Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Атырау облысында жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін бизнесті дамытудың басым бағыттары анықталды

57 реткөрсетілді

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Маxамбет ауданында шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде көшпелі отырыс өткізді, деп xабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиынға ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзаxметов қатысты. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтың айтуынша, өңірде атқарылған шаралар нәтижесінде шағын және орта бизнестің барлық көрсеткіштері өткен жылдармен салыстырғанда өсімге қол жеткізген.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, басты назар экономиканың өндірістік және өңдеу секторларын дамытуға бағытталды, бұл өңірдегі шикізат саласынан басқа бағыттарға да үлкен қадам жасауға мүмкіндік берді.

- Атыраудың өзінде былтыр 57 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 7,3 % жоғары. 2018 жылы атыраулық кәсіпкерлер шығарған өнім көлемі 1.7 трлн теңгені құраған. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жүзеге асып жатқаны белгілі. Солардың бірі "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы. Осы уақытқа дейін өңірде несие соммасы 96, 1 млрд теңге болатын 1200-ден астам кәсіпкердің жобасы қолдау тапты, - деді кәсіпкерлік индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.

«Атамекен» ҰКП мамандары Атырау облысында скрининг өткізді, ол бизнесті дамытудың басым бағыттарын анықтауға және нысандардың орналасуын анықтап, аймақтық даму карталарын құруға мүмкіндік берді.

- Жалпы елімізде бүгінде 1 млн 240 кәсіпкер тіркелген. Оларға мемлекет тарапынан әркез қолдау көп. Қазірдің өзінде берілетін рұқсат 70%. Ал тексеріс 300 мыңнан 70 мыңға қысқарды. Бизнесмендердің кәсібін дамытып , олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында Атырауда осы салаға арнайы скрининг жүргізілді. Нәтижесінде 46 мыңға жуық кәсіпкердің тізімі құрылған. Базада олардың алған несиесі, тапшы мамандар, бос жұмыс орындары және сол аумаққа қажет кәсіпкерлік нысан туралы ақпарат жинақталған, -дейді жұмыс тобының жетекшісі Ануар Керімбаев.

- Атырау облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бізге Елбасы әр облыста өзінің даму бағдарламасы болу керек деп тапсырма берген болатын, соған байланысты ол тапсырманы Нұрлан Асқарұлымен келісіп Атырау облысында бір аптада орындадық деп баяндап отырмыз. Сондықтан Атырау облысының әдістемесі барлық облыстарға да тәжірибе болады деген ойымыз бар – деп атап өтті Абылай Мырзахметов

Аймақ басшысы кәсіпкерліктің және жалпы бизнестің дамуы мемлекеттің басты міндеті екенін де атап өтті.

- Елбасымыз кәсіпкерлермен кездесуінде айтқандай, сіздердің осындай деңгейге жетіп отырғандарыңыз елдегі тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің арқасы. Мемлекетімізде дау шықпай, бір-бірімізге қажет уақытта мүмкіншілігі бар адамдар мәселесін шешіп тұрғаны ізгіліктің, қайырымдылықтың арқасы. Сондықтан да, істеріңіз жалғасын тапсын, кәсіпкерлер. Осы скрининг нәтижесін көре отырып, басқа сала қызметкерлері өздері атқармаған салаға бет бұратын шығар, жаңа кәсіп көзін ашуға мүмкіндік алады. Үлкен жұмыс атқарылды. Осы істі әрі қарай жетілдірейік. Аудан әкімдері күнделікті жұмыстарында баяндалған мәселенің барлығын пайдалана отырып, өздеріне жүкітелген міндеттерді орындауда осы мәселені басшылыққа алсын,- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, скрининг нәтижелері Атырау облысының eatyrau.kz геопорталында жарияланған.

Екінші мәселе - жергілікті бюджетті қалыптастыру бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиев 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік экономикалық дамуы жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтты.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі: "Біз барлық мүмкіншілікті пайдалануымыз керек. Облысымыздың бюджетін, республикадан бөлінетін бюджетті тиімді пайдаланып, уақытылы игеруіміз керек. Қазіргі таңда республикадан қыруар қаражат бөлініп отыр. Президенттің тапсырмасын орындау дегеніміз бұл xалықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Берілген қаражатты тиімді пайдалануға жұмыстануымыз қажет, -деп атап өтті.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар