13 Қаңтар, 2012

Елімізде елеулі орны бар этнос

487 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде елеулі орны бар этнос

Жұма, 13 қаңтар 2012 7:42

Семейдің іргесі қашан қаланғаны туралы тарихшылар әлі бір тоқтамға келе қойған жоқ. Білеміз дейтіндер еліміздің шығысындағы бұл қаланың кемі мың жылдық тарихы бар деседі. Ал ерке Ертіс бойындағы үш қаланы Бірінші Петрдің шолғыншылары тұрғызған дейтін пікірге бас шұлғи­тындардың уәжіне сенсек, енді бірер жылдан соң Семейдің іргетасы қаланғанына 300 жыл толмақ.

Жұма, 13 қаңтар 2012 7:42

Семейдің іргесі қашан қаланғаны туралы тарихшылар әлі бір тоқтамға келе қойған жоқ. Білеміз дейтіндер еліміздің шығысындағы бұл қаланың кемі мың жылдық тарихы бар деседі. Ал ерке Ертіс бойындағы үш қаланы Бірінші Петрдің шолғыншылары тұрғызған дейтін пікірге бас шұлғи­тындардың уәжіне сенсек, енді бірер жылдан соң Семейдің іргетасы қаланғанына 300 жыл толмақ.

Не десек те, Семей татарларының мұнда келіп орныққанына үш ғасырдай уақыт өткені анық.       Татар­с­тан­ның белгілі дипломат-ғалымы М.Каримовтың Семейдегі татарлар этносқа жатпайды, олар осы жақтың тұрғылықты халқы дейтіні сондықтан. Соның бір айғағындай, сонау тоқсаныншы жылдары кейбір халық өкілдері атажұрттарына ауа көшіп жатқанда, мұндағы татарлар жылы орындарынан қозғала қой­маған.
Иә, татарлардың Семейдің тұр­­ғылықты халқы екендігін ер­тедегі білікті ғалым­дар сөзі мен тарихи деректер айғақтай түседі. Мәселен, танымал түркітанушы ғалым В.­В.Радлов Ертіс татар­ларының бұл жаққа ХV ғасырдан бастап Орта Азияның оңтүстік хан­дықтары мен Еділ бойынан кей жағдайда еріксіз, ал одан ке­йініректе ерікті түрде келгенін айтады. «Семей әжептәуір үлкен қа­ла екен, – дейді ол 1862 жылы жаз­ған жолжазбасында. – Мұн­дағы тұрғындардың саны 6 мыңға жуық. Орыстардың саны соның үштен бірінен аспаса, қалғандары татарлар мен қазақтар. Қазірде Семей Батыс Сібірдің қазақ даласы мен Батыс Қытайдың сауда орталығына айналған. Осы шаруамен негізінен жергілікті татарлар айналысуда».
Еділ татарларын Сібірдегі шекаралық шептерге орналастыру ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қай­тадан қолға алынған. Ал келер ғасырдың қырқыншы жылдары Қазан татарларын Сібірге қоныстандыру саясаты жүзеге асырыла бастайды. В.В.Радлов жоға­рыдағы жазбасында сол шақтағы Ресей өкіметінің қыспағымен Семей өңіріндегі Башкөл ауылына келіп жайғасқан Қазан татарлары туралы: «Мұнда 60 шақты жақсы тұрғын үй салынған, соның бәрінде тазалық байқалады және бұл ауыл тұрғындары таза да ұқыпты киіне біледі екен», – деп жазыпты.
Ал И.Завалишин деген ғалым 1867 жылы Мәскеуде жарық көрген «Батыс Сібір көріністері» атты үш томдық көлемді еңбегінде татарлардың ислам дінін қатты ұстанатынын, мұнда олардың 10 мешіті бар екендігін, мұсылмандардың айт мерекелерінде татарлар мен қазақтар бар жақсы киімдерін киіп, бір-біріне қонаққа барып бір жырғап қалатындығын сүйсіне отырып әңгімелейді.
