Кино • 12 Ақпан, 2019

Студенттерді серпілткен «Махаббат күндері»

532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінің галерея залында «Махаббат күндері» толық­метрлі фильм-альманахының ал­ғаш­­қы түсірілім жұмыс­­­­тарының баста­луы­на орай арнайы салтанатты жиын өтті.

Студенттерді серпілткен «Махаббат күндері»

Университеттің ұстаздық құрамы мен студенттерінің атсалысуымен қолға алынған айтулы жоба «Жастар жылының» аясында жүзеге аспақ. Фильм-альманахтың продюсері әрі жетекшісі – Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева. 

– Бүгін ерекше толқынысты сәт. Өйткені біз «Махаббат күндері» деп аталатын үлкен шығармашылық жобаның түсі­рі­лім жұмыстарын бастағалы отырмыз. Дәл бүгін сіздер, сондай-ақ аталған фильмнің ал­ғашқы кадрының түсіру сә­ті­не де куә боласыздар. Сөзсіз, бұл университетіміз үшін тарихи сәт. «Махаббат күндері» ұжымның алғашқы жұмысы емес. 2016 жылы «Кино және ТД» кафедрасының атсалы­суы­мен «Ұрланған сахна» атты алғашқы көркем фильмі­міз­дің тұсауын кескен болатынбыз. Енді, міне, екінші толықметрлі жобамыз да «Жас­тар жылының» аясында өнді­ріске еніп отыр. Бұл да болса университетіміздің ұстаз­дық құрамының студент­тер­ге тек теориялық білім бер­іп қана қоймай, тәжірибе тұрғысынан да шыңдап, үнемі шығармашылық ізденісте жүретіндігін көрсетеді», – деді Айман Қожабекқызы.

«Махаббат күндері» толық­­­­метрлі көркем фильм-альманахы «Кино және ТД» ка­федра­­сының 3-курс студент­те­рінің жазған 8 бөлімнен тұратын новелласы негізінде түсіріледі. Әр новелланың жанры мен қатысатын кейіпкерлері сан түрлі болғанымен, оларды ортақтастыратын ортақ тін – оқиғаның барлығы университет өмірімен байланысты өрбитіндігі. Драмадан комедия, мистикадан романтикаға дейін қамтылған жанр алуандығы айтулы жобаның қызықты әрі сантарапты өрбуіне кең жол ашады деп күтілуде. 

– Кино теориясын оқып, меңгеріп шығу бір бөлек. Ал кино алаңын сезініп, түсірілім жұмыстарына араласу деген – студенттеріміз үшін үлкен мектеп, тәжірибе алаңы. Бұл – ерекше кәсіби сезім. Себе­бі режиссерлердің тыныс­­тайтын жері – кино түсіру алаңы. Университет қабыр­ға­сында осындай кәсіби оқу киностудиясының ашылуы шынымен-ақ студенттер өміріндегі айтулы оқиға, қуанышты жағдай. Енді олар оқып жүріп-ақ өзін кәсіби маман сезіне бастайды. Өз-өздеріне деген ішкі сенім мен тәжірибе қалыптастырады», – деді Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің профессоры, кино­режиссер Сламбек Тәуекел.

Айта кетейік, «Махаббат күндері» жобасы 1968 жылы кино кеңістігінде үлкен өнер оқиғасына айналған Франсуа Трюффо, Ренцо Росселлини, Шинтаро Ишихара бастаған әлемдік деңгейдегі айтулы режиссерлер жұмысы арнайы цикл бойынша топтастырылған «Жиырма жастағы махаббат» атты 5 бөлімді кино-альманахтың жалғасы іспетті. Осы негізде жүзеге асырылуы жоспарланған фильмнің алдыңғы жобадан ерекшелігі де сол – мұнда кәсіби режиссерлер емес, тек студенттік жұмыс­тар көрсетіледі. Ал мұн­дай жобаның болашақ кино­мамандар үшін тәжірибе мектебі ғана емес, өзін кәсіби тұрғыдан шыңдауына және маман ретінде көрсетуіне зор мүмкіндік сыйлары сөзсіз.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»