Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Атыраудағы жастардың коворкинг орталығы жетістікке жетелейді

726 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заманауи игіліктерден ауыл жастары да тыс қалмауы тиіс. Жастардың интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуде қазір коворкинг орталықтары сұранысқа ие болып жүр.  Осындай орын Индер ауданында ашылды. «Жастар жылының» аясында жұмысын бастаған орталықтың  ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, белсенді жастарға қашанда қолдау болатынын атап өтті.

Атыраудағы жастардың коворкинг орталығы жетістікке жетелейді

Өткен жылғы көрсеткіштер жастар арасында қылмыстың жоғарылағанын көрсеткен. Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың жарға жығатын жат әдеттерден арылып, өнер-білім үйренгені дұрыс. Аудан орталығында ашылған коворкинг орталығының мақсаты да сол. Мұнда жастар ашық әңгіме алаңына жиналып, идеяларды талқылай алады, сондай-ақ интеллектуалдық ойындар ұйымдастыруға, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға қажет жағдайдың бәрі бар. 

- «Борат» мәдениет үйінен ашылған коворкинг орталық аудан жастарының бас қосатын мекеніне айналады деген үміттеміз, -дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Кенжеғалиев. –Көрер көзге көркем безендендірілген, мұнда келгендер жұмсақ орындықта кофе ішіп отырып, кітаптар оқи алады, интернеттен қажет ақпараттарын алуға мүмкіндік жасалған. Қабырғаларда аудан картасы, түрлі салаларда жетістікке жеткен аудан мақтаныштарының суреттері ілінген. Бір қабырға толығымен қазақтың тұңғыш бард-ақыны, индерлік Табылды Досымовтың шығармашылығына арналды. Коворкингте ауыл жастарын қызықтыратын түрлі тақырыптар бойынша шеберлік сағаттары мен пікірталастар өтеді.

Жалпы мұнайлы өңірде жастардың қоғамнан өз орындарын тауып, қалыптасуларына қажет жағдай жасалып келеді. Өткен жылдың өзінде облыста жастар саясатын жүзеге асыру бағытында 950-ге жуық шара ұйымдастырылып, 85 мыңнан астам жасты қамтыды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