Қаржы • 12 Ақпан, 2019

Данияр Ақышев: Қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2018 жылы ұлттық валютамен депозиттердің 4,5%-ға өсуіне байланысты депозиттер 6%-ға 18,6 трлн теңгеге дейін өсті. Доллар баламасындағы шетел валютасымен депозиттер 7%-ға төмендеді. Депозиттерді долларландыру желтоқсанның соңында 48% болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Данияр Ақышев: Қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді

«Өткен жылы жаңа кредиттер беру 24%-ға немесе 2,6 трлн теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің кредит портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 7%-ға немесе 884 млрд теңгеге бағаланады. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша ставка жыл басында 13,2%-дан желтоқсанда 11,7%-ға дейін төмендеді» деп атап өтті Д. Ақышев.

Ол сондай-ақ экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Ұлттық Банктің Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірлегенін айтып берді. Д. Ақышев айтқандай, бұл бағыт биыл кредит берудің қосымша өсуін қамтамасыз етеді. «7-20-25» бағдарламасы 8 банк арқылы жүзеге асырылады.

«7 ақпандағы жағдай бойынша банктер 61 млрд теңге сомаға 5 181 өтінімді мақұлдады. Ұлттық Банк белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді» деп толықтырды Д. Ақышев.

Ұлттық Банк Төрағасы қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсаруда екендігін атап өтті.

«Жыл қорытындысы бойынша банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін 4,5%-ға ұлғайды. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 7,4%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері 1 трлн теңгеге дейін 13%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 13%-ға ұлғайып, 520 млрд теңге болды» деді ол.

Д. Ақышев сондай-ақ өткен жылы төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған қолма-қол емес операциялардың көлемі 6,4 трлн теңгеге дейін 2 есе өскендігіне назар аударды. Халықтың Интернет және мобильді банкинг арқылы транзакциялары үш есе өсті. Күн сайын бұл арналар арқылы 8,6 млрд теңге сомаға 500 мың операция жүргізіледі.

«Қолма-қол емес төлемдерді пайдалануды кеңейту үшін Ұлттық Банк 7 ақпанда «Suńqar» мобильді телефон нөмірі бойынша мезеттік төлемдер жүйесін іске қосты» деді сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев және бүгінгі күні 3 банк қызмет көрсететінін, сондайақ басқа екінші деңгейдегі банктердің кезең-кезеңімен қосылуы күтілетінін атап өтті.