепке көпшілікті жақындатпай ұстады. Оның мәнісі мынада, диалектикалық логика мамандары Гегельдің, Канттың еңбектерін зиялы қауым ұқпайтындай етіп түсіндіріп, олардан «философ құдайлар» жасады. Оларды сынауға болмайды. Сынайды екенсің, сен философияны түсінбейсің, өрең тар, топассың дейтін. Философияны халық түсінбейтіндей «дәрежеге» көтеріп, қорған құрып соған өздері тығылып күн кеше бастады.

Маркстік-лениндік философия, оның құ­рылымы: диалектикалық және тарихи мате­риализм, диалектикалық логика дегендер ма­ғынасы жағынан схоластика, тәсілі жағынан софистика, ал мазмұны жағынан коммунизм идеясын, коммунистерді, социализмді жақтап, насихаттаған апологетика болды. Бұл философия коммунистік партияның жалшысы-қызметкері. Коммунистік партия философияны үнемі қол­дап, қорғап отырды. Коммунистердің фило­софиялық ұраны «марксизмнің жаны – диалек­ти­ка». Ең масқарасы, Карл Маркс философия­дан зиялылықты сыпырып тастап, оны «про­летариаттың рухани қаруы» деген болатын. Ой­лау дегенді бұдан асқан қорлау бола ма, фи­лософия тобыр санасына айналды, одан партия­лық санаға өтіп, ақыры социалистік қоғам­ның идеологиясының теориясы болып тұрақтады. 

Философияда өтірік көп. Соның бірі туралы Рене Генон «Шығыс және Батыс» еңбегінде (1924 жылы жазылған) материализм ХVІІІ ғасырда қалыптасқан дейді. Материализм деп тұңғыш айтқан Беркли, ол материяның шындығына сенуді материализм деп түсінген. Материализм теориясы Ламетри мен Гольбахтан бастау алған. Антикалық заманда материализм деген түсінік болмаған, оны сол дәуірдегі механицизммен шатастыруға болмайды деген Рене Генон. Біз болсақ, Фалес, Анаксимандр, Анаксимен т.б. өз заманының ірі физиктерін Милет материалистері деп, антикалық дәуірден материализм мен идеализм күресін тауып шуладық емес пе?! Ленин дәл бүгіндей, философияда екі мың жыл бұрын да партиялық болды деп философияны мүлдем саясаттандырған. 

* * *

Қазақта философия жоқ, қазақта рálsapa бар. Халқымыз дін мен ғылымды қарсы қоймаған. «Қазақ философиясының тарихын, енді «Қазақ рálsapa-сының тарихы» деп қайта жазуым керек. 

* * *

Енді рálsapa туралы айтайық. Осы мәселеге саяси мағынада жол ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мақаласы, біріншісі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», екін­шісі – «Ұлы даланың жеті қыры».

Бірінші мақалада рухани жаңғыру тамырдан басталу керек деген терең идея айтылған. Қа­зақ халқының ойлау мәдениетінің тамыры тереңде. Қазақты сақ жұртының жұрағаты деп есептесек, арғызаманның VІІ жүзжылдығында ғұмыр кешкен сақ ойшылы тарихқа «Анахарсис Скифский» деген атпен қалған ғұламаның ойларынан бастау қажет. Тамырдың тереңі дегеніміз осы емес пе?!

Екінші мақалада ұлы даламызда қала, онда өркениет болғаны туралы айтылған: «Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлем­дік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан».    

Рálsapa әл-Киндиден бастау алады дейтінбіз, бұл шындық. Бірақ рálsapa-ны жан-жақты ойлау мәдениетінің таза жүйесі ретінде қалыптастырған әл-Фараби. Бұл туралы ағылшын ғалымы Карен Армстронг «Құдай тарихы» деген көлемді еңбегінде әл-Фарабиді «Пәлсапаның негізін қалаушы» деген тұжырым жасаған.

Әл-Фарабидің рálsapa-ны таза ойлау жүйесі ретінде негіздеген уақыты – Х жүзжылдық. Бұл кезде Еуропада не бар, «Қараңғылық ғасырлары». ХІ, ХІІ ғасырларда рálsapa-ның нағыз өрлеу дәуірі еді. Араб-мұсылман ойшылдарын айтпағанда, ХІ ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи ислам теологиясын (рálsapa-сын) түрік тілінде «Диуани хикмет» кітабында тамаша өрнектеп берді. Ол мұсылмандық ойлау жүйесіне түркілік құндылықтарды енгізді. Рálsapa түркі тілінде сөйлеп кетті. Бұл ғажаптың ғажабы еді. Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмірге келіп, ғұмыр кешкен ғұлама.

