Қазақстан • 13 Ақпан, 2019

Назгүл Кенжетай: Студент кезімнен Сириядағы соғысты зерттеп келемін

1256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы 23 жастағы әскери тілші, фотограф Назгүл Кенжетай Елбасымен кездесуде айтты.

Назгүл Кенжетай: Студент кезімнен Сириядағы соғысты зерттеп келемін

“Ең алдымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының тізімінде болу мені шексіз қуантты. Мені осы дәрежеге лайық деп білген баршаңызға алғысымды білдіремін” деп бастады ол өз сөзін.

“Әлемде саяси, дипломатиялық, стратегиялық және тағы да басқа себептермен жер бетінде көптеген қақтығыс болып жатыр. Соның бірі - Таяу Шығыстағы Сирия. Студенттік жылдарымнан бері осы мәселелерді жақыннан зерттеуді қолға алдым. Осы арқылы адамзаттың басындағы проблемаларды шешуге өзімнің аз да болса үлесімді қосқым келеді. Мамандық мені таңдады. Осы жолда “Жәннатта азық көп пе” деп сұраған сәби көрдім. Өзендей ағып, жоқ болып кеткен мемлекет көрдім. Босып кеткен халықты көрдім. Байлығы жолда тапталған елді көрдім. Сол байлығын қорғай алмаған ерді көрдім. Осының барлығын қолымнан келгенше әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым - отансыздың не екенін көрсету. Журналистік зерттеулерім шетелдерде жылдың жобасына айналса да, мен үшін өз Отанымды бейбіт ел ретінде әлемге таныту кез келген жетістіктен артық” деді журналист.

Назгүл Кенжетайдың жұмыстары Катар, Түркия және Еуропа және т.б. елдерде жекеменшік көрмелерде қойылды. Оның жазғандары BBC-де жарияланды. Назгүлдің айтуынша, түркиялық БАҚ оны Қазақстаннан келген ең алғашқы әскери корреспондент деп атайды. Ол өзінің жұмыстарында босқындардың өмір салтын көрсетеді. Назгүл БҰҰ және ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып Түркияға және Сирияға бірнеше рет іс-сапарға барды. Бойжеткеннің айтуы бойынша, оның мақсаты – соғысты қаз-қалпында көрсету және жәбір көрген балалардың даусына айналу.

«Мені әрдайым фотожурналистика саласы қызықтыратын: осыдан бес жыл бұрын мен алғашқы фотоаппаратымды алдым, содан бері суретке түсіріп келемін. Түркияға оқуға келгенімде бұл жерде босқындардың көп екенін көрдім. Олар күніне екі доллар үшін қара жұмыс істейді. Ол ақша тек нанға ғана жетеді. Тамақ үшін жұмыс істейтіндер де аз емес. Оларға деген қарым-қатынас немқұрайлы: еуропалықтар әр басқан қадамы сайын мигранттарды көріп үйреніп қалған және оларды кедей, сұрамсақтар ретінде қабылдайды. Алайда олар дәл біз сияқты адамдар, тек қиын кезеңде және соғыс өрті тұтанған жерде туған. Мен өзіме «Назгүл, сен оларға көмектесуің қажет. Журналист емес, адам ретінде. Сен оларға қалай көмектесу керек екендігін білесің, тек көмектес оларға» деп тіл қаттым. Осыған қатысты ақпаратты құлағына да елемей, өткізіп жіберетін қоғамның назарын оларға аудартқым келді» дейді Назгүл.

Бүгінгі таңда Назгүл Еуропадағы жергілікті агенттіктер үшін түркиялық тілші ретінде штаттан тыс журналист болып жұмыс істейді.