Садақа үшін түбіртек сұрайды
Қазір мешіттер садақа берушілердің тізімін жасап, жәшіктерге салынған пітірдің есебін шығаруға көндігіп қалды. Бұл ашықтық пен жариялылық – қоғам талабы. Алайда, Рамазан айларында Жаратушының разылығы үшін берілетін пітір-садақалар үшін құдды бір банк кассаларындағыдай түбіртек сұрайтындар да кездеседі. Бұл үдеріске ұрынғандар ертеңгі күні тілек-дұғаларының қаншалықты қабыл болғандығы, болмағандығына байланысты есеп талап ететіндей әсер қалдырады.
ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз келтірген деректерге қарағанда, еліміз бойынша 2058 ауылдық мешіт бар. Оның басым бөлігі өзін өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайды екен. Тіпті азын-аулақ тұрғыны бар ауылдардағы жылдық садақалар мешіттердің жылу мен суы, электр энергиясы мен басқа да коммуналдық төлемдерін ақтамайды. Ал аула сыпырушы, электрик пен сантехниктердің еңбегіне аздап болса да ақы төленсе, кейбір жағдайларда бұл міндеттер қоғамдық негізде атқарылуда. Міне, осыдан келіп имамдарға жалақы үшін қаражат қарастыру да оңайға соғар емес.
– Ауылда айлықсыз қызмет ететін дін қызметкерлерін толық жалақымен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Алғашқы кезең бойынша 103 ауыл имамына «Қажылық» қоры есебінен 50 мың теңгеден қаражат аударылды. Осылайша, имамдардың әлеуметтік мәселесін кезең-кезеңімен шешуді көздеп отырмыз, – деп атап өтті ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз.
Бұл – жақында ғана жүзеге асқан жаңалық. Алайда, осы арада әзір жалақы тимеген қызметкерлер қалай күнелтуде деген заңды сауал туындайды. Оларды теріс ағым өкілдері ақшамен арбап алмай ма деген қауіпке негіз бар ма?
Аталған сауалдарды көлденең тартқанымызда, ҚМДБ-ның облыстардағы өкіл имамдарының бірқатары имамдарға қаржы көздерінің теріс ықпалын жоққа шығарды.
– Өскемен өңіріндегі діни ахуал тұрақты. Өңірдегі 103 мешіттің барлығы дерлік имамдармен қамтамасыз етілген. Ал «Қаржылық» қоры арқылы 5 имам жалақы ала бастады. Жалпы, көпшілік имамдарға қазір мешіттер тарапынан еңбекақы төленуде, тағы бірқатары жамағаттың қолдауымен күнелтіп келеді, бірқатары жасы ұлғайғандығына байланысты зейнеткерлікке шыққандар, – дейді ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай.
Ал Діни басқарманың Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек Тәжімбеттің айтуынша, аймақтағы ауылдық елді мекендерде 17 мешіт бар. Оларға жалақы тағайындау кезінде ел көлемінде олардың табысы, әлеуметтік жағдайы есепке алынып, іріктелген.
– Имамдарға жалақы төлеу астарға, жаназаларға тәуелді болудан құтқарады. Жалақы ҚМДБ қойған міндеттерді белсене атқаруға ынталандырады, – дейді Б.Тәжімбет.
38 мешіт ашылды
Діни басқарма жуырда мешіт құрылыстарына байланысты арнайы ереже қабылдады. Ғұламалар кеңесі бекіткен құжат «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесі» деп аталады. Аталған ереже бойынша, бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы 1000-5000 адам).
Ережеде мешіт құрылысының заманауи талаптарға сәйкес келуі, көріктілігі, сапалы және ұзақ мерзімді пайдалануға жарайтын материалдардың пайдаланылуы, мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы назарға алынған. Сонымен қатар мешіт ауласына автотұрақ, саябақ, т.б. қажетті нысандар тұрғызылмақ. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы құрылғылар да орнатылады.
Бас мүфтидің айтуына қарағанда, былтыр елімізде 38 мешіт пайдалануға берілген. Ал қазір құрылысы әртүрлі деңгейде жүргізіліп жатқан тағы 119 мешіт бар. Қолданыстағы мешіттердің барлығы Әділет министрлігінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде тіркелген. Оны заң міндеттейді. Ал облыс орталықтарынан бастап, ауылдық елді мекендердің Бас жоспарларына мешіт салынатын орындар енгізілген. Оған қоса, мешіт салуға бөлінетін жер телімі міндетті түрде ҚМДБ атына рәсімделеді.
Сонымен қатар Ережеде жаңадан салынатын мешіттердің білім беру ұйымдарынан арақашықтығы 500 метрден кем болмауы тиіс деген тарау бар. Бұл да көптің ескертуі, атқарушы орындардың талабынан туған бастама.
Көрнекті ғалым, ҚМДБ-ның бұрынғы төрағасы Әбдісаттар қажы Дербісәлінің деректеріне қарағанда, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елімізде 68 ғана мешіт болса, бүгінде олардың саны − 2626.
– 2000 жылдары сол кездегі дін саласын реттейтін заңнамаларға байланысты 100-ге тарта мешіт өз алдына діни бірлестік ретінде тіркеліп кеткен. Кейін олардың иелері құқықтық мәртебелерінің мүфтиятпен тең екендігін білгеннен кейін, құрық салдырмай кетті. Олардың діни басқарманы мойындамауының салдарынан теріс ағымдар күш алды. Қазір мұндай келеңсіздікке тосқауыл қойылды, – дейді ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жанділла Бекжігітов.
Мешіттердің Әділет министрлігінде ресми тіркелуі үшін атауы болуы шарт. Мәселен, Ж.Бекжігітов Ғұламалар кеңесіне ұсы-нылатын 10 атаудың жартысына жуығы өтпей қалатындығын айтады. Өйткені оның талабы мынадай: алдымен белгілі бір мешітке атау беруді төралқа жиынына облыстың бас имамы ұсынуы керек. Екіншіден, сол мешіт орналасқан елді мекеннің 50 тұрғыны қолдау хат жазуы тиіс. Үшіншіден, ауыл әкімінің ұсыныс хаты сұралады. Төртіншіден, болашақта есімін бергелі отырған кісінің өмірбаяны ислам талаптарына қайшы келмейтіндей кіршіксіз болуы қажет. Демек, атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге қағидасы мешіт атауларына қатысты енді іске аспайды.
Осы арада, айтпасқа болмас тағы бір мәселе бар. Жекелеген имамдардың облыс басшыларымен қатар қызмет ауыстырып, әкімдердің «командаларынан» қалмай жүргендігі жайында деректер кездесіп тұрады. Мұндай тығыз байланыстың нәтижесін уақыт көрсете жатар.
Ал жалпы еліміз бойынша 2626 мешітте 6189 адам қызмет етеді екен. Оның 4 мыңға жуығы – дін қызметкері.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»