Жуырда Kapital.kz-те жарияланған сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық процестер кезінде қаржы нарығының бәсекеге қабілеттілігін күшейту жұмыстары жалғасын табатынын айтты. ДСҰ аясында шетелдік банктердің Қазақстандағы филиалдарының қатары айтарлықтай көбейеді деп күтілуде. Бұл қазақстандық компаниялардың және банктердің бәсекеге қабілеттілігінің жоғары болуын талап ететіні түсінікті. Яғни, қазіргі банктердің жабылу немесе бірігу процесі жалғасуы мүмкін.
Тоқсаныншы жылдары нарықтық экономикаға енді көшкен тұста жұрт жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қаржы институттарының ашылғанын да, жабылғанын да естіп үлгермейтін. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбекова айтқандай, тоқсаныншы жылдары екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының саны 204-ке жеткен-ді. Қазіргі көрсеткіш одан әлдеқайда төмен екені түсінікті. Отыз жылға жетпейтін уақыт ішінде банктер жабылып, банкирлердің азаю қарқынын қысқаша шолып көрейік.
Иә, 1993 жылы теңге айналымға еніп, Қазақстан дербес қаржы-несие саясатын жүргізе бастағанда, банктер тез көбейді, артынша сондай қарқынмен азайды. Басым бөлігінің қаржылай дәрменсіздігі сезіліп қалды. 1995 жылы наурызда қабылданған «Банктер мен банктік қызмет туралы» Заң Ұлттық банк үшін аталған секторды сауықтыруда мықты құрал болды. Қаржы институттарына өз беттерінше халықтың жинақ қаражатын тарту және сыртқы қарыз алудың есебінен экономиканы несиелендіру туралы талап қойылды. Осындай сұрыптаудан кейін жұмысы тұрақсыз, қаржылай дәрменсіз деп танылған банктердің алдында екі жол тұрды: бірден жабылу немесе басқа да әлсіз банктермен бірігіп, ірі банктердің еншілесіне айналу. Жарнамасы жер жарып тұрған «Крамдс-банк, «Тұранбанк», «Әлембанк» сынды қаржы институттарының жабылуға немесе бірігуге мәжбүр болғаны осы тұс еді. Осылайша 1994 жылғы 2004 банктің 30-ы бір жыл ішінде жабылды. 1996 жылы тағы соншасы жабылып, банктердің саны 101-ге түсті. Бас-аяғы 7 жыл ішінде 204 банктің 167-сі қалды, ғасырлар тоғысында 47-ге кеміді.
1994-1998 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктердегі халықтың қаржылай салым үлесі айтарлықтай өсіп, 5,4 миллионнан 31,6 миллион теңгеге жетіпті. 2000 жылы бұл көрсеткіш 248,3 миллиард теңгеге өскен.
Тоқсаныншы жылдардағы «жабайы капитализм» тұсында банктердің жабылуы қарапайым салымшыларға да, бизнесмендерге де соққы болып тиді. Банктер ғана емес, банктерге деген халықтың сенімі де құлағаны түсінікті. Одан кейін кейбір қаржы институттарының күйреуі баяуласа да, толастаған жоқ. Мысал ретінде «Көмір банк», «Валют-Транзит», «Наурыз банк», тағы басқаларын айтуға болады. Әсіресе, еліміздегі ең ірі банктердің бірі саналып келген «Валют-Транзит Банктің» банкрот болғаны көпшіліктің есінде шығар. 2001 жылы «ВТБ» ең ірі банктердің ондығына кірген, 2007 жылы Қазақстан бойынша 200 бөлімшесі жұмыс істеп тұрған, есептік кассаларының саны бойынша Халық банктен кейінгі 2-орында болған ірі қаржы институттарының бірі еді. Кей жылдары жинақтаушы зейнетақы қорына түскен қаржы көлемі бойынша республикада алдыңғы орынға шыққан-ды. 390 мың қарапайым салымшысы бар «Валют-Транзит Банктің» жабылуы банкроттық операциялардың ішіндегі ең көп резонанс тудырған оқиғалардың бірі болды десек артық айтпаспыз. Тіпті топтасып ереуілге шыққандар, өзіне қол салмақ болған адамдар да кездесті. Әйтеуір, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «ВТБ» борышының 97,6 пайызын, 13,8 миллиард теңгені өтегеннен кейін ғана жағдай түзелді.
