Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

«Түркістан» шоколады Төлебиде өндіріледі

843 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төлеби ауданында өндірілетін балмұздақтар бүгінде өңірге танымал. Түркістан облысына келген қонақтар да үлкені-кішісі бар таулы ауданның тәттісіне құмар. Енді «Балмұздақ» ЖШС-і түрлі шоколадтар дайындауды да қолға алып отыр.

«Түркістан» шоколады Төлебиде өндіріледі

Төлеби ауданының Бірінші Мамыр ауылынан «Балмұздақ» ЖШС -нің шоколадты глазурь және шоколад өндейтін цехы ашылды. Жоба құны 800 млн. теңге болатын кәсіпорында жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдерін өндіру жоспарланып отыр. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі.  Шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан, тиісті қолдаулардың болатынын еске салды. Сондай-ақ облыс әкімі серіктестік басшыларына жаңадан құрылған Түркістан облысының атын шығарып, жер-жаһанға таныту үшін «Түркістан» брендімен шоколад түрін шығару қажеттігін айтты. Ұсыныс қолдау тауып, кəсіпорын аталған идеяны жүзеге асыруды қолға алатын болды.

«Балмұздақ» ЖШС-і 2017 жылы құны 2,5 млрд. теңге болатын 3200 тонна балмұздақ өнімдерін өндірген. Ал өткен жылы Өзбекстан еліне 6,1 млн теңгеге 8700 келі балмұздақ экспорттады. Кәсіпорын бүгінгі күнге балмұздақтың 80-нен астам түрін шығарады. Құны 220 млн. теңге тұратын балмұздақ өндіретін қазіргі заманғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Өнімдері Түркістан облысында ғана емес, еліміздің солтүстігінде, Алматы, Астана, Ақтау, Тараз қалаларында да үлкен сұранысқа ие.

Айта кетелік, Төлеби ауданындағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8 211 болса, 7594-інің жұмысы белсенді. Өнеркәсіп саласында былтыр жалпы 32 млрд. 166,2 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Кіші және орта бизнесті дамыту үшін аудан бойынша жалпы қаржыландыру көздерінен 12 238 азаматқа 6 млрд. 727 млн. теңгеге несие берілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы