Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Қуат көбейсе, шырақ сөнбейді

251 реткөрсетілді

 

Алматы облысының тұрғындары тұтынған электр қуаты үшін төлейтін ақыны осы жолы 10,4 пайызға арзан төледі. Бұл Мемлекет Басшысының тапсырмасынан кейін қайта есептеліп, төмендетілген тариф жеңілдігі. Ал үш деңгейлі тариф бойынша баға 1 кВт сағат сағат үшін 14,76 теңге, 19,08 теңге және 23,85 теңге болып белгіленді.

Жалпы электр қуатынының бағасына энергия тасымалдау құны әсер ететіні белгілі. Бүгінде аймақта өндірілетін энергия қуаты ішкі сұранысты толық қамтып отырған жоқ. Дегенмен, Жетісудағы қуат көзін өндіру ісінде ілгерлеушілік бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды екі топқа бөлуге болады. Мұндайда облыс аумағында салынып жатқан қалпына келетін энергия көздерін өндіруші стансаларға тоқталған ләзім. Құрылыс өткен жылдың соңында басталып, қазір алғашқы кезеңі іске қосылған «Universal energy CO» компаниясының қуатты күн батереялары бұған нақты дәлел. Шеңгелді аулының маңына орналасқан  күннен қуат өндіретін панельдер 400 гектар жерге қойылған. Өндіріс толық қуатына кіріскен кезде 100 МВт энергия беретін болады. Негізінде облыста «Жасыл энергия» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2025 жылға дейін баламалы қуат көзін өндіретін нысандар саны 25 «жасыл» стансаға дейін жетпекші.

Ал табиғи жағдайда энергия өндіру жұмыстары аймақтың өзен, көлдерінде үздіксіз дамып келеді. Оның мысалын бүгінде аймақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Қапшағай ГЭС-інен бөлек, Мойнақ, Лепсі, Көксу өзендерінен де қуат өндіретін шағын стансалар жұмысынан байқауға болады. Биылдан бастап Жетісудың бірнеше өзенінде су электр стансасының құрылыс басталады. Мысалға, Ескелді ауданы аумағындағы Шажа өзенінде қуаттылығы 25,8 МВт болатын су электр стансасының құрылысы биыл аяқталады. Өткен жылдың соңыңда басталған жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр.  Бүгінде станса қызметкерлеріне арналған арнайы қалашықтың іргесі қаланды.

- Шажа өзенінде орналасқан ГЭС қуаттылығы 29 МВтқа жетеді деп отырмыз. Жобаның жалпы  құны 9,3 миллиард теңге шамасында.  Нәтижесінде 18 адамға тұрақты жұмыс орыны ашылды. Қазіргі уақытта станция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне арналған қалашықтың құрылысы аяқталуға жақын, - дейді Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекенов.

Жалпы өткен жылы Ескелді ауданына 8 млрд 14 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның ішінде жалпы сомасы 11 млрд.теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асыру 4 меморандумға қол қойылыпты. Шажа өзеніне салынатын су электр стансаныңы құрылысы сол келісімнің нәтижесі.

Дәл осындай 4 су электр станса құрылысы Панфилов ауданындағы Өсек өзенінде жүргізілмек. Қытай инвесторларының қолдауымен жүзеге асатын жоба іске қосылғаннан кейін 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

- Ауданымызда әрқайсысының қуаттылығы 6 мВт жалпы 24 мВтты 4 ГЭС каскады құрылысын салу жоспарлануда. Жоба құны- 10,2 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, Чехия мемлекетінің инвесторлары су бұру арналарына арнайы контейнер қойып, қуаттылығы 1 мВт ГЭС каскадының құрылысын салуды жоспарлап отыр. Аталған гидроэлектростанциялар толықтай іске қосылса «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына қосымша электр желілері тартылмақшы, - дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Айтпақшы, бүгінде Алматы облысының әр тұрғыны күн сайын тұтынатын энергия көзі 70 – 150 КВт шамасында болса, оның 60 проценті ғана жергілікті жерде өндіріледі. Ал аймақтағы энергия көздерінен алынатын қуат мөлшері 2 млрд киловатт/сағат екен. Қалған қажеттілік Жамбыл облысы мен Қырғыз елінен тасымалданады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар