07 Ақпан, 2019

Ұлы даланың үкілі Үржары

995 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...Қасиетті Барқытбелдің күнгейінде қоныс тепкен Үржар ауданы – облыс орталығы Өскеменнен 500 шақырым қашықтықта жатқан, 27 ауылдық округтерге біріктірілген 54 елді мекенде 75 мыңға жуық халық тұратын, экономикасы мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған құтты өңір.   

Ұлы даланың үкілі Үржары

Міне, күн сайын өркен жайып келе жатқан аудан жұртшылығы жақында өңірдің құрылғанына 90 жыл толуын Алакөлдің жаға­сындағы Қабанбай ауылында атап өтті. Қабанбай ауылында жаңадан ашылған  сәулетті Мәдениет үйіне тұрғындар молынан жиналды.

Көңілді музыка Мәдениет үйінде шалқып тұр. Жаңа ғима­рат­тың ішінде «Ұлы даланың жеті қыры», «Ұлы даланың үкі­лі Үржары», «Үржар ханша­йымы», ауданның дамуынан сыр шертетін айшықты жазулар менмұндалайды. Мәдениет үйіндегі мұражай ішінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды ар­дақ­тау жөнінде айтылған жәді­гер­лердің барлығы көрініс тап­қан. Бұл өңір болашақта халық­аралық туризм орталығы болмақ. Оған мысал жеткілікті. Облыс әкімі Д.Ахметовтің қамқор­лығы­мен соңғы екі-үш жылда ғана Алакөл адам танымас­тай өзгерді. Тек былтырдың өзін­де алыс-жақын елдерден Ала­көлге 700 мыңнан астам турист келіп, демалған, суы адам ағзасына аса пайдалы көл суына шомылған. Ауданды соңғы алты жыл бойы іскерлікпен басқарып келе жатқан, бұған дейін Зайсан, Катонқарағай аудандарына басшылық жаса­ған «Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы саласын бес саусағындай меңгерген Серік Зайнулдин таяудағы үш жылда Алакөлдің инфрақұрылымын дамытуға тағы 12 миллиард теңге бөлінгенін айтты. 

– Ауданның құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты шараны ел тәуелсіздігі үшін шайқасып, елі мен жерінің тұтастығы үшін жанын пида еткен Қабанбай бабамыз атындағы ауылда өткізіп отырғанымызда үлкен мән бар, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин. – Атал­ған ауыл Алакөлдің жағасын­да орналасқан. Ауыл адам танымас­тай өзгерді. Үржар ханшайы­мы­ның макетін мұражайға қою ойда бар. Аудан экономикасы жедел дамып келеді. Тәуелсіздік жылдары ауданымызда 23 мектеп, 1 балабақша, 4 емдеу мекемесі, бірнеше спорт модулі, 2 стадион, 3 Мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 8 кітапхана пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  өңірдегі өнеркәсіп көлемі 166 миллион теңге болса, былтыр жыл соңында 4,2 миллиард теңгені құрады немесе 25 есеге өсті. Ал ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы өнімі 54 миллиард 390 миллион теңгеге жетіп, 74 есеге өсті.

Үржардың спорты жайлы сөз қозғағанда, Олимпия ойындарына қатысып, тамаша өнер көрсеткен Әсет Мәмбетов, Дар­хан Баяхметов, Әсет Иманбаев, қыс­қы спорттың саңлақтары Диас Кенешев, Оксана Яцкая, Сағдат Садықов, Думан Әл­диев, Қуаныш Салықбаев, Шалқар Жоламанов, Айбек Атажанов, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләмбаев, Еркебұлан Қосаев, Алмат Кебісбаев, Дар­хан Өрікбаев, жақында ғана өткен Әлем чемпионатында кү­міс­пен күптелген Ерлан Серік­жанов, тағы басқаларды мақтан тұтамыз. Олардың барлығы Әлем чем­пионаттары мен халықаралық жарыстарда топ жарған мақтаулы азаматтар.

Бұдан кейін құттықтау сөз «Серпер» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, мәде­ниет саласының үздігі, «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есімі» жоба­сының жүлдегері, ақын Ержан Жұмабекке  тиіп, ол жерлестеріне арнаған өз өлеңін оқып берді.

Жиын соңы «Ұлы дала­ның үкілі Үржары» атты ме­­ре­келік концертке ұласты. Әсіресе театрландырылған көрініс ерек­ше әсерлі болды. Шоуға қа­тыс­қан жүзден астам өнер­паздардың сән-салтанаты келіс­кен, көздің жауын алатын киімі мен өнері көпшілікті тәнті етті. Қабанбай ауылында батыр­дың рухына арналып ас берілді. Қажы­ғали Мұқановтың пьесасы бо­йынша «Қаракерей Қабан­бай» спек­таклі қойылды. 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

ардагер-журналист

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы