Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

«Құдай не деді?..» (Үштаған-интерпретация)

806 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Құдай не деді?..» (Үштаған-интерпретация)

Құлшылық пен тіршілік

Рәбия жесірдің екі ұлы бар еді. Үлкені – базардың жүк­шісі, кішісі – медресенің тәлібі. Өзі оң аяқтың тізеден тө­менгі тұсы жансызданып, балдақтың көмегінсіз жүре де алмайтын. Күн ұзаққа ермегі әрі күнкөрісі көше бойында отырып қайыр сұрау...

Зәбірдің ес білгелі ұйқысы қанып көрмепті. Таң рауандап ата бере шөңкедегі суық сүтті шала ұрттап, базар дарба­засын ашуға жүгіретін. Күні бой­ғы міндеті – саудагердің қабын тасып беріп, жеткізу. Қас қарая тараған базардың шашылған қоқысын жинап, су сеуіп сыпыру да мұның мойнында. Сосын үйіне асығатын. Алакөлеңке бөлмеде інісі намазын оқып, анасы балауыз шамның жарығына қарап отырады. Күндегі сурет – осы. Зәбір жылдам су жылытып, ана­сының мүйізденіп кеткен аяғындағы шаң мен кірді легенге езіп жуды да, құрғақ ма­таға орап қойды. Қазандағы ас қалдығын қырып тазалап, ертеңгі ішетін сүтті пісі­ріп бол­ғанша, қараңғылық қою­ланып ұйқыға құлай кеткенін сезбей де қалған...

Қадыл құлшылығын қаза қылған емес. Медреседе үй­ренген ілімін ұстазы үнемі өз­гелерге үлгі қылып айтып оты­рады. Дауыс мәнері де жа­ғым­ды. Енді бірер мезетте ме­шіт­тің мәзіні болмақшы.

– Е, Жаратушым, жарылқай гөр, қылған құлшылығымды өзің қабыл ет, – дейтін ол әдет­­тегі кифиясын оқып бол­ған сайын. Өзінің уақыты аз­дығы себепті үй шаруасына қолғабыс етуіне мұршасы да бола бермейтін. Әрі бұл ла­шық­тың шаруасы ағасынан арты­лып көрген жоқ.

«Ағаңның тілегін қабыл еттім...». Қалың ұйқыдан селт етіп оянған Қадылдың құла­ғында осы дауыс жаңғырып тұрып алды.

– О, құдіретті күшті Жара­ту­шым, ағамның тілегін қабыл еттіңіз бе? Ол дұға етті ме? Ол на­маз да оқымап еді... Бұл қа­лай? Мен парызымды қаза қылмай, жатсам да, тұрсам да өзіңнен медет тіледім ғой, Мейірім иесі? Менің тілегім жетпеді ме дәргейіңе?

«Уа, Пендем...», қараңғы мен жарықтың арасынан шық­қандай бір дауыс тағы естілді.

– Сен, рас, парызыңды қаза еткен жоқсың. Ал ағаң құлшылық етуге уақыт тап­­пады. Сенің мұрсатың дұ­ға ті­леуге жетті. Ол тір­шілік­тен артылған сәтін анала­рың­ның қамын жасауға арнады. Мен адамдардың құлшы­лығына зәру емес едім, анаң балаларының жәрдеміне мұқ­таж-тұғын. Мені әділ емес деуге дәтің жете ме, Пендем? – деді дауыс иесі... 

Ағаш пен Балта

Ауыл іргесіндегі тоғайда қадау Қарағай, топ Қайың, сырықтай Терек, жалбыр Қарағаш қатар өсетін-тұғын. Бір құтсыз қыста шана сүй­реткен мұжық тоғайға келе қалды. Белінде жүзі қылпыған балта бар екен. Әлгі адам баласы ағаштарға кезекпен балта сілтеп, отын дайындауға кі­рісті. Әуелгіде балтаның әуенге бергісіз шыңылына ел­тіп, үнсіз мүлгитін ағаш­тар, күн өте келе қатары сиреп жат­­қанын көрді. «Қой, болмас, мы­нау балта жерде тірі ағаш қалдырмас. Мұ­ны Жа­рату­шыға жеткізейін» депті қор­қыныштан дір-дір қаққан Қарағай.

– О, Құдай, бізді ағаш етіп жарат­тың. Сая болсын дедің. Датымыз бар. Өзің дәр­гейіңде қарамасаң, мына темір балта жолындағыны жап­пай сұлатып, ақыры ағаш қалдырмайтын түрі бар...

«Әй, сұңқылдамашы!» деп күркіреп жіберді сонда Құдай Қарағайдың зарын аяқтатпай:

– Ол балтаның зады темір болға­нымен, сабы ағаштан емес пе? Менің әділдігіме кү­мә­нің қалды ма енді? – деді және...

Қошқар мен Теке

Қошқар мен Текені шал мен кемпір сойып жеп қо­йыпты. Махшар таңы ал­дын­да екеуі о дүниеде жо­лы­ғыпты. Қошқар тозақта тер­леп-тепшіп жүрсе, Теке жұмақ­та жатыр екен. Аңырған Қош­қар Құдайға арызданып «Мен үнемі әлсізді қорғап, әділ болдым ғой. Неге менің орным жұмақта емес?» деп сұрапты. 

Сонда Жаратушы: «Мақұ­лығым-ай, дәтің орынды. Амал дәптерің де оң екен. Бі­рақ сен қожайының соймақ болып аяғыңды буғанда, «Мә-ә-ә, қазір сауырымның қы­ты­ғы қанатын болды» деп көзіңді жұмып жата бердің ғой. Осы қылығыңнан жұмақ қақ­пасына жарты қадам жет­­пей қалдың. Ал Теке сира­ғынан ұстағаннан бас­тап бақырып, қар­сыласып бақ­ты. Байғұсты өмірді сон­ша қорғап, сүйгені үшін жұмаққа жі­бер­дім. Менің әділдігіме күмәнің бар ма, ал?» депті...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»