Сол шақта, нақтылап айтсақ,  статистикалық комитеттің 1882 жылдың 15 наурызында жүргізген бірінші халық санағында Семейде 12 ұлттың өкілдері тұрған екен. Соның 37,4 пайызы қазақ болса, орыстар – 35, ал сол шақта жалпы саны төрт мыңның үстіндегі татарлар мұндағы халықтың 22,8 пайызын құрапты. Бұлардың көбі жаз айларында егін шаруашылығымен айналысқан. Солай дей тұрғанмен, Семей татарла­рының көбі көпес болғандығы, яки өнеркәсіппен айналысып, бақуатты тұрғандығы да рас. Солардың қата­рында ағайынды Мусиндер, Халитов, Рафиковтер әуле­тін бірінші кезекте атаған жөн. Семейде күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған қос мұнаралы, бір мұнаралы мешіттер осы көпестердің қаржысына салынған.
Рафиковтер Семейдегі сабын өндірісіне қожалық жасаса, Мусиндер Ертістегі өзен қатынасының бір бөлі­гін өз қолына алған. Бір сөзбен айтқанда, Семей­дің өркендеп, дамуына өз үлестерін қосқан. Арада қан­ша жыл өтсе де олардың бұл еңбегі бүгінде ескерусіз қалып отырған жоқ. Айталық, бертінде Семейдегі бір көшеге ағайынды Мусиндер есімі берілді. Сондай-ақ, Семейге қатысы жоқ болса да осындағы бір-бір көше татар халқының көрнекті ақындары Ғабдулла Тоқай және Мұса Жалил есімдерімен аталады.
Әр нәрсені өз жөнімен атаған дұрыс дегенге саятын болсақ, 1917 жылғы дүниені дүр сілкіндірген төңкеріске дейін-ақ Семейде татарлардың «Ярдем» («Жәрдем») атты бапаханасы болған. 1912 жылы одан Шәкәрім қажының екі бірдей кітабы жарық көрген. Дәл осы тұста татар жастарының бастамасымен Семейде «Ярыш» атты футбол командасы құрылып, оның құрамында халқымыздың болашақ ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов ойнағаны бүгінде көпке белгілі жәйт. Қазақстан футболының тарихы осы кезден басталады деген пікірге ден қойсақ, биылғы жылы оған тура 100 жыл толады екен. Ал оны қалайша, қандай деңгейде атап өтетініміз өз алдына бір әңгіме. Сөз арасында сол бала Мұхтар ойнаған «Ярыш» футбол командасының эмблемасы осындағы татар мұражайында сақтаулы тұрғанын айта кеткеніміз жөн.
Мұхаң демекші, алғашқы қазақ театр өнерінің шымылдығы 1917 жылы Ойқұдықта сол шақтағы жи­ыр­мадағы жас Мұхтардың «Еңлік – Кебегімен» ашыл­ғаны белгілі. Соның да әсері болар, 1934 жылы шет аймақта ең алдымен Семейде кәсіби драма театры құрылған болатын. Соның алғашқы жетекшісі кейінде қазақ музыка өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан татар халқының дарынды  перзенті Латиф Хамиди болған­дығын да семейліктер ешқашан ұмытпайды.
Кеңес дәуірінде Семей татарларынан білікті кадр­лар көптеп шыққаны және шындық. Солардың ішінен семейліктер М.А.Баймұратова, Ф.Ғ.Халитова есім­дерін күні бүгінге дейін құрметпен еске алады. Бірі облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал екіншісі облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңге­рушісі болып қызмет атқарған бұл аяулы жандар Семей өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына, білім беру және денсаулық сақ­тау салаларының ны­ғаюына бір кісідей үлес қосқан. Мұхаңның көзі тірісінде туған жерінде алғаш рет аталып өтілген мерейтойы – 60 жылдығының өз мә­нінде ұйым­дастырылуына осы Фарида Ғабсадық­қызы үлкен еңбек сіңірген еді дейді бүгінде көнекөз қариялар.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді халқымыз. Осы орайда, ағайынды жаттықтырушылар – Ильматовтар туралы айтпасқа болмайды. Мұның үлкені Рафқат Хасанұлы еркін күрестен – 20, ал оның інісі Ром Хасанұлы грек-рим күресінен 15 спорт шеберін даярлаған. Соның бірі Мәс­кеуде өткен Олимпия ойын­дарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бол­ғанды­ғын семейліктер бүгінгі күнге дейін мақтаныш етеді.
Міне, татар ағайындар туралы сөз қозғағанда осындай жарқын мысалды жалғастырып айта беруге болады. Дегенмен, оны осы арада тоқтата тұрып, енді олардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсақ дейміз. Жоғарыда мұндағы татар ағайындар кешегі қиын кезең­де ешқайда ауа көшкен жоқ дедік. Керісінше, бұрынғыдан да ұйымдаса түсіп, ауызбірлік танытып жатты. Соның айғағындай, мұнда татарлар­дың облыс­тық қоғамдық орталығы ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында, нақтылап айтсақ 1990 жылы М.­Х.Абдулкаримов, Ғ.Ғ.Ахмеров, Н.Б.Ғабдуллин сынды азамат­тардың белсенділігімен құрылды. Бұл сол шақта елімізде алғаш құрылған этномәдени бірлес­тіктің бірі еді. Татарлардың бүкіләлемдік кон­гресінің төрағасы Р.З.Закировтың айтуынша, Семейдегі бірлес­тік Қазақ­стан бойынша татарлар қауымдас­тығының көшбас­шысы болып табылады.
Бұл өзі бекерден-бекер айтылмаған сөз бе дейміз. Айталық, сол 1990 жылы Семейде еліміз бойынша алғаш рет татарлардың республикалық деңгейде мәде­ни мерекесі өткізілді. Оған бүкіл елімізбен бірге, алыс, жақын шет елдерден құрметті қонақтар шақырылды. 1992 жылы Семейде туыстас екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Минтимер Шаймиевтің қамқорлығымен татар өнер мектебі құрылды.  Ал келер жылы мұнда бірлестік жанынан татар мәдение­тінің мұражайы ашылды. 1998 жылы Семейде Татар­лардың бүкіләлемдік конгресі атқару комитетінің көшпелі мәжілісі өткізіліп, оның соңы халықаралық сабантой мерекесіне жалғасты.
Осы орайда, бірлестік қызметкері Виктория Купцованың біздің өтінішімізге орай дайындаған материалдарынан жанды деректерді одан әрі жалғастырсақ еш артықтығы жоқ деп білеміз. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын құрылған «Истәлек», «Иртыш Моң­лары», «Ильхам» татар ансамбльдері (жетекшісі Ғабдулхақ Ахунжанов) халық ансамблі атағын алып үлгерді. Семейде 2000 жылдан бері «Иртыш Моңла­ры» деген атпен халықаралық татар өнер фестивалі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған осыған дейін ТМД елдерінен, Ресей, Қытай, Германия және Франция мемлекеттерінен он мыңнан астам өнерпаз қатысты. Әлгі өнерпаздардың ең жасы небәрі үште болса, ең кәрісінің жасы сексеннің ортасында болған­дығы да көп нәрсені аңғартса керек.
Сөз басында сонау ерте заманның өзінде Семей татарларының саны жөнінен үшінші орында болған­дығын айттық. Бүгінде 11 мыңның үстіне шығып отырған олар саны жөнінен тағы да үшінші орында. Татар ағайындардың басым бөлігі бұрынғысынша осындағы татар аймағында тұрып жатыр. Оның бір жақ шеті қазақ аймағымен шектеседі. Яғни, ортада ешқандай шекара да, томаға-тұйықтық та жоқ. Соған сүйсіне отырып, тіл-көзден сақтасын дейсің!
Дәулет  СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.