Бұл туралыҚарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қарағанды облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Төлеген Әшімов мәлімдеді. Биыл несиелік баспана бағдарламасы бойынша Қарағанды қаласында 10 үй, Жезқазған қаласында 18 пәтерлі 1 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс аумағында жалға беру шартымен тапсырылатын 12 үйдің құрылысы басталады.
Жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысына 10 млрд 480 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Сондай-ақ, Төлеген Әшімов Президент тапсырмасымен қабылданған «7-20-25» бағдарламасының аясында Қарағандыда облыстық бюджеттен тұрғын үй сертификаттары үшін 1 млрд теңге бөлінетінін атап өтті. Олар өңірдегі сұранысқа ие дәрігерлер мен мұғалімдерге және тәртіп сақшыларына беріледі деп жоспарланған. Яғни, шамамен алғанда 700 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Жеке тұрғын үй салуға ниет білдіргендер де инфрақұрылымдық тұрғыдан қамқорлықтан тыс қалмайды. Олар үшін инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысына (13 жоба) республикалық және облыстық бюджеттен 2 798,8 миллион теңге бөлінген.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды