07 Ақпан, 2019

Өнімді өздері өңдейді

817 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жол­дауында қойыл­ған міндеттер үдесінен шығу жолында бірқатар жұмыс қолға алынуда. Атбасар ауда­нын­дағы «Баха-Зен» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­­тігінің сұлы жармасын өнді­ретін цехтың құрылысын бастауы – нақты істің көрінісі. 

Өнімді өздері өңдейді

Әкелі-балалы Уәлихан мен Ғалым­жан Әріповтер – іскерліктері­мен аты шыққан азаматтар. Зареч­ный ауылын жұтындырып қой­ды, ауыл шаруашылығы саласын өрге сүйреп келеді. Бүгінгі таң­да көктемгі және күзгі дала жұ­мыс­­тарын «CLASS» маркалы 30 ас­тық комбайны мен 12 «John Deere» тұқым себу кешендерімен атқа­ра­ды. Оған қоса, «Morris» және «Byller» фирмаларының заманауи тех­ни­­калары мен жабдықтары бар. Осындай күш-қуаттың арқасын­да технологиялық жүйелер толығы­мен жаңғыртылып, жоғары өнімділік­ке қол жеткізуде. Былтыр көктем­де 30 мың гектардан астам алқап­қа он күннің ішінде дән сеуіп үлгерді. Күзде айтарлықтай мол өнім жинады. Ендігісі  – өнімді өңдеу. 

Агротехникалық шаралар уақты­лы атқарылған соң егін шығымы да көңіл тоғайтарлық. Аудандық орташа көрсеткіштен екі есе асып түсу дәстүрге айналған. Бидай, арпа, сұлы дақылдарын өсіру бағытындағы эли­талық тұқым шаруашылығы мәр­тебесіне ие. Егіншілік саласын әр­та­раптандыруда А.Бараев атын­да­­ғы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның ғалымдарымен жасалған ынты­мақ­­ты байланыс өз жемісін беріп отыр. Серіктестіктің аудан­дас­ты­рып, сы­нақтан өткізген тұқым­дарын Сол­түс­тік Қазақстан мен Қостанай облыс­тарының диқандары пайдалануда.

– Өз өнімімізді өзіміз өңдеу, өңдел­ген өнімді Қазақстанның брен­ді ретінде алыс-жақын шетелдерге, Еуропаға шығару көптен бері көкей­де жүрген арман еді, – дейді «Баха-Зен» серіктестігінің директоры Ғалымжан Әріпов.

Покровка ауылының жанында цех салуға әбден лайықты алаң бар. Осы жерде ерте көктемде сұлы өнімдерін өндіретін цехтың құры­лысын бастап кетпекші. Сұлы үгетін құрылғының ең озығын шетелден алдырмақ. Сондықтан да құны қымбат. Жалпы, осы цехқа өз есебінен 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы сал­мақ. Қазір елу пайызын төлеп қой­ған. Есебінше, он тонна сұлыдан 6 тон­на жарма дайындалады. Кешен бір сағатта екі тонна сұлыны үге ала­ды. Сұлы жармасының бағасы тура­лы айту­ға әлі ертерек. Өйткені цех іске қосыл­ған кезде нарықтағы баға­ның қандай болатындығын болжау қиын. 

– Бір жылға он мың тонна сұлы қажет, – дейді серіктестік директоры. – Мұндай көлем өзімізде өндірі­леді. Сондықтан шикізат жөнін­де ешқандай қолбайлау болмайды. Ең бастысы, Елбасы Жол­дауында атап көрсетілгендей, халықтың әл-ауқатын көтеруге шарапатымыз тисе дейміз. Цех іске қосылған кезде жергілікті тұрғындардың 15-і тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Екін­ші жағынан өз өнімімізді шикі­зат күйінде емес, өңдеп ұсынамыз.          

Шынында да қазір сауда сөре­лерінде сатылып жатқан жарманың басым бөлігі шетелдік өнімдер. Дәл мұндай жоба өңірде бұрын-соңды бол­ған емес. Серіктестік басшылары да тұтынушылар тарапынан сұ­ра­­нысқа ие болып отырған қажет­тілік­ті зерттеп білген. Қазір жұрт хо­­лес­терині көп еттен гөрі ағзаға же­­ңіл жармаға көбірек ұмтылуда. Ен­­деше, елге керек дүниені  өздері не­ге шы­ғарып, ұсынбасқа. Оның үс­ті­не ши­кізат күйінде сәл арзан ке­те­тін сұ­лыны әлемдік стандартқа сай етіп д­айын­даса, айы оңынан тумай ма?.. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы