Зерттеу нәтижесі «Science Advances» ғылыми журналында жарияланған. Араның миында болатын миллионға жуық нейрон математикалық тапсырмаларды шешіп, оны түсінуге мүмкіндік береді екен. Ал адамның миында 90-95 миллиард нейрон бар екенін айта кетейік.
Кез келген мәселенің шешімін табуда адам қысқа мерзімді жад пен ұзақ мерзімді жадты қатар қолдана алады. Түйінді шешу жолы ұзақ мерзімді жадта сақталады. Ал қысқа мерзімді жад үлгі қажет етпейтін нәрселерге жауап береді. Бұған дейін мұндай шешімді тек адам мен жоғары деңгейлі приматтар ғана шеше алады деп келдік. Алайда, аралар да оқиғаны түйсініп, шешім қабылдауға қабілетті болып шықты.
Мельбурн Корольдік технологиялық университетінің ғалымдары бір кіру және екі шығу есігі бар Y тәрізді лабиринтке 14 ара салып, эксперимент жасайды. Кіре берісте көгілдір және сары түсті геометриялық фигуралар: квадрат, ромб, шеңбер және үшбұрыш бейнеленген суреттер көрсетіледі. Көк түс – қосу, ал сары түс – азайту дегенді білдіреді. Лабиринттің ішінде араларға оңға немесе солға жол ашатын екі суреттен дұрыс жауапты таңдау ұсынылады. Лабиринттің шешімін табуға талпынған 100 әрекеттен кейін аралар көк +1, ал сары -1 дегенді білдіретінін түсінген.
«Эксперимент барысында аралар ақпаратты өңдеу бойынша міндеттерді орындап қана қоймай, арифметикалық амалдарды да орындады», делінген доктор Скарлетт Ховардтың басшылығымен өткізілген зерттеуде.
Ол өткен жылы аралар нөлдің математикалық мағынасын түсінетінін дәлелдеді. Зерттеуде жәндіктерге әр түрлі сан бейнеленген екі карточка көрсетіледі. Егер аралар саны аз картаға ұшса, онда «сыйға» тәтті су алған. Ал саны көп картаға ұшса хинин қосылған су берген. Жәндіктердің 80%-ы бірінші карточканы таңдаған.
Ғалымдар алынған мәліметтер жасанды интеллектің дамуына ықпал ететінін, сонымен қатар адамзаттан өзге тіршілік иелерінің есеп пен басқа да арифметикалық амалдарды қалай меңгергенін түсіндіруге көмектесетінін атап өтті.
Салтанат ШЫНӘДІЛ