07 Ақпан, 2019

Ақтау үкімі неге аз?

1483 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Басына іс түсіп, тағдыры тәлкекке ұшыраған жандар араша күтеді. Ол арашаны өзге біреуден емес, соттан іздейді. Ал соттан олар құқық қорғау органдарының бұрмаланған ісінен ақтауды сұрап, әділдікке жетуді көздейді. Бірақ бүгінде бұған қол жеткізу екінің біріне бұйырмайтын секілді. Өйткені ақтау үкімі аз.  

Ақтау үкімі неге аз?

Мәселен, 2017 жылдың 11 айында ел соттары 29 375 іс қарапты. Сонда 51 адам ақтал­ған. Ал есірткіге қатысты қыл­­мыс­­тарды сотқа дейінгі тер­­геу барысында процестік нор­ма­­лардың бұзылуы, қызмет бабын­да жалған құжат жасау, лауазымды өкілетті асыра пайдалану, пара алу, ұрлық, алаяқтық секілді және т.б. қосқанда, жыл бойына 70 шақты ақталу үкімі шығыпты. Сол сияқты өткен жылы 93 адам ғана ақталған. Бұл қылмыстық істер бойынша көп іс қаралатын біздің ел үшін аз екені белгілі. Мәселен, белгілі құқықтанушы Марат Бәшімовтің айтуы бойынша, өркениетті елдерде жағдай мүлде басқаша. Оларда бас бостандығынан айыру үкім­дерінен гөрі ақтау үкімдері басым. Өйткені олардың мақ­саты – адамды бостандықтан айы­ру емес, адамның құқын қор­ғау. Осыған орай біздің Елба­сымыз да қылмыстық саясатты ізгі­лендіру қажеттігін үнемі айтып келеді.

Сондықтан бәріміз бірдей «аққа құдай жақ» десек те, не­лік­тен ақтау үкімі аз дейміз? Біз дамыған отыз елдің қатарына енуге ентелеп келе жатқан елміз ғой. Дамыған елдерде кері­сін­ше, ақтау үкімі көп болып тұр. Бұған дәлел ретінде соттардың да айтары бар екен. Кейбіреулер біздің елді дамыған елдермен салыстыруға болмайды дейді. Себебі оларда қылмыс жасаған адамды ұстаған бойда бірден сотқа жеткізеді. Ал бізде сотқа дейін екі ай тексеріс жүргізіледі. Яғни, бар мәселе қудалау органдарынан басталады. Міне, ақтау үкімдерінің аздығының бір себебі осы деп келтіреді. Бірақ бұл дәлел емес. Қудалау органы тексеріп, прокуратура айыптап, судья соттаған соң бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп отырғандардың кез келгені­­нен сұрасаңыз, айтатындары: «мен қылмыскер емеспін, өйткені ешқандай қылмыс жасаған жоқпын» дейді. Әрине, олардың сөзіне сенуге де, сенбеуге де болар дерсіз. Бірақ олардың осы жанайқайы жан-жақты жеріне жете тексерілді дей аламыз ба? Бұған «иә» деп, жүз пайыз еш­кім де айта алмас. Себебі соттың айып­тау үкімін шығаруына құ­қық қорғау органдарының дәлелдері жеткілікті көрінеді. Ол дәлелдердің дұрыс-бұрыс­тығын өзіндік зерттеп, тексеріп шығарудан гөрі, соны құптай салу қалыптасқан жолды бұз­бауға жақсы. Демек, бұл арада соттың тәуелсіздігі аса қа­жет. Ал әр судьяны Президент таға­йындайды дейміз. Ендеше сот неліктен тәуелсіз бола алмауы мүмкін?

Бұған кезінде көп жылдар Әділет министрлігінде, Жоғарғы сот жүйесінде қызмет істеген және ел Парламентінің Мәжіліс депутаты болған Ирак Елекеев төмендегіше өз ойын білдіреді: «Бұл арада мына жайтты ес­керген жөн. Аудандық соттың кез келген судьясы ешуақытта аудандық соттың төрағасына бағынуға тиіс емес. Иә, ол оның ісін қадағалауы да тиіс емес. Өйткені әр судья үкімді бі­реу­дің айтқанына сай емес, ішкі түйсігіне сүйеніп шығаруы керек. Бірақ бізде аудандық сот, об­лыстық сот төрағалары бар. Олар­дың бақылауы, қадағалауы және бар. Судьялар одан асып кете алмайды. Сонымен қа­тар процессуалдық қарым-қаты­нас өте төмен. Егер төменгі са­ты­дағы судьяның кез келген бір шешімі жоғары тұрған саты­да бұзылса, әлгі судьяның мәсе­лесі қаралады. Ал шетелде олай емес. Мен АҚШ-тың бір судьясымен сөйлескенім бар. Оның он шешімінің төртеуі бұзыл­ған екен. Бұл үшін сізді жауап­қа тартқан жоқ па деп сұра­дым. Ондай тәртіп бізде жоқ деді. Кімнің мені жауапқа тар­туға құқы бар?! Өйткені мен заңға сәйкес өзімнің жеке іш­кі түйсігіме сай шешім қабыл­даймын. Маған ешкім былай істе деп айта алмайды дейді. Ақтау үкімінің аздығына себеп­кер болатын бұдан басқа да көп­теген адами факторларды айтуға болады». 

Соның бірі ретінде кезінде бұл туралы Жақып Асанов та Бас прокурор болып тұрғанда ақтау үкімдерінің аздығын алға тартқан болатын. Ақтау үкім­дерін арттыру үшін судья, прокурор және тергеушінің құзыре­тін бір-бірінен бөлу керек деген. Істің басынан бастап сотқа жібергенге дейін, тергеуші өз-өзіне қожа. Материалдарды өзі жинайды, оларды айғақ ретінде өзі таниды, өзі күдік тудырады, Қылмыстық кодекс бабын өзі белгілейді, соңғы шешімді қабыл­дап, айыптау актісін шы­ғара­ды немесе қылмыстық істі тоқтатады. Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйымы елдерінде немесе біз ұмтылған дамыған 30 елдің бірде-бірінде тергеушілерде мұндай құзырет жоқ, деді. Рас сөз. Дамыған 30 елдің қатарына қосыларымызда мемлекеттің барлық салалары кемшіліксіз бірдей дамуы керек. Мұндай кемшіліктер ақтау үкім­дерінің аз болуына әсерін тигі­зетінін кезінде бірнеше жыл бойына судья болып жұмыс іс­теген, бүгінде қорғау­шы­лық­ты қолға алған Белгібай Са­ха­риев те жасырмайды. Ол: «Тер­геушілердің қисынсыз іс­­терін көп айтуға болады. Ал про­­курорлардың бүгінде қолын­да үлкен мәртебе бар. Бірақ қор­ғау­шылар қолында ондай құ­қық жоқ. Сондықтан құқық қорғау органдарының атқарар ісі әр­қашанда көңілден шыға бермейді. Өйткені деректерді дәлел ретінде тануда, немесе танымауда және істі қысқартуға келгенде өздеріне қатысты түр­лі пікірлер туындауы мүмкін деп жағдайдан шыға алмайды. Содан мұның ақ, қарасын шы­ғарсын деп іс сотқа жолданады. Ал соттарда, өзіңіз көр­ген­дей, айыптау үкімдерінен аса алмайды. Сөйтіп айналып келгенде, ақтау үкімі сирек шығады. Әрине қазіргі күні ақтау үкімі мүлде аз деп айту­ға болмайды. Жоғары Сот төр­аға­сы болып келген Жақып Асанов­тың жаңашылдығы, ізгілікті көз­қарасы арқасында соттарда ақтау үкімі жылдан-жылға артып келеді», дейді. 

Иә, адвокат Б. Сахариевтің айтып отырғаны белгілі жайт. Десек те, мамандар мұның ма­ңыз­дылығын ерекше атап өтті. Расында, тергеуші іс бойынша материалдарды жинайды және оны дәлел ретінде таниды. Ал қор­ғаушы жағында мұндай құқық жоқ екендігі ашық айты­лады. Бірақ бұл тараптардың бәсекелестігіне ықпал етпейді. Сондықтан деректерді дәлел ретінде тану немесе танымау тергеуші мен прокурорға емес, сотқа тиесілі болу керектігі алға тартылып отыр. Неге? Өйт­кені сот тарапы тергеу жина­ған айғақтармен ғана шектелу­мен қатар, осы дәлелдердің мәр­те­бесін қайта қарастыруға бейім емес. Демек, соттың алдын ала дәлелдермен байланып қалған­дығы – ақтау үкімдерінің тым аз болатындығының басты себебі болып отыр. Ендеше мұны жоюдың жолына неге тезірек түспеске деген сұрақ туындайды. Оған тағы да кедергі көп. Егер сот тарапы тергеу жинаған деректер мен айғақтардың дәлел еместігін анықтаса, айыптаушы тарапқа да, соттың өзіне де үлкен сын. Сондықтанда сот төре­лігін жүзеге асыру жө­нін­­дегі кеңесте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов қазақ­стан­­дықтардың соттарды неге сынайтындығын айтқан болатын. «Соттарды не үшін сынайды? Қылмыстық істегі басты сын – сот айыптауға бейімділікті жұқтырған дейді. Сот алдын ала дәлелдермен бай­ланысты болмауы және айып­тау дәйектеріне бейім бол­­мауы қажет. Істі оқыған кез­ден-ақ, порцесске дейін судья­да айыпталушының кінәлі екен­дігіне парадигма қалып­тасады. Ол айыптау рухын сіңіреді. Одан кейін қорғаушы тарап­тың дәлелдемесін қабыл­дау қиынға соғады». 

Енді өткен жылғы Сот жүйе­сінің жұмысын қорытынды­ла­ған Жоғарғы Сот төрағасы 2019 жылы сот төрелігінің сапасына мо­ниторинг жүргізілетінін баса жеткізді. Сөйтіп бірінші және апелляциялық сатылардағы әр­бір судья өздері шығарған сот ше­шім­дері үшін өздері дербес жауап береді. Бұл – сот төрелігі халық үшін, адам үшін қажет екендігін айқындап береді. Тек осы жағдайда ғана соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділ­дікті қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін жүзеге асыра алмақ. 

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»