Түркілік лексиканы одан әрі жетілдірген ХІ-ХІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Махмұд Қашқари болатын. Ол түркі сөздігін жасаған кемеңгер тұлға.

Рálsapa-ны нағыз түркілік негіздемеге түсірген Жүсіп Баласағұн. Ғұлама «Құт білімі» деген рálsapa-лық еңбек жазып, мынандай ұғымдарды талқылап берген, олар Әділеттілік, Құт, Ақыл және Қанағат. Оның айтуынша, Әділеттілік – Күннен, Құт – Айдан, Ақыл – адамнан, Қана­ғат болса осы үшеуінің өлшемі. Қанағатсыз ақыл жоқ. Бәрінің кілті – Қанағатта. Кітап ел басшыларына арналған, кезінде оны «Патшалар кітабы» деп атаған. 

Одан бергіде Асан қайғының «Жер-ұйық» ілімі рálsapa-лық идея.    Рálsapa-ның салмақты тұсы хакім Абайға қатысты. Ол рálsapa-ны хикмет деп түсінді. Хикмет айту әрине – рálsapa. 

Әл-Фарабиден Х ғасырда басталып, он жүз­жылдыққа созылған рálsapa Абаймен аяқталып және де Абай рálsapa-ның қазақ топырағындағы жаңа бетін ашты.

* * *

Рálsapa мен философия туралы мен 2018 жылдың 15 қарашасында «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде жарық көрген «Рálsapa – таза ойлау жүйесі» деген мақаламда айтқан ойларымды қайталамайын, айтарым, рálsapa-да дін мен ғылымның қайшылығы жоқ, рálsapa-да теологиямен қайшылық жоқ, теология мен рálsapa негізінен үйлесім тапқан. Әрине, бұл тұста имам әл-Ғазалидің рálsapa туралы айтқаны өте құнды. Философияға әл-Ғазали түбегейлі қарсы болған, елде рálsapa туралы пікір жарыстары болғанға ұқсайды, бұл арнайы зерттелетін тақырып.

Алдағы уақытта араб, түрік тілдес елдердегі се­кілді, философияның орнына рálsapa-ның пән­дік құрылымын анықтау қажет. Осы жұмыс Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сын­дағы ойларды жүзеге асыру негізінде болмақ. Бұл айтулы іс-шараны жүргізуге Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының теориялық және практикалық әлеуметі жеткілікті. 

* * *

Рálsapa – таза ойлау жүйесі. Таза ойлау қайдан? Адамнан таза ой шыға ма, Шәкәрім «Мен адамнан таза ақыл таба алмадым» деген. ... Таза ақыл деген, ақынның айтуынша, әуел бас­та бастапқы жанда болатын ақыл, демек жан ақылы, оның «Жаралыс басы – қозғалыс» деген өлеңінде «бастапқы есті жанды ақыл» деген ұғым бар. Сірә, таза ақыл дегені осы жанды ақыл болса керек. Олай болса таза ақыл – Жаратушыдан жан арқылы келетін ақыл, оның нұры. Таза ақыл Алланың нұры болса, сол нұрды Шәкәрім адамнан таппай отыр. 

Адамнан таза ақылдың табылмауының басты себебі, нәпсіні азық етуші адам ісіне шайтан араласады. Жалған ілімдер құрылады, жалған насихаттар жасалып, адам санасы уланады. Осындай жағдайды көріп, сезіп, анық таныған Шәкәрім былай дейді:

Ойласаң, барша азамат – туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.

Таза ақылдың жоқтығы адамзатты балалық пен айуандықтан бүгінге дейін шығармаған. Өкінішті. Адамзат адасуда, бірақ адасқанмен жөн тапса ғой.
Әл-Фараби таза ақылды Алла тағаладан бастаған. «Адамнан болған іс күмәнді, Алла тағаладан болған күмәнсіз». Біздің аксиома деп жүргеніміздің мәнісі осыда. Таза ақыл, сапалы ой – Жаратушыдан.

