Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

«Тіл-Қазына» ҰҒП орталығы 2018 жылғы жұмыс нәтижесін қорытындылады

680 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ тілі əліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуі бойынша қандай мақсатты шаралар атқарылды? Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылғы атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, әліпби реформасының алдағы міндеттерін тарқатты.

«Тіл-Қазына» ҰҒП орталығы 2018 жылғы жұмыс нәтижесін қорытындылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруге байланысты Жарлығы шыққаннан бері бірқатар мақсатты іс-шара атқарылғаны белгілі. Ең алдымен, Премьер-Министрдің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, құрылған Ұлттық комиссия ұйымдастырушылық жəне заңнамалық сипаттағы бірқатар бастамаға мұрындық болды. Осы тарапта атқарылған жұмыстар ретін баяндаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов латын әліпбиіне байланысты атқарылған жұмыстар ретіне тоқталды.

– Атап айтқанда, Ұлттық комиссия жанынан құрылған жұмыс топтарының жұмыстары үйлестірілді. Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындап, ғылыми және практикалық сараптаулардан өткізді. 11 маусымда Астана қаласында «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Бұл конференцияға еліміздің тіл білімі саласындағы барлық жетекші ғалым шақырылды. Осы конференцияда латын графикасындағы қазақ әліпбиі негізіндегі «Қазақ тілі емле ережелерінің тұжырымдамасы» бекітілді, – деген ол емле ережелері еліміздегі барлық тілтанушы ғалымға таныстырылғанын жеткізді. Одан бөлек, орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсынылып, жаңа әліпби емлесінің сынама жұмыстары тамыз айында Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өткізілген. Жалпы сынамаға барлық министрлік, республикалық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер сияқты әртүрлі әлеуметтік топтар қамтылған болатын.

– Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізіп отырған себебіміз, әліпбиді ауыстыру – тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар, әлеуметтік құбылыс деп қарауымыз қажет. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін шешімдер қабылданатын болады. Қазан-қараша айларында еліміздің барлық өңірінде жаппай емле ережелердің жобасын талқылау жұмыстары жүргізілді. Ол 20 мыңнан астам адамды қамтыды. Емле ережелер жобасы БАҚ арқылы жалпы көпшілікке таныстырылып, оның негізгі бағыттары жөнінде ғылыми мақалалар жазылды. Бұл жалпы халықтың емле ережелермен танысуына, оны түсінуіне үлкен мүмкіндіктер тудырды. Мамандар, ғалымдар тарапынан берілген кейбір ескертулер ескерілді. Сонымен қатар бұл айларда еліміздегі жалпы әліпби реформасын насихаттау жұмыстары да барлық өңірде кеңінен жүргізілгенін атап өтуге тиіспіз, – деді Ербол Тілешов.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»