Соңғы онжылдықтарда ел экономикасындағы өзгерістермен қатар, қаржы секторы да біршама жаңарды. Оған ықпал еткен факторлар ретінде бірнеше рет девальвация болғанын, ұлттық валютаның еркін «жүзуге» жіберілгенін, ірі қаржы институттарының біріге бастағанын, мемлекеттің банктерді банкроттықтан құтқару үшін миллиардтап қаражат құйғанын айта кетуге болады. Банктерді құтқару үшін қаржы құю 2008 жылғы қаржы дағдарысының алғашқы толқыны соққан кезде басталған-ды. Екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелерін, проблемалық несиелерін сатып алатын мемлекеттік қор да құрылғанымен, артынша оның жұмысы сиырқұйымшақтанып кетті. Одан кейінгі аралықта да жүйе құраушы банктерді қолдауға жүздеген миллиард қаржы бөлінді. 2008 жылдың басында елімізде 35 банк болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш қырыққа жуықтады.
Сынға ұшыраған үшеу
Жалпы, банктер екі жолмен жабылатынын айта кетейік. Мәселен, қаржы институтының акционерлері осындай шешім шығара алады. Әрине, ол үшін тиісті органдардың рұқсатын алуға міндетті. Сонымен қатар, Ұлттық банк сот шешімімен екінші деңгейлі қаржы институттарын лицензиясынан айыра алады. Біздегі банктердің басым көпшілігі осы екінші жолмен жабылады.
Кейінгі жылдардағы жабылған банктерге қатысты мысал келтіре кетейік. 2016 жылдың соңында Ұлттық банк «Қазинвестбанкті» лицензиядан айыру туралы шешім шығарды. Арада бір жыл өтпей жатып сот шешімімен «Delta Bank»-тің жұмысы тоқтатылды. Бұл екі банктің салымшыларына өтемақы төлеу Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына тапсырылып, қор былтыр жазда міндеттемесін өтеп болды.
«Эксимбанк», «Астана Банкі» және «Qazaq Banki»-нің басына бұлт үйірілуі былтыр көктемде Ақордада өткен кеңестен кейін басталған-ды. Елбасы олардың көрсеткіштері нашар екенін, акционерлері тиімсіз басқарғанын, бұл үшеуі салымшыларына берешек екенін айтып сынға алғаны есімізде. Одан кейінгі жағдай белгілі. Президент сөзінен кейін бірнеше ай өткенде «Qazaq Banki» мен «Эксимбанк» бағалы қағаздар нарығында қандай да бір операция жүргізуден шеттетілді. Екеуінің ірі акционерлері қосымша капиталдандыру туралы талаптарды орындамағаны үшін Ұлттық банк сотқа жүгініп, лицензиясынан айыруға мәжбүр болыпты, ресми жауап осындай. «Qazaq Banki» мен «Эксимбанктің» жалпы активтері мен міндеттемелерінің көлемі екеуінікін қоса алғанда 1 пайызға жетпейтіндіктен, олардың лицензиясы тоқтатылғаны қаржы жүйесіне соншалықты салмақ түсірген жоқ. Екеуі де міндетті кепілдендірілген депозиттер жүйесінің мүшесі болғандықтан, салымшылардың кепілді сомаларын өтеу ісі де ың-шыңсыз өтті деуге болады.
Өткен жылдың соңында ғана Ұлттық банк «Астана банкін» қаржылай операциялар жүргізу лицензиясынан айырғаны еске түседі. Сөйтіп, таяуда ғана Еуразиялық банк «Астана банкінің» клиенттерінің кепілді салымдарын өтеуге кірісті.
Қаржы жүйесіне нұқсан келмейді
Белгілі экономист Жанкелді Шымшықовтың пайымдауынша, жүйе құраушы банктерге жатпайтын шағын қаржы институттарының жабылып жатқаны – нарықтық экономиканың заңдылықтарына сәйкес жүріп жатқан қалыпты табиғи процесс. Банк экономикаға қаржы ұсынуға қабілетті болуға тиіс. Кәсіпорындар барлық қаражатын банкте ұстайтыны белгілі, банк оны қаражатқа зәру екінші бір кәсіпорынға ұсынуы керек.
– Жалпы, елімізде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын банктердің қаржыландыру деңгейі өте төмен. Қаржы ұйымдары көп жағдайда шынайы экономиканы дамытуға оншалықты тырыспайды, оның орнына түрлі делдалдық жұмыстармен пайда тапқанды артық көреді. Мысалы, коммуналдық төлемдер, басқа да төлем түрлерінен, тұтынушы несиелерден ғана табыс түсіруге үйренген. Активін ұлғайтуды көздеген банктер төлем қабілеті төмен адамдарға біле тұра несие береді. Әйтеуір активін ұлғайта беруді көздегендердің ешқандай кепілсіз, төмен талаппен несие ұсынған жарнамаларын күнде көріп жүрміз. Біздегі жабылып қалған банктердің біразы осындай жолмен активтерін көбейтіп, сырт көзге керемет жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырған-ды. Алайда, проблемалық несиелері көбейген сайын олардың біразының жағдайы нашарлай берді. Айналып келгенде несие алушыларының 30 пайызына дейін төлем қабілетінен айырылып, біразының жағдайы мүшкіл болуға айналды. «Qazaq Banki» мен «Эксимбанктің», «Астана Банкінің» жағдайын осылай түсіндіруге болады, – дейді Ж.Шымшықов.
Сарапшы айтқандай, бұл банктер ауыл шаруашылық секторына да, өнеркәсіпке де жарытып қаражат салған емес. Негізінен тұрғындардың тұтынушылық сұранысын өтеуді ғана мақсат тұтты. Яғни, халықтың төлем қабілеті төмендеген кезде олардың басына қара бұлт үйірілгеніне таңғалуға болмайды.
Бұл ретте Жанкелді Шымшықов:
– Шынайы экономикаға жұмыс істейтін банктердің басына қара бұлт үйірілсе, онда қобалжуға болар еді. Ал тұтынушылық несиеге ғана сенетін, түрлі төлемдерден ғана табыс алуды көздейтін банктер біртіндеп азаюға тиіс. Банктердің арасындағы бәсекелестік кезінде өміршең ірі жобалармен тиімді айналысқан ұйымдар ғана жеңіске жетеді, қалғандарының жұмысы ерте ме, кеш пе, тоқтайтыны түсінікті. Бұған дейін еліміздегі ең ірі деген банктерді дағдарыс кезінде сауықтыру үшін Үкімет тарапынан қаражат аударылғанын білесіздер. Соның салдарынан банктер «Үкімет далада тастамайды» деп санайтын болды. Қаржы секторы құлдыраса, тұтас елдің қаржылық жүйесіне нұқсан келеді. Ал экономика қаржы секторымен тығыз байланыста дамиды. Әлеуметтік ахуалдың ушықпауын ойлаған мемлекет банктерге әрдайым көмектеседі. Әсіресе, Қазақстандағы ең ірі төрт банктің жағдайын мемлекет тікелей бақылайды. Ал «Qazaq Banki», «Астана банкі», «Эксимбанк» сияқты кішігірім институттарға мемлекет көмектесе бермейді. Ондай қаржы ұйымдарының жабылу процесі әлі де жалғасады деп ойлаймын. Жалпы, 18 миллион халқы бар ел үшін 30 банк тым көп. Шынайы экономикаға жұмыс істейтін 10 банк сұранысты толық қанағаттандырады. Әлсіз қаржы ұйымдары жабылып, экономика үшін тиімді жұмыс істейтін банктер қалып, банк секторы біртіндеп ұтымды деңгейге келеді деп санаймын,– деді.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл үшеуінің жабылғанынан қаржы жүйесіне нұқсан келмейді.
– Астана Банкіндегі депозиттердің жалпы сомасы 41 миллиард теңгеден асады, оның ішінде қайтарылуға тиісінің мөлшері – 37 миллиард теңге. Жалпы, үш банктің де активтері көп емес, банк жүйесіндегі үлесі 2 пайыздан аспайды, – дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбекова.
Былтыр жаз айында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің тым көбейіп кетуіне жол беруге болмайтынын айтқаны белгілі. Кейбір банктердің акционерлері әлеуетсіз клиенттерге біле тұра несие беретінін айтқан Президент «Банктер дегеніміз – қаржы, қаржы – экономика, ал экономика – халықтың әл-ауқаты» деп, банк секторында жауапсыздыққа жол беруге болмайтынын ескерткен-ді.
FinBiz.kz-тің хабарлауынша, алдағы уақытта да Ұлттық банк проблемалық банктердің акционерлерін капиталдандыруды жалғастыруға шақырады. Ал акционерлердің біразы банктер арқылы табысқа кенеліп үлгергенін ескерсек, олар капитал көлемін көбейткенше, банкті жапқанды артық санауы әбден мүмкін.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»