* * *

Көп ғасырдан кейін тәуелсіз қазақ елінде рálsapa ренессансы (жаңғыруы) басталды. Жұрт философия деген сөзден түңілген сыңайлы. Рухани болмысымыз тамырынан жаңғырған кезде, әрине бөгде сана, түсініктерге сын болуы табиғи жағдай. Тіптен, Батыс елдерінің өздері де философиядан жалыққандары қашан? ХІХ ғасырда позитивист атанған Огюст Конт (1798-1857) алты ғылым: математика, астрономия, фи­зика, химия, биология және социологияны атап, қалғандарын, әсіресе метафизиканы (ол кезде философияны солай деп атайтын Ғ.Е.) мүлдем жоққа шығарған. Огюст Конттан кейін Батыста «философтар» деген атау негізінен тоқ­талып, ойлау мәдениетінің өкілдері өздерін «позитивистер» деп атаған, позитивизмнің сан алуан ағымдары бар. 

Сондықтан философияның орнына рálsapa-ны пән ретінде оқыту қажеттелігі бар. Философияны іріктеп, саралап, сыни тұрғыда Батыста қа­лып­тасқан білім жүйесі ретінде ақпарат беру жеткілікті. 

* * *

Рálsapa-ның тарихы әл-Фараби мен Абайға дейінгі дәуірді қамтиды. Бұл – он жүзжылдық дәуір. Түрік әлемі осы уақыт мерзімінде қандай тарихи оқиғаларға түсіп, өздері әлемдік тарихтың беталысын өзгертіп, белсенділік танытқандары белгілі жағдай. Ғұн, сақ, түрік қағанатынан да кейінгі кезеңдерде түрік әлемі өзін және әлемді өзгертумен болды, соның ең айшықтысы 1453 жылы Османлылардың «екінші Рим» атанған Византия астанасы Константинопольды басып алып, оның Стамбұл атануы. Бұл христиан әлеміне ауыр соққы еді. Осы ХV ғасырдан бастап, Еуропада Жаңа заман басталды, ол за­манның бізге мұсылман мен түрік жұртына қатысы жоқ, керісінше бізге қарсы бағытталған идеология өмірге ене бастады. Араб-мұсылман мәдениетінің, рálsapa-сының Еуропаға игі әсерлері терістелді. Араб-мұсылман рálsapa-сы­на наразылық күшіне енді. Грек-романдық өр­кениеттен өзге өркениеттер есепке алынбады. Мұ­ны Еуропаның «классикалық есінен адасуы» деп жазды Рене Генон. Еуроцентристік көзқарас идеологиялық деңгейде жүргізілді. Философияны өзге елдерге зорлап танып, насихаттау іске аса бастады. 

* * *

Қазіргі әлемдік саясатта таза ақыл үстемдігі болмағандықтан, адамзат тағы да жар жағасына тақау келді. Сонда таза ойлау жүйесі қашан қалыптасып, әділеттік орнамақ?..

Рálsapa-ның тарихы әл-Фарабиден басталған. Ол түсінікті. Ал рálsapaны пән ретінде оқытудағы мәселеге келсек, айтарым, бұл тәсілді хакім Абайдың 38-сөзінен табамыз. Хәкім Абай рálsapa-ны оқудың мақсатын анықтап берген. 

* * *

Рálsapa адамның көркем мінезін қалып­тастыратын пән. Адамның адамдығы ақыл, білім, ғылым, мінез деген нәрселермен анық­талады. Хәкім Абай ол үшін алдымен қажет қасиет – хауас-сәлим (тумысынан болған мінез-құлық) және оған қоса – тән саулығын айтады. Бұлар туғаннан болмақ. Адам мінезін одан әрі жетілдіретіндер: 1. Жақсы ата; 2. Жақсы ана; 3. Жақсы құрбы; 4. Жақсы ұстаздан – болады.
Осындай толық мінезді пенденің аты – АДАМ. Пенде Адам атанған соң, оның атқаратын іс, қарекеттері: 

Біріншіден, Алланы танымақ
Екіншіден, Өзін танымақ
Үшіншіден, Дүниені танымақ

Хәкім Абай осылайша рálsapa пәнінің құрылымын анықтаған. Бұл рálsapa Ренессансы.
    
Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы