Мегаполисте ауғандық жауынгерлердің тізімін актуализациялау жұмысы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қала әкімдігінің Қоғаммен байланыс қызметіндегілердің хабарлауынша жуырда ғана тағы 43 отбасы анықталған.
«Жақын күндері біз Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің 30 жылдығын атап өтеміз. Өкінішке қарай, күні кеше ғана ауған соғысының ардагері, 177-ші арнайы жасақ отрядының командирі, аты аңызға айналып, халық арасында «қара майор» атанған отставкадағы полковник Борис Керімбаев өмірден озды. Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің 30 жылдығына байланысты ауған соғысына қатысушы 2716 жауынгерге 271 млн. теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Бұған қоса айтарымыз, Жеңіс күніне орай ауғандық ардагерлерге бір реттік көмек ретінде 50 мың теңге берілетін болады. Осы мақсаттар үшін біз 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлеміз», - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Мегаполис басшысы қалада Ұлы Отан соғысына қатысушыларға бір рет берілетін әлеуметтік көмектің 150 ден 250 мың теңгеге, ал оларға теңелгендерге берілетін көмектің 30 мыңнан 50 мыңға өскенін атап өтті. ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметті төлеуге берілетін ай сайынғы көмек 16,5 мың теңгеге дейін артып отыр.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