Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Өсек өзеніне қуат өндіретін 4 станса салынады

756 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Панфилов ауданындағы Өсек өзеніне 4 су электр стансасы салынады. Қытай инвесторларының қолдауымен жүзеге асатын жоба іске қосылғаннан кейін 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Өсек өзеніне қуат өндіретін 4 станса салынады

- Ауданымызда әрқайсысының қуаттылығы 6 мВт жалпы 24 мВтты 4 ГЭС каскады құрылысын салу жоспарлануда. Жоба құны- 10,2 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, Чехия мемлекетінің инвесторлары су бұру каналдарынан контейнер типті қуаттылығы 1 мВт ГЭС каскады құрылысын салуды жоспарлап отыр. Аталған гидроэлектростанциялар толықтай іске қосылса «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына қосымша электр желілері тартылмақ. Болашақта электр қуатын молайтып, Қытай еліне электр энергиясын экспорттау жоспарлануда, - дейді аудан әкімінің баспсөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Айтпақшы, Панфилов ауданындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 62,0 млрд теңгені құрап, арғы мерзіммен салыстырғанда 5,2 млрд теңгеге көбейіп отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы