Жалпы, өрт, иіс тиіп улану жағдайлары көбіне жер үйлерде, соның ішінде талапқа сай емес мекенжайларда жиі болып жатады. Осы орайда кәдімгі пештерді үйді жылыту құралы ғана емес, өзекті өртер өкініштің, қауіп-қатердің ошағы, бастау көзі екенін естен шығармағанымыз жөн-ақ.
Биылғы қаңтар айында Қызылорда қаласында үш баланы, ақпан айының басында Астанада бір отбасындағы бес бірдей бүлдіршінді, сондай-ақ Павлодар облысы Баянауыл ауданы мен Түркістан облысы Келес ауданында екі бірдей шаңырақты жалмаған, халықтың қабырғасын қайыстырған оқиғалар әлгі жер үйлерде болған.
Өрт оқиғаларынан бөлек, улы газ себебінен өмірден озғандардың саны күннен-күнге артып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Мәселен, Төтенше жағдайлар комитетінің бізге жіберген мәліметтеріне қарағанда, 2016-2017 жылдарғы жылыту маусымы кезеңінде (қазан айынан бастап наурыз айына дейін) республика бойынша улы газ салдарынан – 83 адам (оның ішінде 14 бала), 2017-2018 жылдарғы жылыту маусымында – 77 адам (оның ішінде 16 бала) қаза болған. Ал 2018-2019 жылдарғы жылыту маусымында иіс тиіп – 46 адам (оның ішінде 8 бала) көз жұмған. Осы жерде 2019 жылдың 1 қаңтары мен бүгінге дейінгі аралықта, яғни небәрі бір жарым айға жуық уақыттың ішінде 23 адам (оның ішінде 8 бала) осындай оқиғалардың себебінен бақиға аттанып кете барғанын өкінішпен айтуға мәжбүр болып отырмыз.
Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Азаматтық қорғау полковнигі Барат Дұзақбаевтың пікірінше, тұрғындардың улы газбен улануының негізгі себептеріне түтін құбыры мен шатырдың жанатын конструкцияларының арасында өртке қарсы бөліктің болмауы, мұржаның тазартылмауы және тағы басқа да мәселелер жатады. Бұл арада ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы да орны толмас өкінішке душар ететінін басты қаперге алғанымыз жөн.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Qamqor.gov.kz сайтының мәліметтеріне сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу (Қылмыстық кодекстің 292-бабы) бойынша 2017 жылы – 130, 2018 жылы – 98, 2019 жылдың 1 айы бойынша 21 қылмыстық іс тіркелген көрінеді.
Жоғарыда көрсетілген деректер, дәлірегі, иіс тиіп уланудан көз жұмған адамдар мен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы мәліметтер қоғамдық көңіл күйге кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан осы салаға жаңаша көзқарас қалыптастырып, тиісті шараларды өз деңгейінде қолға алу қажеттігі анық байқалады...
Жалпы, отқа жанады екен деп кез келген материалды пешке сала беруге болмайды. Газбен улану фактілері адамдардың көз жұмуына апарып соқтыратынын ескерсек, жылыту пештерін құру және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне барынша назар аудару маңызды.
Адам ағзасын улайтын газдың иісі болмайды, сондықтан оны адам сезбей қалады. Тек ауа құрамында газдың шамадан тыс көбейіп кеткенін адамдар басы ауырып, әлсірегенде барып сезінеді. Мұндай кезде адам сол заматта таза ауаға шықпаса естен танып қалады да, жарты сағаттан кейін жүрегі тоқтайды.
Мамандардың айтуынша, адамға улы газдың әсер етуі өте қарапайым. Қанға сіңгеннен кейін улы газ гемоглобинді қармап, оның оттегімен қанығуына кедергі жасайды. Яғни, гемоглобиннің глобулярлы ақуызының жұмыс істеу қабілетін күрт төмендетеді. Нақтылай айтқанда, адам ағзасы оттегін тым аз қабылдап, неғұрлым улы газбен көп тыныс алса, қандағы гемоглобиннің жұмыс істеу мүмкіндігі соғұрлым азаяды. Бұл жағдай бірінші кезекте бұлшық еттің әлсізденуіне, жүрек айнып, бастың айналуына соқтырады. Осы жағдайда қандай да бір шара жасалмай, ол ұзағырақ созылыңқырап кетсе жүрек өз жұмысын тоқтатуы әбден мүмкін. Көзге көрінбейтін, иісі сезіле қоймайтын, жаныңды ауыртпай алатын улы газ көбіне адамдарды ұйқыда жатқанда қапы қалдырғанына аз куә болып жүргеніміз жоқ. Демек, біз қыстың күні ұйқыға жатар кезде пешті барынша қыздырып жағып қана қоймай, оның жану барысын, улы газ бөлу деңгейін ұдайы бақылауда ұстағанымыз абзал. Осы орайда мұржасы тазартылмаған, ақауы бар пешті қолданбау, от жағуды балаларға тапсырмау қажет екенін ескерткіміз келеді.
Қазіргі таңда халық арасында өрт-профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында Төтенше жағдайлар комитеті мен облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тиісті департаменттерінде жедел штабтар ұйымдастырылды. Штабтар ТЖК және ТЖД бөлімшелерінің қызметкерлерінен құрылған. Сонымен қатар профилактикалық іс-шараларға ерікті түрде волонтерлік және өрт қауіпсіздігі саласында қызмет көрсететін ұйымдар тартылуда. Штабтар елді мекендердің (көшелер, орамдар, шағын аудандар) өртке қарсы қызметтің назарын аударуды қажет ететін аса проблемалық аумақтарды анықтады.
Демалыс күндері азаматтардың көбі үйде болатынын ескере отырып, ТЖК бөлімшелерінің басқару аппараттарын қоса алғандағы барлық жеке құрамы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аула-ауланы аралауға шығады. Рейдтік іс-шаралар барысында халықпен нұсқаулық жүргізіліп, пештерді және басқа да жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары бойынша жаднамалар мен нұсқаулықтар таратылады. Үй иелері келіскен жағдайда жылыту жүйесінің жай-күйіне тексеру жүргізіледі, ұсыныстар беріледі.
Суық түскеннен бері (қазан айынан наурыз айына дейін) жылыту құралдарын пайдалану басталғанына байланысты, тұрғын сектордағы өрт саны өсуде. Талдау көрсеткендей, өрттердің 70%-ы тұрғын үй секторында болады екен. Көптеген жағдайларда (36%) өрт халықтың отты абайсыз қолдануынан шығады. Бұл ретте өрттің пайда болуының негізгі көзі электр желілері мен жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (32%), сондай-ақ пешпен жылыту (16%) болып табылады.
Қорыта айтқанда, жылыту маусымында сақтық шараларын күшейтіп, өрт, иістен улану оқиғаларын алдын алу жұмыстарын жандандырған жөн. Әйтпесе айдың күннің аманында жиі-жиі «әттеген-ай!» деп қапы қала беруіміз бек мүмкін. Бұл орайда тиісті қызметтер мен қарапайым тұрғындар арасында тығыз байланыс орнату маңызды-ақ.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»