Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Шымкенттегі жарылыстың неден туындағаны анықталып жатыр

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте 11 ақпан күні Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде екі қала тұрғыны ескірген артиллериялық снарядтың жарылуы салдарынан әртүрлі дәрежедегі зақым алды. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкенттегі жарылыстың неден туындағаны анықталып жатыр

Дәрігерлер 1984 жылы туған ер адамның сол қолы мен аяғын кесуге мәжбүр болды. Ал, 1998 жылы туған екінші зардап шегушінің сол аяғы сынып, басқа да дене жарақатын алған.

Анығында зардап шеккен жас жігіттің бірі снарядты металл кескіш құралымен бөлшектеп, темір қабылдайтын орынға өткізуді көздеген. Алайда қауіпті жарылғыш зат ойламаған жерден жарылып кеткен.

Жарылыстан жарақат алғандардың жақындарының айтуынша, оқ-дәрі Арыс қаласынан металл сынықтары ретінде жеткізілген.

Полиция және төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлерінің тергеу-жедел тобы оқиға орнын тексеру барысында тағы да осындай оқ-дәрі тапты.

Қазіргі таңда оқ-дәрілердің шығу тегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. ҚР Ішкі істер министрлігінің ішкі және сыртқы байланыс бөлімінің директоры Алмас Садубаев Қылмыстық кодекстің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде деп мәлімдеді.

Естеріңізге салар болсақ, Арыс қаласында оқ-дәрілерді жоюға арналған бірнеше қоймалар орналасқан. 2009 жылы «Қазарсеналдың» ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiгiнде жойқын жарылыс болған еді. Сол кезде оқиға орнында 3 адам көз жұмып, 12 адам ауруханаға түскен. Ал, 2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылыспром» АҚ қоймасында жарылыс болып, 2 адам қаза болып, тағы бір адам аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған еді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент